Ресей "Байқоңырмен" таяуда қоштасуы мүмкін

240

2026 жылдан кейін "Байқоңырдан" "Протон-М" зымырандарын ұшыруды жалғастыру мәселесі шешілмей қалды.

Ресей "Байқоңырмен" таяуда қоштасуы мүмкін Фото: livescience.com

Ресейлік медианың хабарлауынша, РФ космонавтикасы өз тарихындағы күрделі кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатыр.

"Уикипедия" дерегінше, ұшырылым саны бойынша Жаңа Зеландия Ресейді қуып жетіп, тіпті әліпбидегі реті бойынша алға озды: 2025 жылы екі ел де 17 рет зымыран ұшырған. Салыстырсақ, әлемдік лидер АҚШ РФ-ты он орап алды: былтыр 176 ұшырылымды жүзеге асырған, ал екінші орындағы Қытайда – 92.

2026 жылы Ресей одан әрі төмен түседі деп тұспалданып отыр. Бұған Байқоңырдағы №31 алаңның старттық үстеліндегі апат ықпал етті. 2025 жылғы 27 қарашада "Союз МС-28" ғарыш кемесінің экипажын ғарышқа алып ұшқан "Союз-2.1а" зымыран тасығышы аспанға көтеріле жөнелгенде, қозғалтқыш қондырғылары орналасқан қызмет көрсету кабинасы кенеттен быт-шыты шықты. Енді ол толығымен ауыстырылып, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл жайт 2026 жылға арналған Ресейдің зымыран ұшыру кестесін бұзды, жақындағы ұшырылымдардың кейінге шегерілуіне соқтырды.

2025 жылғы желтоқсанның ортасында Байқоңыр ғарыш айлағына 18 алып жүк көлігіне тиелген, қызмет көрсету кабинасын қалпына келтіруге арналған толық жиынтық жеткізілді. Жұмысқа "Роскосмос" кәсіпорындарының 130-дан астам қызметкері тартылған, олар екі ауысымда – таңғы сегізден түн ортасына дейін еңбек етуде.

Алайда бұл да жеткіліксіз болып шықты. "Ғарышкерлерді ұшыру бағдарламасы жалғасады", – деп суық мәлімдеді "Роскосмос" өкілдері. Бірақ Байқоңырдан ғарышкерлердің келесі ұшырылымы тек 2026 жылдың қысының соңына жоспарланған. Әрі ысырылып, 2027 жылға қалуы да ғажап емес.

Осы жағдай аясында 2026 жылдан кейін Байқоңырдан "Протон-М" зымыран тасығыштарын (ЗТ) ұшыру мәселесі ашық күйінде қалып тұр. Бұл мәселе Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының келесі отырыстарының күн тәртібіне шығарылады. "Протондарды" пайдаланудың мерзімін ұзарту жөнінде түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ және одан әрі талқылана береді, деп хабарлады "Власть" басылымының сұрауына жауап берген ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің аэроғарыш комитеті.

Ведомство 2024 және 2025 жылдары Байқоңырдан "Протондар" бірде-бір рет ұшпағанын еске салды. Себептері белгілі: ауыр ЗТ-ны толтыратын пайдалы жүк болмаған, техникадан ақау табылған.

"Жалпы, "Роскосмос" мемкорпорациясының мәліметінше, бүгінгі күні Ресейде дайындық деңгейі әртүрлі сатыдағы небәрі он “Протон-М” зымыран тасығышы ғана бар. Бұл типтегі зымырандарды әрі қарай жасау жоспарланбаған", – деп қосты комитет.

2014 жылы бірқатар апаттардан кейін, қоғамдық пікір мен экологиялық тәуекелдер ескеріле отырып, Қазақстан мен Ресей “Протон-М” ұшырылымдарын кезең-кезеңімен қысқарту жөнінде уағдаласқан еді. 2016 жылы тараптар жылына 5 ұшырылыммен шектеуге, ал 2026 жылға қарай бұл зымыран тасығышты пайдалануды толық тоқтатуға келісті. “Протон” – 1960 жылдары әзірленген ауыр зымыран, ол отын ретінде экологиялық тұрғыдан қолайсыз деп саналатын гептилді қолданады. Бұл зымыран әлемде тек Байқоңырдан ұшырылады.

Соған қарамастан, Қазақстан Үкіметі 2026 жылдан кейін де Байқоңырдан “Протон-М” зымыран тасығыштарын ұшыру мүмкіндігін сақтауға мүдделі. Себебі олардың ұшырылымдарының тоқтатылуы қазақстандық қызметкерлердің қысқаруына әкелуі мүмкін. Бұл туралы “Курсивке” ЖИ министрлігі хабарлады.

Министрлікте 2026 жылдан кейін де “Протон-М” зымыран тасығыштарын пайдаланудың түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. Қорытынды шешімді өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, үкіметаралық комиссия отырысында Ресей тарапымен келіссөздер аясында қабылдауға ниетті. Бұл ретте 1994 жылғы екіжақты келісімде белгіленген ғарыш айлағын жалдау ақысы азайтылмайтыны нақтыланды.

Елдер Байқоңырға балама ретінде "Бәйтерек" жобасын дамытып жатыр. Ол керосин мен сұйық оттегіні отын ретінде пайдаланатын, экологиялық тұрғыдан біршама таза жаңа "Союз-5" ЗТ-сын қолданады. Жоба аясындағы алғашқы ұшырылым 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған еді, ол жүзеге аспады.

Сонымен қатар, "Бәйтерек" Байқоңырдың толыққанды баламасына айнала алмайтыны белгілі болды. Кешен бастапқыда пилотты космонавтикаға да бейімделетін жоба ретінде жоспарланған еді. Алайда ендігі екпін тек спутник ұшыруға ауысты. Бәйтеректен ғарышкерлерді ұшыру мүмкіндігі белгісіз мерзімге шегеріліпті.

Космонавтиканы насихаттаушы, инженер, Ресей космонавтика академиясының мүшесі Александр Хохловтың пікірінше, жалпы алғанда "Бәйтерек" тірек еткен "Союз-5" ЗТ жаман емес, бірақ көнерді және заманға сай емес. Өйткені қазіргі заманауи космонавтика қайта-қайта қолданылатын ғарыш кемелеріне ден қойды. Ал "Союздардың" алғашқы сатылары сол бұрынғыдай пайдаланылған соң жарамсыз жағдайға жетіп, төменге, қазақ даласына құлайды.

"Бұлар 1980 жылдардың соңында жасалған “Зенит” зымыранының көшірмесі. Оны енді Самарадағы “Прогресс” зымыран-ғарыш орталығы жасап жатыр. Байқоңырдағы “Зениттің” жұмыс істеп тұрған старттық үстелі Қазақстанға бірлескен жоба үшін тегін берілді. Ресей ол үшін аренда ақысын кемітуді талап етпеді. Неге? Келісім бойынша Қазақстан ресейлік мамандарды тарта отырып, сол жерде “Союз-5” үшін “Бәйтерек” старттық кешенін салып шығады. Ресей тек “Союз-5” ЗТ-сын жасауға міндетті. Негізгі мақсат – санкциядан ада Қазақстан шетелден клиент табуы керек", – деді ресейлік сарапшы.

Байқоңырда Ресейдің иелігінде екі ғарышкерлерді ұшыра алатын алаң болды. Оның бірі – тұңғыш ғарышкер ұшқан №1 алаң, ол “Гагарин старты” деп аталады және 2024 жылы Ресей тарапынан Қазақстанға тегін берілді. Екіншісі – №31 алаң, былтырғы қарашадағы апаттан кейін әлі жұмыс істемей тұр. Осылайша, өзін ғарыштық держава санайтын Ресейде қазір ғарышкерлерді ұшыра алатын алаң жоқ.

Мәскеу неге “Гагарин стартын” Қазақстанға ақысыз-пұлсыз бере салды? Бұл не жомарттық? Бұған Ресей бюджетінің тарихта болмаған рекордтық тапшылыққа ұшырауы ықпал етіпті. Содан екі алаңды қатар ұстай алмасын түсініп, оның бірін одақтасына берген. Екіншісі сынып қалады деп ойламаса керек.

"Бұл старт – бүкіл адамзат ауқымындағы тарихи орын, ресейліктер оны кие тұтады. Бірақ қаржылық қиындық соған итермеледі. Бұған күрделі алғышарттар түрткі болды. Алты жыл бұрын Ресей Байқоңырдағы екі старттық алаңды – №1 және №31-ді пайдаланды. Пилотталатын космонавтикада қандай да бір апат болған жағдайда резерв үшін екі алаң ұстау қалыпты тәжірибе. Халықаралық ғарыш станциясына 2019 жылғы қыркүйекке дейін ғарышкерлері бар “Союз” пилотты кемелерін ұшыру үшін өте сенімді “Союз-ФГ” зымыран тасығыштары қолданылды. Құпия-сырды айтсам, РФ Жердің алғашқы жасанды серігін ұшырған сол зымыранның модификацияланған нұсқаларымен әлі күнге ғарышқа ұшып жүр", – деп түсіндірді Александр Хохлов.

2014 жылдан бастап, Қырымды аннексиялап, алғашқы халықаралық санкцияларға душар болған Ресей барлық маңызды технологияларда "импорталмастыру" үрдісін бастады. Соның аясында "Союз-ФГ" зымыранын "Союз-2.1а"-ға ауыстыруға шешім қабылдады.

Неге? Өйткені "Союз-ФГ" зымыранының басқару жүйесі Украинаның Харьков қаласында жасалады. Ал оның орнын басқан "Союз-2" зымыранының басқару жүйесі Екатеринбургте өндіріледі. Сол себепті №31 старттық кешені жаңа басқару жүйесі бар жаңа зымыранды ұшыру үшін қайта жабдықталды.

"Сонымен бірге, №1 алаңды да жаңа ЗТ-ға бейімдеу қажет еді. Бірақ Ресей бюджетінде бұған қаржы табылмады. Сол кезде “Бәйтерек” жобасына инвестиция салуға арабтарды, БАӘ-ні тарту идеясы пайда болды. Сонда №1 алаң халықаралық нысанға айналар еді. Алдын ала келісімге қол қойылды, бірақ 2022 жылы БАӘ жобадан бас тартты. №1 алаң Ресейдің балансында қалып, консервацияланды. Онда экскурсиялар өткізілетін. Ресей қызметкерлердің жалақысына, электр энергиясына шығындалды, бірақ нысанды пайдаланбады. Бұл жағдай бюджеттік ақшаны тиімсіз жұмсау деп бағаланған болуы керек. Сондықтан №1 алаңды Қазақстанға беріп, онда музей ашу ұсынылды", – деді Хохлов.

Бүгінде "Гагарин стартында" музей сол бойы ашылмапты. Қазақстан оны ашудың орындылығын зерделеп жатыр. Сондай-ақ, бұл алаңды ЮНЕСКО-ның жаһандық мұрасына қосу мәселесі пысықталуда. Сонда халықаралық грант алуға болар еді.

Ал ғарыш саласы жаһанда ілгері кетіп барады, оған құйылған инвестиция алапат қарқынмен артуда, деп мәлім етті Reuters агенттігі. Seraphim Space инвестициялық компаниясының жаңа болжамына сәйкес, 2026 жылы ғарыштық технологияларға салынатын әлемдік инвестициялар еселеп өседі.

Бұған мемлекеттердің қорғаныс қажеттіліктері үшін спутниктік жүйелерге бюджеттік шығынды арттыруы және ұшырылым қызметтері нарығының кеңеюі ықпал етеді. Сол себепті Түркия да биыл Сомалиде, мұхит жағасында орналасатын төл космодромының құрылысын бастап кетті.

Ресей космонавтикасы дағдарыстан бас көтере алмай жатқанда, 2025 жылы әлемдегі осы салаға құйылған жеке инвестициялардың көлемі рекордтық 12,4 млрд долларға жетті. Бір жылдағы өсім – 48%. Қаржыландыру көлемі тіпті венчурлық капитал нарығынан да озып кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу