Референдум. Ата заңға енгізілетін негізгі түзетулер қандай?

4387

Конституцияның 33 бабына 56 өзгеріс енгізіледі. 

Референдум. Ата заңға енгізілетін негізгі түзетулер қандай?

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова референдум аясында Ата заңға нақты қандай түзетулер енгізілетінін түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен министрдің орынбасары Президенттің лауазымына байланысты енгізілетін шектеулерге тоқталды.

"Біріншіден, Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу;

Екіншіден, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болуына шектеу қою.

Үшіншіден, бұдан әрі Президенттің өңірлер әкімдерінің актілерінің күшін жою және тоқтата тұру, аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің әкімдерін босату құқығы алынып тасталады.

Бұл Президенттің өкілеттіктері қысқарып жатқанын, "супер-президенттік басқару үлгісінен" бас тартуды білдіреді", - деді вице-министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

 

"Бұрынғы президенттер Конституциялық кеңестің құрамында болмайды"

Оның айтуынша, Конституциядан Тұңғыш Президент мәртебесіне байланысты барлық норманы алып тастау көзделіп отыр.

"1) Бірінші Президентке 2 реттен артық сайлану мүмкіндігін;

2) оның қызметін жекелеген Конституциялық заңмен реттеу;

3) Тұңғыш Президент іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің және және оның мәртебесінің өзгермеуімен байланысты 3 норма алынып тасталады.

Сондай-ақ экс-президенттердің Конституциялық кеңесте болу құқығы алынып тасталады", - деді министрдің орынбасары.

Алма Мұқанова Ата заңға "жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау" деп жазылғалы отырғанын жеткізді.

"Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Бұл аталған ресурстардың кімге тиесілі екендігі мәселесінде соңғы нүктені қояды. Мемлекеттік институттар тек халықтың атынан осы ресурстарды басқарады. Бұл жерге жеке меншік режиміне ешқандай жағдайда әсер етпейтінін ескеру қажет, яғни жеке меншіктегі жер одан әрі жеке меншікте болады...", - деді вице-министр.

Сондай-ақ ол Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы мен мүшелері саяси партияда, кәсіподақтарда болуға және қандай да бір партияны қолдауға тыйым салу ұсынылып отырғанын атап өтті.

Өлім жазасы

Алма Мұқанова Ата заңға енгізілетін өзгерістерді халық қолдаса, елде өлім жазасы жойылатынын айтты.

"Қылмыстық кодексте өлім жазасын жазалау шарасы ретінде қолдануға мүмкіндік беретін 17 құрам бар болатын. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда өлім жазасына 2003 жылдан бастап мораторий қолданылған. 2021 жылы Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялады. Осылайша өлім жазасынан бас тарту туралы ниетін растады. Енді бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешіледі", - деді басшы.

 

Оның пікірінше, мәжіліс алдында жылына 2 рет республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп беретін жоғары аудиторлық палата құру, әрі құқық қорғау институттарын күшейту көзделеді.

"Бас прокурордың мәртебесі Конституцияда бекітіледі"

"Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және заңдылықты жоғары қадағалауды жүзеге асыратын Бас прокурордың мәртебесі Конституцияда бекітіледі, кейін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл және Прокуратура туралы тиісті конституциялық заңдар қабылданады", - деді вице-министр.

Конституциялық сот

Сонымен қатар министрдің орынбасары қоғамның назарын тыс қалған бірқатар түзетуге тоқталды.

"Конституциялық соттың құрылуы. Бүгінде Конституциялық кеңес Президенттің, премьер-министрдің, парламент депутаттарының және соттардың өтініштерін ғана қарастырады. Енді адам құқықтары жөніндегі уәкілге, бас прокурорға және ең бастысы азаматтарға Конституциялық сотқа жүгіну құқығын беру ұсынылады... Конституциялық сот – мемлекеттің конституциялық негіздері мен адамның конституциялық құқықтарын қорғауға арналған әлемге әйгілі модель. Конституциялық сот актіні, оның ішінде сот шешімін шығаруға негіз болған заңды қайта қарауға құқылы болады", - деді Алма Мұқанова.

"Мәжілісте 98 депутат болады"

Оның айтуынша, мәжілістегі депутаттар саны қысқарады.

"Парламенттің қалыптасу моделін және жалпы сайлау жүйесін өзгерту. Қазір сенатты мәслихаттар сайлаған депутаттар (әр өңірден екіден) және Президент тағайындаған 15 депутат (34+15=49) құрайды. Жоба Президент квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартуды ұсынады, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады (40+10=50), ал мәжіліс депутаттары (барлығы 107 депутат) қазір тек саяси партиялар арқылы және Ассамблеядан сайланады. Ассамблеяның квотасын – 9 депутаттық мандатты алып тастау ұсынылады, яғни Мәжілісте 98 депутат болады. Бұл 98 депутат аралас жүйе бойынша сайланады: депутаттардың бір бөлігі партиялық тізімдер арқылы, екінші бөлігі кандидатты халықтың тікелей сайлауы арқылы сайланады", - деді министрдің орынбасары.

 

"Енді заңдарды Мәжіліс қабылдайды"

Сондай-ақ заңдарды қабылдау жүйесі де өзгереді.

"Қазір заңдар заң жобаларын алдымен мәжілісте, кейін сенатта дәйекті қарау арқылы қабылданады. Енді заңдарды қабылдау мәжіліске беру ұсынылады, ал сенат қабылданған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығына ие болады. Бұл ретте Конституциялық заңдарды Мәжіліс пен Сенат бірлесіп қабылдайды. Мұндай модель заңдарды қабылдау тәртібін едәуір жеңілдетеді және депутаттарды сайлаудың жоғарыда аталған аралас моделін ескере отырып, заңдарды қабылдау кезінде көзқарастар бәсекелестігін арттырады", - деді вице-министр.

Сонымен қатар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту көзделіп отыр.

"Қазір облыс әкімдерін Президент тағайындайды. Жергілікті деңгейде әкімдерді сайлау институты кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Былтыр ауылдар мен кенттер әкімдерін сайлау өткізілді, 2025 жылдан бастап облыстық маңызы бар аудандар мен қалалар әкімдерін сайлау өткізіледі. Облыс деңгейінде әкімдердің кандидатураларын мәслихаттармен келісу ұсынылады, яғни аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың барлығын қоса алғанда, барлық мәслихат ұсынылған кандидатуралардың ішінен әкімді таңдайды. Олар келіспеуі мүмкін. Іс жүзінде бұл да Президентінің қазіргі өкілеттігін қысқарту болып саналады", - деді Алма Мұқанова.

 

Айта кетейік, биыл 5 маусымда Қазақстанда Конституцияға өзгеріс енгізу жөнінде референдум өтеді.

Егер 11 қаладағы (17 өңірдің үштен екісі 11 өңірді құрайды) халықтың көпшілігі "жақтап" дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептеледі, ал бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбайды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу