Редакция алқасы Қазақстан тарихының Алтын Ордаға арналған үшінші томын бекітті

264

Келер жылы елімізде Алтын Орда мұрасын зерделеуге арналған халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр.

Редакция алқасы Қазақстан тарихының Алтын Ордаға арналған үшінші томын бекітті Фото: aqorda.kz

Алматыда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен "Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін" атты 7 томдық академиялық басылымды әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Редакция алқасы жалпы дауыс беру арқылы баспаға дайындау үшін басылымның 3-ші томының қолжазбасын бекіту туралы шешім қабылдады.

Осы жұмысты қорытындылаған Мемлекеттік кеңесші отандық тарих ғылымындағы Алтын Орда тақырыбының маңызына тоқталды.

"Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жылы Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты құрылды. Келер жылы елімізде Алтын Орда мұрасын зерделеуге арналған халықаралық конференция өткізу жоспарланып отыр. Бүгін Қазақстан тарихының Алтын Орда дәуіріне арналған жеке академиялық томын бекіттік. Түптеп келгенде, осының бәрі Қазақстанда Алтын Орданы зерделеу жөнінде арнайы ғылыми-тарихи мектеп қалыптасып жатқанын айғақтайды", – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, жиында 7 томдық еңбектің 4-ші томының мазмұны талқыланды.

Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы Тарихи материалдарды зерттеу республикалық ақпараттық орталығының директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Меруерт Әбусейітова және томның үйлестірушісі, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Қабылдинов басылымның тұжырымдамасы, мазмұны және құрылымы туралы баяндама жасап, "Қазақ хандығы" деп аталатын төртінші томның ерекшеліктері мен жаңалығын атап өтті.

Сонымен қатар, Парламент депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің, тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Күлгазира Балтабаеваның, "Қазақ тарихи қоғамының" басқарма төрағасы Радик Темірғалиевтің рецензиялары тыңдалды.

Мәмбет Қойгелдиев, Айдос Сарым, Оразақ Смағұлов, Ханкелді Әбжанов, Михаил Акулов, Кенжехан Матыжанов, Бүркітбай Аяған, Галина Ксенжик, Жақсылық Сәбитов, Берекет Кәрібаев, Дихан Қамзабекұлы, Сәбит Шілдебай, Мұрат Әбдіров секілді редакция алқасының басқа да мүшелері өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында редакция алқасы 4-ші томды жетілдіру жұмысын жалғастырып, келесі отырыста қарастыру жөнінде шешім қабылдады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу