Ресей әлемге вакцина жеткізу уәдесін орындай алмай отыр

2774

РФ 1 миллиард дозаның 48 миллионын ғана экспорттады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы "Sputnik V" екпесін мақұлдау процедурасын тоқтатып, оны қашан бекітетінін айта алмады.

Ресей әлемге вакцина жеткізу уәдесін орындай алмай отыр

Латын Америкасынан бастап Таяу Шығысқа дейінгі аралықтағы дамушы елдерде миллиондаған адам "Sputnik V"-дің жаңа дозасын тағатсыздана күтіп отыр. Зерттеулерге қарағанда, Ресей уәде еткен 1 миллиард дозаның 4,8%-ын ғана экспорттаған. Дегенмен осы вакцинаға қыруар қаражат салған Ресейдің мемлекеттік қорының басшысы сәрсенбі күні мәлімдегендей, әлемге екпе жеткізу мәселесі шешіліп қойды.

50 жастан асқан адамдарға "Sputnik" вакцинасын тағайындаған Венесуэла 2020 жылдың желтоқсанында 10 миллион дозаға тапсырыс беріп, соның 4 миллионын ғана алды. Батыс жарты шарда "Sputnik"-ті бірінші болып қабылдаған Аргентина болса, ресейлік иньекцияның алғашқы партиясын былтыр желтоқсанның 25-де жеткізгенімен, 20 миллион дозаның әлі миллиондаған данасын күтіп отыр. Осыған байланысты, мұнда қоғамның үкіметке өзге фармацевтикалық компаниялармен келісімшарт жасау туралы талабы мен қысымы күшейіп келеді.

2020 жылдың тамызында пайда болып, Ресейдің ғылымдағы ерлігін бейнелейтін әлемдегі бірінші жерсеріктің құрметімен аталған "Sputnik V" жер шарының 70-ке жуық елінде мақұлданған. Жыл басында Ресей мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Батыстың бақуатты елдері екпелерін өздері үшін сақтап жатқанда, "Спутниктің" "әлемді жаулап алғаны" туралы салтанатты репортаждар берді.

 "Бұл қаладағы жалғыз ойынға ұқсас еді. Бірақ, кейіннен Ресейдің пандемиядан құтқарушы ретіндегі мүмкіндіктернің терезесі жабылды", – дейді Вирджиния Достастық Университетінің жаһандық денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі профессоры Джуди Твигг "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

COVID-19-ға қарсы өзге вакциналардан айырмашылығы сол, "Sputnik"-тің бірінші және екінші дозалары әртүрлі және олар бір-бірін алмастырмайды. Ресейде, әсіресе, екінші компонентті шығару кезінде өндірістік қиындықтар туындады деген мәлімет бар.

"Sputnik" – иммундық жүйені ынталандыруға арналған генетикалық материалға ие зиянсыз вирусты қолдану арқылы жасалған вакцина. Өндірушілер бұл екпені тұрақты шығарып отыруға кепілдік бере алмайды. Себебі оған қажетті биологиялық ингредиенттермен жұмыс істеу оңай емес екен.

Орындалмаған уәде

Биологиялық ғылым саласындағы деректерді сараптаумен айналысатын "Airfinity" аналитикалық фирмасының мәліметінше, "Sputnik V"-дің шамамен 1 миллиард дозасына 62 ел тапсырыс берген. Әзірге соның тек 48 миллион дозасы экспортталыпты. 

Дегенмен "Спутиникті" қаржыландырып, сатып, әлемнің 14 еліндегі 25 өндіріс алаңында шығарумен айналысатын Ресей тікелей инвестициялар қорының мәлімдеуінше, "тамыз және қыркүйек айларында өндірістің қарқыны артып, қазір "Sputnik V"-ді жеткізу контрактілері толық орындалып жатыр".

"Әлемде вакцина жеткізу бойынша проблемасы жоқ бірде-бір екпе жасаушы компанияны кездестірмейсіз", – дейді осы Қордың бас директоры Кирилл Дмитриев кешігуді ақтап алу ниетімен.

Айта кетсек, Батыс негізінен АҚШ пен Еуропада өндірілген "Pfizer-BioNTech", "Moderna" және "AstraZeneca" сияқты вакциналарға арқа сүйесе, көптеген дамушы елдер Қытай мен Ресейде жасалған қарапайым вакциналарды импорттауға тырысып жатыр.

Бейсенбіде Иран "Sputnik" вакциналарының 14-ші партиясын алды. Осылайша, Ислам Республикасына уәде етілген 60 миллионның 1,77 миллион дозасы ғана жеткізіліп отыр. Сондықтан болар өткен айда елдің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Әлиреза Раиси Ресейден келесі партияның қашан жететінінің белгісіздігін айтып, бірінші дозаны алғандарды "AstraZeneca"-ны екінші компонент ретінде қабылдауға шақырды.

Осыған ұқсас проблема Түркияда да туындап отыр. Бұл мемлекет сәуір айында 50 миллион дозаға тапсырыс берген еді. Ол вакциналардың алты ай ішінде жеткізілетіні туралы хабар тарады. Бірақ маусымдағы жағдай бойынша Түркияға "Спутниктің" 400 000 дозасы ғана барған. Ал екінші компонент әлі келмегендіктен, түрік үкіметі халықты ресейлік екпемен вакциналауға кіріспей отыр.

Үндістанға "Sputnik V"-дің екі дозалық 125 миллион жиынтығы уәде етілген еді. Бірақ қазанның 6-на дейін Ресей соның 1 миллионға жетпейтін бөлігін ғана экспорттады.

Аргентина мен Венесуэлада "Sputnik"-тің кешігуі кейбір адамдарды екінші доза үшін басқа вакцина алуға итермеледі. Алайда ғалымдар мұндай араластыру мен сәйкестендірудің әсерін толық зерттеп болған жоқ.

Дегенмен Джонс Хопкинс университетінің қоғамдық денсаулық сақтау және адам құқықтары жөніндегі профессоры, доктор Крис Бейрердің ойынша, "бір доза жоқтан тәуір және "Sputnik"-тен бастаған елдер кешіктіруге душар болып екінші дозаны ала алмаса, басқа вакциналарды қарастырулары керек".

"Sputnik V" қашан мақұлданады?

Бұл сауалға Ресей мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жауаптары әртүрлі. Дмитриевке сенсек, "Спутник" алдағы екі айда мақұлданып қалуы тиіс. Себебі ресейлік екпенің жүздеген миллион данасын БҰҰ-ның COVAX бағдарламасы аясында дамушы әлемге тарату үшін ДДСҰ-ның мөрі қажет. Бірақ осы ДДСҰ бас директорының денсаулыққа арналған тауарлар жөніндегі орынбасары Мариангела Симаоның мәлімдеуінше, "Sputnik V"-ді бекіту процесі қазір тоқтап тұр. Және де заңдық мәселелер шешілгенше, бұл істің қашан жанданатын айту қиын.

Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі болса, "Sputnik V"-ді жедел мақұлдау процедурасына наурызда кірісті. Ол қазір Ресейден "маңызды деректерді" күтіп отыр. Агенттіктің вакцина жөніндегі стратегия бөлімінің жетекшісі Марко Кавалеридің айтуынша, "Спутникті" мақұлдау мерзімі бүгінге белгісіз және де осы мәселеге қатысты шешім жыл соңына дейін қабылданып қалуы мүмкін.

Тәулігіне мың құрбан

Сенбі күні Ресейде COVID-19-дан күнделікті өлім саны бірінші рет 1000-нан асты. Бұл – пандемияның басынан бергі ең жоғарғы көрсеткіш.

Федерация үкіметі лотереялармен, бонустармен және басқа да ынталандырулармен вакциналау науқанын тездетуге тырысып жатыр. Бірақ кең таралған вакциналық скептицизм мен шенеуніктердің бір-біріне қарама-қайшы сөздері бұл әрекетті тежеп отыр. Ресми статистикаға жүгінсек, 43 миллиондай ресейлік немесе 146 миллионға жуық халықтың 29 пайызы ғана толық вакциналанған.

Құрбандардың көбеюіне қарамастан, Кремль экономикаға қатты зиян келтіріп, Президент Владимир Путиннің беделін түсірген былтырғы пандемия кезіндегідей жалпыұлттық карантин жариялауға тәуекел етпей отыр. Мәскеудегі билік биыл коронавирустық шектеулерді қолдану құқығын аймақтық басшыларға тапсырған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу