RBK жеке тұлғаларға төлем жасауды жыл соңына дейін қолға алмақ

20200

Ұлттық банк "Bank RBK"-ның жұмысын осы жылдың соңына дейін тұрақтандыруды көздеп отыр.

RBK жеке тұлғаларға төлем жасауды жыл соңына дейін қолға алмақ

RBK жыл соңына дейін жеке тұлғаларға төлемдерді жандандыруы мүмкін. Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Олег Смоляков мәлімдегендей, жақын уақытта банкке ақша құйылып, қаржылық лимиттер біртіндеп алынып тасталмақ.

"Бекітілген шектелмелі келісім акционерлер тарапынан қаржының біртіндеп құйылуын талап етеді. "Bank RBK" өтініштері мақұлданған соң бірнеше транш есебінен басқа банктердегідей бағынышты несие қаржысын беретін боламыз. Біздің болжамға сәйкес, бұл үдерістердің бәрі осы жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс. Банк жеке тұлғалардың қаржыларын пайдалану лимитін біртіндеп алып тастайтын болады. Банктің өзі көздеп отырғандай, ең алдымен халықтың әлеуметтік осал топтары (бұл – студенттер, жалақы алушылар, кредиттік картамен жұмыс), содан соң кредиторлар мен салымшыларға төлем жасалады", – деді бейсенбі күні сенатта журналистерге сұхбат берген ол.

"Негізгі қаржы ағыны алдағы екі-үш айдың ішінде жүргізіледі деп болжап отырмыз. Бұл мерзім банктің жұмысын тұрақтандыруға жеткілікті", – деді Олег Смоляков.

Сондай-ақ ол "Bank RBK"-ның 600 млрд теңге көлеміндегі проблемалық активтерін қайтарудың болжалды мерзімін атады. Еске сала кетейік, проблемалық активтер арнайы құрылымға берілген болатын.

"Аталған қоржынмен жұмыс істеуден түсетін барлық қаржы ірі кредиторларға қатысты шығарылған арнайы берешектерді өтеуге жұмсалады. Банк жүйесінде кездесетін тәжірибеге сүйенсек, мұндай кредиттер негізінен кепілдіксіз болғандықтан, негізгі көлем бес жылға дейін қайтарылады деп болжап отырмыз", – деді Ұлттық банктің өкілі.

Еске сала кетейік, 7 қарашада үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, "Bank RBK"-ны сауықтыру жөнінде шешім қабылдады. 600 млрд теңге көлеміндегі проблемалық қоржын арнайы ұйымға берілетіні анықталды. Инвестор болғалы отырған "Қазақмыс" банктің капиталын толықтыру үшін 160 млрд теңге құймақшы.

"Bank RBK" активтер көлемі жағынан Қазақстандағы банктер арасында тоғызыншы орында тұр. Қазақстан қор биржасының 2017 жылдың 1 қазанындағы мәліметі бойынша, банктің ең ірі акционерлерінің бірі – "Инвест-Қор" ЖШС (20,47%). Бұл серіктестік "ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының қорына" тиесілі. Ал екінші ірі акционер – Фарид Лихудзяев. Ол банк акцияларының 10,24%-на ие. 1 қыркүйекте банктің жалпы міндеттемелері 920 млрд теңгені құраған. Оның 588 млрд теңгесі – жеке және заңды тұлғалардың салымдары. Ал қалған кредиторлардың үлесі төмендегідей: ҚР Ұлттық банкі – 150,7 млрд теңге, "БЖЗҚ" АҚ – 49 млрд теңге, "Даму" кәсіпкерлерікті дамыту қоры – 13 млрд теңге, Қазақстанның даму банкі – 10,7 млрд теңге, Аграрлық несие корпорациясы – 10,4 млрд теңге.

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу