"Реалдың" қақпашысы Тибо Куртуа жарақатына байланысты 1,5 айға алаңнан тыс қалады. Куртуа ауырсынуды Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы "Манчестер Сити" командасына қарсы (2:1) қарымта матч алдында, дене қыздыру кезінде-ақ сезген. Ол бұл туралы дәрігерлерге хабарлағанымен, тексерістен кейін алаңға шығуға шешім қабылдаған.
Үзілісте "Реал" қақпашыны алмастырды. Оның орнына алаңға Андрей Лунин шықты. Тексеру нәтижесінде Куртуа оң аяғының бұлшықет жарақатын алғаны анықталды.
Куртуаның Ла Лиганың 29-туры аясындағы "Атлетикоға" қарсы дербиге қатысуы іс жүзінде мүмкін емес. Қазір дәрігерлер жарақаттың қаншалықты ауыр екенін нақтылап жатыр. Егер жарақат ауыр болса, қақпашы Чемпиондар лигасының 7 және 15 сәуір күндері өтетін "Бавария" командасына қарсы 1/4 финал матчтарына да қатыса алмайды.