Ресей экономикасының күйремеуінің құпиясы ашылды

17255

Батыстық сарапшылар жаны сірі Мәскеудің феноменін зерттеп жатыр. 

Ресей экономикасының күйремеуінің құпиясы ашылды Фото: aussiedlerbote.de

2022 жылғы 20 қаңтарда АҚШ Президенті Джо Байден Ресей Украинаға басып кірсе, онда бұрын ешқашан болмаған алапат санкцияларға душар болып, экономикалық апатқа ұшырайтынын қатаң ескертті. Алайда оны пысқырмаған Кремль 24 ақпанда шапқыншылығын бастады,  Ұлыбританияның сол кездегі Премьер-министрі, қызуқанды саясаткер Борис Джонсон "Ресей экономикасын кемтар қылып тастауға" сөз берді.

Содан бері Батыс Ресейге қарсы санкцияларының 9 топтамасын енгізді.

Ал халықаралық қаржы ұйымдары мен сарапшылар РФ экономикасы тарихында болмаған ғаламат күйзеліске тап келетінін жарыса жорамалдады. Тіпті ашыққан адамдар көшеде бұратылып, құлап жатуы ықтимал деген үрейлі сценарийлер ұсынғаны да болған.

Осы орайда Еуропалық комиссия 2022 жылы РФ экономикасы 10,4% құлайтыны туралы болжамын жариялады. Бұл 90-шы жылдардағыдай тауқымет туындайды дегенді білдіретін. Дүниежүзілік банктің сарапшылары қорқынышты фильмдердің сценаристіне қайта маманданғаны жөн: ұйым Ресей экономикасының минус 35%-ын жоғалтатынын тұспалдады.

Әскерилердің әрекетінен есеңгіреп, естен тана жаздаған РФ Орталық банкінің  экономистері 2022 жылы РФ ЖІӨ-сі 8-10% құлдырайтынын болжады. Ал Есеп палатасының басшысы Алексей Кудрин ресейлік экономиканы 2022 жылы минус 12,4%-ға дейін баратын терең шыңырау күтіп тұрғанын тұнжырай жеткізген.

2022 жыл аяқталды. Факт не дейді? Халықаралық валюта қоры ресми дерекке жүгіне отырып, 2022 жыл қорытындысында Ресей ЖІӨ-сі бар-жоғы минус 2,2% кемігенін мәлімдеді.

Қалайша? Ресей сұрапыл соғысты шыбын шаққан құрлы көрмегені ме? Мүйізі қарағайдай, миллиондап жалақы алатын батыстық беделді экономистер неден жаңылды? Олар Мәскеудің экономиканы соғысқа икемдеп, қайта құратынын ескермепті.

Bloomberg "Путиннің соғыс машинасы ресейлік өнеркәсіпті жұмысқа қабілетті жағдайда ұстап тұруға көмектесіп отыр" деген тоқтамға келді.

Нәтижесінде, елден қаншама брендтер кетіп, қаптаған өндіріс орны тоқтағанымен, 2022 жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі санкцияларға дейінгі жылдардың көрсеткіштерінен көп өзгермеген.  

"Өндірісі еселеп артқан әскери өнеркәсіп өзге салалардың да қуатты қалпын сақтауына ықпал етті. Ол халықаралық санкциялар келтірген нұқсанды және Украинаға қарсы соғыстан келген басқа да салдарларды азайтты. Нәтижесінде, 2022 жыл қорытындысында ресейлік өнеркәсіп өндірісі небары 0,6% төмендеген. Бұл туралы Росстат федералдық статистика қызметі мәлім етті", – деп жазады Блумберг агенттігі.

"Ренессанс Капитал" экономисі Софья Донец бұл жайт жергілікті сарапшылар үшін де "тосынсый" болғанын жасырмады.

"Былтырғы бірінші жартыжылдықтағы болжамдардың бірде-бірі орындалмады. РФ өнеркәсіптік өндірісі 2022 жылы қуатты екенін паш етті. Бұрынғы кезеңдердегі дағдарыс қайталанбады. Бұл ретте мемлекеттің шығыстары ауыр өнеркәсіпті де, жеңіл өнеркәсіпті де тегеурінді демеді. Бұған сондай-ақ жаһандық нарықта мұнай, газ, метал бағаларының жоғары болуы септесті. АҚШ пен Еуропа жыл соңына дейін оларға қатысты санкция салуға бата алмады", – деді ол.

Ресейлік қара алтынға және көгілдір отынға санкциялар өткен жыл жабылар тұста күш алды. Алдағы ақпан айында ресейлік бензин және басқа мұнай өнімдері эмбаргоға ілігеді. Ендеше осыдан кейін РФ экономика қаусай бастайтын болар?

Bloomberg Economics Александр Исаковтың пікірінше, керісінше, биыл Ресей экономикасы қуаттана бастауы ықтимал.

"Украинадағы соғыс Ресейдің өнеркәсіптік өндірісін 2022 жылдағыдан да жоғары, 2% өсуіне серпін береді. Себебі жүздеген мың соғысушы әскеріне киім-кешек, азық-түлік, қару-жарақ, оқ-дәрі, әскери қару мен техниканың түр-түрі қажет болады. РФ экономикасы соның бәрін өзі өндіреді, санкция салдарынан үлкен көлемде сырттан сатып ала алмайды. Бірақ соғыс экономика секторларының шектеулі тобының ғана дамуын ынталандырады. Соғыс барған сайын көп бюджеттік шығыстарды талап етеді. Оны табу үшін білім беру, медицина, әлеуметтік қамсыздандыру бағыттарының шығыстары қысқартылуы мүмкін. Демек, бұл өсім РФ халқының өмір сапасының төмендеуімен және ішкі тұтыныстың стагнациясымен қатар жүреді", – деді Александр Исаков.

Соғыстан қандай салалардың "ұтатынын" Росстаттың деректері паш етеді. Қарулы жанжал өрті өршіген 2022 жылы солтүстік көршіде фармацевтика салалары 8,6%-дық, баспа ісі (пропагандамен байланысты) 7,8%-дық, дайын метал бұйымдары (оның ішіне мина, снаряд, қару өндірісі де кіреді) секторы 7%-дық, компьютерлік, электрондық және оптикалық өнімдер өндірісі (экономистер бұл статистикаға басқарылатын зымырандар, авиация бұйымдары да жататынын ескертеді) 1,7%-дық өсімге қол жеткізген.

Ал америкалық инвесторға тәуелді темекі өндірісі -7,1%-ға, тоқыма өндірісі -8,3%-ға, ағаш кесу және өңдеу саласы -12,5%-ға, автокөлік өндірісі -44,7%-ға құлдырады.

Мәскеу өз зауыттарында соғыспен байланысты қандай тапсырыстар орналастырғаны туралы деректерді жария етпеді, құпияда ұстайды. Сондықтан сарапшылар қандай сабақтас, жапсарлас салаларда статистиканың өскеніне қарап, тон пішуге мәжбүр.

Әскери өнеркәсіптің "мультипликативтік тиімділігін" Владимир Путин де мақтаныш етеді. Ол соның экономикаға үлесін дәріптеумен жүр.

"Былтырдан бастап, отандық әскери өнеркәсіп шын мәнінде қарқынды дами бастады, биыл да кеңеюін жалғастыруда. Фабрикалар күні-түні, бірнеше ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Кейбірі толығымен тәулік бойғы жұмысқа көшті", – деп масаттанды РФ басшысы.

Бірақ ол азаматтық секторлардың ұстыны саналатын салаларда деградация басталғанын елемейтін сияқты. Мысалы, Ресей соғысқа дейін көлік түрлерін шын мәнінде жасайтын санаулы елдердің бірі болатын. Енді ондағы автозауыттар жабылды. Орнына Қытай көліктерін шашып әкеліп, құрастыра салатын цехтар көбеюде. Соларды есепке алғанның өзінде автомобиль жасау секторы бұрынғы өндірісінің жартысына жуығынан айырылды. Ресейдің тоқыма өнімдері ТМД кеңістігінде Қытай, Түркия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия елдерімен мықты бәсекелесетін. Енді бұл саласы да кері кетті. Оған санкциялар ықпал еткен. 

РФ Орталық банкінің экономистері ақпарат құралдарына түсініктемесінде, өнеркәсіптік өндірістің күйремеуін өткен жылғы Ресей үшін сирек жағымды жаңалықтың бірі деп бағалады. Бірақ елде жұмыс күшінің тапшылығы күшейгеніне назар аудартып, бұл фактор жылдың екінші жартысында өндірістің өсуін және кеңеюін шектеуі мүмкін екенін ескертті.

Ресейде ресми дерек бойынша 300 мыңнан астам ер-азамат, яғни жұмысқа қабілетті ресурс мобилизацияланып, соғысқа аттандырылды. Кейбір есептер бойынша 1 миллионнан астам соқталдай азамат соғыстан шетелге: Қазақстан, Грузия, Армения, Түркия, АҚШ, Сербия және басқа елдерге қашқан. Бұған қоса, соңғы жылдары Ресейден еңбек мигранттары да бас тарта бастады. Өзбекстан өз аумағында зауыттар тұрғызып, төл жұмыс қолын жұмылдыруда. Молдовалықтар Еуропаның еңбек нарығын игеруде. Сонда Тәжікстан ғана қалады. 

Халықаралық сарапшылар батыстық санкциялар Мәскеудің валюталық табысын кемітетінін қаперге салды. Созылмалы сипат алған соғыс болса, Кремльден барған сайын көп шығынды талап етеді. Соғысты зерттеу институты (ISW) Украинадағы соғыста қаза тапқан, жараланған, мүгедек болған, жоғалған РФ жауынгерлерінің жалпы саны 180 мыңға жетуі ықтимал деп санайды. Олардың туысқандарына қомақты өтемақы төленуге тиіс. Жаралылар емдеу және оңалту шығындарын талап етеді.

РФ қаржы министрі Антон Силуановтың айтуынша, 2022 жылды Ресей бюджеті 3,3 триллион рубль тапшылықпен аяқтады. Биыл қаржы тапшылығы одан да алапат болуы мүмкін. Егер Мәскеу соғыс шығынын күрт азайтса, онда әскери өнеркәсіп РФ экономикасына тірек болудан қалмақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу