"Рассрочка" алып дәндеген қазақстандықтарға қиын тиетін жаңалық енгізілуде

539

Мемлекет осы арқылы халықтың несиеқұмарлығын ауыздықтауға ниетті.

"Рассрочка" алып дәндеген қазақстандықтарға қиын тиетін жаңалық енгізілуде Фото: canva

Бұқараның борышқа белшеден батуы жалғасып жатыр. Салаға жауапты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2025 жылғы қазандағы жағдай бойынша тек банктердің халыққа берген кредиттерінің көлемі 24 триллион теңгеге жетті.

Осылайша, қазақстандықтардың қарыздану қарқыны 2025 жылдың басынан 16,2%-ға күрт өскен. Соның ішінде, кредиттер құрылымында басым көпшілігін халықтың ешқандай кепілзатсыз, бірақ өте жоғары пайызбен алған тұтынушылық қарыздары құрайды: оның үлесі 16,2 трлн теңгеге дейін өсті. Ипотекалық кредиттер бір ай ішінде небары 1,3%-ға артып, 6,7 трлн теңге болды.

Осы орайда Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов өздерінің Үкіметпен және қаржылық реттеу агенттігімен бірлесіп, бөліп төлеу ("рассрочка") мен BNPL-сервистер нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін енгізгелі жатқанын мәлімдеген болатын. Жаңа қағидалар жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Дегенмен, банктер қазірден несие беруді қатайтып, біраз адамның тиісті өтінішін қанағаттандырудан бас тартуда. Өйткені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "тәуекелі жоғары" заемшыларды анықтау критерийлерінің тізбесін күрт кеңейтті. Тиісті қаулы агенттіктің сайтында орналастырылды.

Енді тәуекелі жоғары категорияға келесі жеке тұлғалар да жатқызылады:

Кредиттік тарихы 3 жылдан аз;

  • Соңғы жылда кредит бойынша 3 АЕК-тен жоғары сомадағы төлемді 30 күн бойы кешіктіріп төлеген;
  • 3 және одан көп қаржы ұйымдарында өтелмеген кредиттері бар;
  • Кредит бойынша төлеуге тиіс ай сайынғы төлемі ресми айлық табысының 45%-ынан асып түсетін;
  • Кредиттік тарихында теріс оқиға тіркелген;
  • Табысының көзін құжат жүзінде растай алмаған адамдарға несие берілмеуі мүмкін.

Қаржылық реттеу агенттігі халықтың қарыздық жүктемесін төмендету және тұтынушылық несиелендірудің өсуін шектеу жөнінде өзіне міндет жүктелгенін жеткізді. Оны орындау мақсатында банктердің тәуекелін басқарудың жаңа жүйесі ендіріліп жатыр. Тиісінше, кез келген адамның кез келген затты бөліп төлеумен ала беруі доғарылуы ықтимал.

Осының алдында, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов те осы салада тәртіп орнатуды тапсырған болатын.

"Мемлекет басшысы атап өткендей, тұтынушылық несие беру ісін тұрақтандыру бойынша батыл шаралар қабылдауымыз қажет. Банктер мен несие беру ұйымдары, сауда нүктелері тауар бағасындағы бөліп төлеудің, "рассрочканың" нақты құнын, сондай-ақ несиелеу кезіндегі барлық артық төлемді толық ашып көрсетуге тиіс", – деді Үкімет басшысы.

Әйтсе де, сарапшылар әкімшілік тетіктермен мәселе шешілмейтініне сенімді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сарапшыларының байламынша, бөліп төлеу кезінде артық төлемдер енді банктен тауардың өзінің бағасына көшіріле салады.

Бұл тәжірибе қазіргі кезде де қолданылады. "0% артық төлеу" деп жазылып тұрады. Алайда бөліп төлеуге сатылатын тауарлар алдын ала қымбаттатылады.

Сонымен бірге қауымдастық сарапшылары қандай да бір қымбат тауарды сатып алудың бұл схемасы елдегі қымбатшылық пен инфляцияға айтарлықтай серпін бермейтінін алға тартты. Олардың пікірінше, негізгі инфляциялық қысымды "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы аясында өсіп жатқан коммуналдық қызметтердің тарифтері, қызмет көрсету саласы көрсетеді.

Олар ай сайын 15,3%-дық қарқынмен өсуде. Инфляцияға сүбелі үлес қосу жөнінен екінші орында азық-түлік тауарлары тұр. Бөліп төлеудің негізгі нысаны – азық-түліктік емес тауарлар жылдық мәнде 10,8% қымбаттады. Бұл елдегі инфляцияның жалпы деңгейінен де төмен.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда жылдық мәнде инфляция қыркүйек айында – 12,9%, қазан айында – 12,6% болды.

Бірақ сарапшылар банктерден, несие беру ұйымдарынан және сауда нүктелерінен тауар бағасындағы "рассрочканың" нақты әрі толық құнын барлық артық төлемдерімен бірге толығымен ашып көрсетуді сұраған Үкімет басшысының сөзінің жөні бар екенін ескертті.

"Бөліп төлеу дегенде адамдар ең алдымен нақты бір тауар үшін кезең-кезеңмен қанша төлейтініне назар аударады, соны басшылыққа алады. "Ай сайын 45 мың теңге ғана ма? Мен мұны төлей аламын" дейді. Ал, егер бөліп төлеумен алса, ақыр соңында тауардың әлдеқайда қымбатқа түсетінін, артық төлеуі көп болатынын білсе, отбасылар сауда орындарында бөліп төлеуді оңды-солды рәсімдей беруге деген ұмтылысын іркуі мүмкін. Тұтынушылар ай сайынғы төлемге емес, ақырғы чекке бағдарланады", – деп түсіндірді сарапшылар.

Осы арқылы тұрмыстық техника, электроника, жиһаз, киім-кешек сияқты сегменттерде адамдардың қажетсіз, импульсивті сатып алуларын азайтуға болады.

Бұған қоса, қауымдастық өкілдерінің тұжырымдауынша, бөліп төлеуді шектеу бәсекелестікті күшейтеді. Өйткені "нөлдік төлем" деген пиары арқасында қымбат тауарлар сапалы әрі арзандау баламаларының өзін жеңіп, жолда қалдырып жатыр. Себебі көптеген қазақстандық қай арзанын емес, бөліп төлеумен сатылатынын іздейді.

"Балаларым мерейтойыма кофемашина сыйлады. Арзанқол дүние сыйлағаны ма деп ренжіңкіреп, Республика даңғылындағы ірі тұрмыстық дүкенге кіріп, бағасын сұрастырдым. Құнын айтқанда, шалқамнан түсе жаздадым. 600 мың теңгеге жуық! Анда-санда ішкенім болмаса, сонша кофеман емеспін. Қолдан қайнатып, өзім дайындай аламын. Содан: "Мұның түкке қажеті жоқ, неге алдыңдар?!" деп балаларыма ұрысайын. "Рассрочкамен" сатылғанына қызығыпты. Дүкендегілер бұлай сатып алынған техниканы кері алмаймыз деді. Қасында функциялары дәл сондай аппарат жеңілдікпен екі есе арзанға сатылып жатыр", – дейді елордалық зейнеткер Болат ағай.

Қалай болғанда, Үкімет осындай шаралардан кейін тұтынушылардың мінез-құлқы өзгереді – халық тауардың ақырғы сомасын бағамдап, не арзандау брендін сатып алады, немесе сатып алуды кейінге қалдырады деп күтеді.

Нәтижесінде, қазақстандықтар аса үлкен мұқтаждық жоқ соңғы модельдегі смартфон, жаңа теледидар, қымбат тұрмыстық техника және басқа "ұзақ мерзімді пайдаланылатын азық-түліктік емес тауарларды" бөліп төлеумен жаппай сатып алып, инфляцияға қысым жасауын азайтар еді.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сауда желілерінен әрбір тауардың бағасының 2 нұсқасын көрсету талап етіліп отырғанына назар аудартты: толық ақысын төлеп сатып алатындарға және бөліп төлеумен алатындарға арналған түрлі баға болады.

Бірақ бұл талаптың сақталуы қалай бақыланатыны белгісіз. Егер, мысалы, тұрмыстық техника дүкені бір ғана бағаны жазып қойса, алайда оларды басқа бағамен "рассрочкаға" берсе не болады? Қолданыстағы заңнамада жаза қарастырылмаған.

"Бөліп төлеуге қатысты жаңа талаптардың инфляцияға қандай да бір елеулі жүктемесі болмауға тиіс. Бұл шаралар бағалардың өсуіне де көп әсер етпеуі мүмкін. Тек бағалар бойынша сауда ұйымдары мен бақылаушы органдар арасында проблема туындатуы ықтимал", – деп санайды қауымдастық сарапшылары.

Осы саланы ретке келтіру бағытында халықаралық тәжірибе ескерілгені жөн. Мысалға, Еуроодақ онлайн заемдар мен бөліп төлеуді қамтитын тұтынушылық кредит туралы жаңартылған директиваны (CCD2) қабылдады. Оған сәйкес, "кредиттің толық құнына" пайыздар, комиссиялар, салықтар мен кез келген міндетті төлемдер кіреді.

Жаңа жағдайда әлеуметтік осал санаттағы қазақстандықтар тұрмыстық техниканы бөліп төлеумен ала алмайды. Өйткені олардың табысы күнделікті тірлікте бірінші қажеттіліктегі тауарларды сатып алудан артылмайды, сондай-ақ олар керекті көлемдегі табыс көзін растауға қабілетсіз. Бұл туралы Atameken Business телеарнасына сұхбатында Halyk Finance талдамалық орталығының басшысы Мадина Кабжалялова мәлім етті.

"Бұл іске өте сақтықпен келген жөн. Өйткені мұндай несиені негізінен әлеуметтік аз қамтылған халық тұтынса керек. Олар енді мәселен, тұрмыстық техниканы сатып ала алмай қалуы ғажап емес. Біздің бәріміз оны бөліп төлеумен сатып алуға үйреніп қалдық, ол үшін табысты растау да талап етілмейтін. Яғни, бұл шектеулер бірінші кезекте бейресми жұмыс істейтіндерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қиын тиюі ықтимал. Олардың саны 2 миллионнан асады және табыстары да көп емес", – деді сарапшы.

Мадина Кабжалялованың пікірінше, бұл тұтынушылық несиелендіру нарығының "салқындауына" әкеледі, себебі, мақұлданған өтініштер саны әлдеқайда азаяды. Банктер, несиелендіру ұйымдары әлеуметтік осал отбасылардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, тым көп кредиті барлардың, табысы және тұрмысы төмен азаматтардың, яғни, бөліп төлеуді ең көп пайдаланатындардың өтініштерін қанағаттандырудан көбіне бас тартуға мәжбүр болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу