"Ресей біреумен соғысса, оған Қазақстанды да тарта ала ма?"

2761

Мәжілісте "Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы" заңның жобасы қаралды.

"Ресей біреумен соғысса, оған Қазақстанды да тарта ала ма?"

"Егер осы екі мемлекеттің бірінде әскери кезең қалыптасса (соғыс басталса – авт.) бүгінгі заң жобасы Қазақстанды Ресеймен серіктесуге міндеттей ме?", – бұл сұрақты тілшілер Заң жобасын қорғаған Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқовқа қойды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Бұл – серіктестіктің мүмкіндіктері қарастырылған шарт. Сол себепті барлық бағыт бойынша шарт тараптарында сіз айтқан мәселе бар", – деді Тұяқов.

Тілшілер: "Егер Ресей біреумен соғысса, соғыс әрекеттеріне Қазақстанды да тарта ала ма?", – деп нақты сұрады.

"Шынтуайтында, БҰҰ жарғысы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құжаттары бар. Осы құжаттар бойынша, жалпы әр мемлекет тәуелсіз болғандықтан, өз шешімі бойынша әрекет етеді. Бас тарта да алады. Бұл саяси деңгейдегі шешім болады", – деді Дарын Тұяқов.

Мәжілісте аталып өткендей, бұл заң жобасы шартының нормалары мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде әскерді (күштерді) қолдануды бірлесіп жоспарлау және өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бойынша әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға, сондай-ақ екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың басқа бағыттары бойынша өзара іс-қимыл жасауға бағытталған.

Шарт жедел және жауынгерлік даярлық, бітімгершілік қызмет, әскери білім және ғылым, әскерлердің (күштердің) қызметі және оларды жан-жақты қамтамасыз ету, екі жақты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, мәдениет, спорт сияқты салаларда және әскери ынтымақтастықтың басқа да бағыттарында әскери ынтымақтастықты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Заң жобасы мақұлданып, Сенатқа жолданды.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу