Ресей баспасөзі Бучадағы киіз үйді "антиресейлік акция" деп атады

1128

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Украинадағы киіз үй акциясына биліктің қатысы жоқ екеніне сендірді, деп жазды кремльшіл баспасөздің бірі "РИА Новости".

Ресей баспасөзі Бучадағы киіз үйді "антиресейлік акция" деп атады Фото: Риа Новости

Басылымның жазуынша, Қазақстан Мәскеуді Бучадағы "антиресейлік акцияға" қатысы жоқ екендігіне сендіріп отыр.

9 қаңтарда Буча қалалық кеңесінің сайтында "Қазақстан Республикасының Украинадағы елшілігінің және Украина халық депутаты, Қазақстан Республикасымен парламентаралық байланыстар жөніндегі депутаттық топтың төрағасы Сергей Нагорняктың қолдауымен киіз үй тігілгені хабарланған.

Аталған жаңалық Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захароваға ұнамай қалды. Ол Ресей-Қазақстан стратегиялық ынтымақтастығы мен одақтастығына сына түспес үшін және тақырыптың әрі қарай "бұрмалануына" жол бермеу мақсатында Қазақстанның "ресми түсініктеме бергені жөн" екендігін айтқан болатын. 

Осыған орай СІМ өкілі Айбек Смадияров журналистерге берген жауабында киіз үйге қатысты арнайы жауап беруді жөн санамайтынын жеткізді.

"Киіз үй тігілді. Бұдан қандай проблема туындады? Бұл тек қазақстандық жекеменшік компаниялардың бастамасы. Білесіз бе, Қазақстанда 300 мыңға жуық украин тұрады, үлкен диаспора, Украинада қазақ диаспорасы бар сияқты, олар бір-бірімен араласады, ұлтаралық неке бар, достары, туыстары бар", - деді Смадияров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу