Расул Рысмамбетов: Үкімет халықтың белгілі бір тобына жеңілдік жасауы мүмкін

5353

Қазақстан үшін әлемдік мұнайдың қазіргі бағасы тиімді болып тұр. Бұл туралы экономист Расул Рысмамбетов inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Расул Рысмамбетов: Үкімет халықтың белгілі бір тобына жеңілдік жасауы мүмкін

– Валюта айырбастау пункттерінде доллар тапшы болып жатыр. Бұл ненің белгісі?

Президенттің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық банк 10 қаңтарда екінші деңгейлі банктер мен уәкілетті ұйымдардың ақша айырбастау орындарының қызметін уақытша тоқтатты. 12 қаңтардан бастап Қазақстан қор биржасының валюта алаңында сауда-саттық, екінші деңгейлі банктердің және банктік емес айырбастау пункттерінің валюталық айырбастау операциясы, сонымен қатар халықаралық төлемдер мен аударымдар қайта жанданды. Осы уақыт аралығында валюта айырбастау пункттерінің қызметінде іркіліс болды.

Валюта айырбастау пункттері доллар сатпаса немесе сатып алмаса жұрт бірден теңгенің құнсыздануы туралы ойлай бастайды. Өз басым биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ұлттық валютаның әлсіреуіне негіз жоқ деп санаймын. Теңге бағамы жағымды және жағымсыз экономикалық көрсеткішке қарай құбылады. Біздің ел шикізаттық экономикаға тәуелді болғандықтан ұлттық валютамыздың бағамы мұнай мен газдың және металдың котировкасына қарай өзгереді. Қазір әлем бойынша мұнайдың баррелі 84 доллар болып тұр. Бұл – Қазақстан үшін тиімді баға.

– Қалай ойлайсыз, бізге шикізатқа тәуелді экономикадан құтылатын күн келе ме?

– Бұған шамамен 5 жыл уақыт керек. Жаңадан жасақталған үкімет Президенттің тапсырмасын мүлтіксіз орындаса, экономиканың қазіргі моделінен құтыламыз.

– Жыл басында әдеттегідей зейнетақы, шәкіртақы, әлеуметтік жәрдемақы және бюджет қызметкерлерінің жалақысы өсті. Ал жалпы халықтың айлығы өзгерген жоқ. Неге үнемі осылай?

Мемлекет жеке компанияларда жұмыс істейтін адамдардың жалақысын өсіре алмайды. Жалақы өсіруді жұмыс беруші шешуге тиіс. Бизнес иелері өз қызметкерлері осыған дейін алған жалақыға алаңсыз өмір сүре алмайтынын түсінуге тиіс. Бұл жерде "түсіну" дегенді айлық өсіру деген сөздің синонимі деп қабылдау керек. Қазір қай жерде, қай салада болмасын адамдардың жалақысын өсіру маңызды.

– Президент мұнай өнімдері мен азық-түлік тауарының бағасына 180 күн мемлекеттік реттеу енгізді және коммуналдық тарифті көтеруге жарты жыл мораторий жариялады. Белгіленген мерзім аяқталған соң не болады?

– Жеке дүкендер азық-түлік бағасына қалаған бағаны қоя алады. Жергілікті жердегі атқарушы билік баға саясатын реттей ала ма, алмай ма, белгісіз. Жанар-жағармайға келетін болсақ, елде бензиннің бір литрі нақты қанша теңге тұруға тиіс екенін анықтау қажет. Қазір 100-ге жуық компанияға бағалық келісім жасады деген айып тағылып, тергеу жүріп жатыр. Үкімет бағаны күрт көтеруге болмайтынын түсініп отыр. Қалай десекте, өсім болады. Қымбатшылықтың қыспағында қалдырмау үшін үкімет халықтың белгілі бір тобына жеңілдік жасауы мүмкін.

– Қазақстан Президенті үкімет мүшелерінің, әкімдердің және депутаттардың жалақысын көтеруге 5 жыл мораторий жариялады. Қырғызстан Президенті Парламент депутаттарының жалақысын қысқартып тастады. Қай шешім дұрыс деп ойлайсыз?

– Бес жыл мораторий аз мерзім емес. Менің ойымша, Қырғызстанның тәжірибесі тиімді болмайды. Cебебі қабылданған шара жемқорлыққа бастауы мүмкін.

Сұхбаттасқан Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу