Рамазан Досов: Валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтанғанын күту керек

4539

Валюта нарығындағы ауытқушылықпен алысып жатқан Ұлттық банк кеше 98,1 млн долларға интервенция жасады.

Рамазан Досов: Валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтанғанын күту керек

Қаржы реттеушісі Қазақстан қор биржасымен (KASE) бірлесіп, теңге-доллар жұбының сауда-саттық ережесін өзгертті. Осыған байланысты KASE алаңындағы сауда-саттық Франкфурт аукционы нысанында өтті.

Франкфурт аукционы тетігі аукционның түпкілікті бағасын айқындауға мүмкіндік береді. Осы аукционның негізінде мәмілелердің барынша жоғары ықтимал көлемі жасалады және негізсіз құбылмалылықтың алды алынады. Аукцион қорытындысында ұлттық валюта бағамы бір АҚШ доллары үшін 495 теңге деңгейінде қалыптасты. Яғни осыған дейін болжанған 500 теңге деген бағамға 5 теңге жетпей қалды. Ал доллар бірден 28,34 теңгеге қымбаттады.

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының аға сарапшысы Рамазан Досов inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында дәл қазір не істерін білмей жатқан азаматтарды сабырға шақырып, Ұлттық банк экономикадағы тиімді тәсілдерге жүгініп жатқанын жариялады.

"Қаржы реттеушісі шара қолданбай, барлығын сырттан бақылап отырса, қазіргі жағдайдың салдары ауыр болар еді. Ұлттық банк интервенция жүргізіп қана қоймай, теңгемен сақталған активтердің тартымдылығын арттыруға жағдай жасады. Бұл үшін "Теңгедегі салымдарды қорғау" бағдарламасын іске қосып, 2022 жылғы 23 ақпанға дейін теңгемен депозит ашқан азаматтарға келесі жылы шартта көрсетілген мөлшерлемеден бөлек, 10% қосымша сыйақы беретін болды. Базалық мөлшерлеме 13,5%-ға дейін көтерілді. Соңғы кездегі сын-тегеуріндердің сипатына сәйкес, дағдарысқа қарсы шаралар дер кезінде және жедел жүзеге асырылғанын атап өтуіміз керек. Ұлттық банк халықтың теңгеге деген сенімін сақтап, теңге бағамының ауытқуына байланысты дүрбелеңді басты", – деді Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының аға сарапшысы.

Рамазан Досовтың айтуынша, валюта бағамы тұрақсыз болып тұрған тұста ақша айырбастау пунктеріне жүгірудің қажеті жоқ. Асықпай, әліптің артын бағу қажет.

"Қазір валютаны қымбатқа сатып алып, кейін оны сол бағаға немесе одан жоғары бағаға өткізе алмай қалу қаупі бар. Шығысты шетел валютасымен өтеу міндеті болмаса, ең ақылға қонымды қадам кідіре тұру болады. Бұл – валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтанғанын күту керек деген сөз", – деді Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының өкілі.

Маманның мәлімдеуінше, Ресейге салынған санкциялар Қазақстанға әсер етпей қоймайды. Ресей экономикасындағы метаморфоздар импортқа кері әсерін тигізеді. Шағын және орта бизнесті тығырыққа тірейді.

"Естеріңізге салайын, 2021 жылы Қазақстан импортының 42%-ы Ресейге тиесілі болды. Соңғы оқиғаларға байланысты жеткізу тізбегінің бұзылатыны, бұрынғыдай болмайтыны, импорт бағасының өсетіні және жекелеген тауарлардың уақытша болса да тапшылығы туындайтыны айтпаса да түсінікті. Мұндайда отандық тауар өндірушілерге тиісті әрі қолайлы жағдай жасап, ішкі нарықты отандық тауармен қамтамасыз ету қажет. Бұл іс жедел атқарылуға тиіс. Сонда азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнбейді", – деп түйді ойын Рамазан Досов.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу