Редакция алқасы Қазақстан тарихы жөніндегі академиялық басылымның бірінші томын қарады

197

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты академиялық 7 томдықты дайындау жөніндегі редакция алқасының алғашқы отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Редакция алқасы Қазақстан тарихы жөніндегі академиялық басылымның бірінші томын қарады Фото: aqorda.kz

Редакция алқасының алдында тұрған басты міндет – көптомдықтың мәтін материалдарын, карталары мен иллюстрацияларын түпкілікті сараптау және бекіту, сондай-ақ оны беттеуге, баспаға дайындау.

Басқосуда басылымның көне дәуірге арналған бірінші томы қарастырылды.

Алқа мүшелері академиялық басылымның бірінші томының жетекшісі, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлының баяндамасын тыңдап, ұсынылған материалдың тұжырымдамасын, мазмұны мен құрылымын талқылады.

Жиында рецензентшілер Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Таймағамбетовтың, тарих ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университетіне қарасты Ә.Х. Марғұлан атындағы Археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Виктор Мерцтің, Ш.Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Нұрсан Әлімбайдың сарапшылық пікірлері тыңдалды.

Сондай-ақ, редакция алқасының басқа да мүшелерінің ой-пікірлері ортаға салынды.

Редакция алқасының келесі отырысы тамыз айында өтеді. Онда "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты академиялық басылымның екінші томы талқыланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу