Ресей Еуропаға газ сатуды қайта бастауы мүмкін

21 қазанда АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Санкт-Петербургте Владимир Путинмен кездескен еді.

Ресей Еуропаға газ сатуды қайта бастауы мүмкін Фото: kursiv.media

Осыдан соң Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаков Ресейдің қараша айында Украинамен және АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ ұсынған бастамалардың бірі – бейбітшілік орнату үшін газ жеткізуді қайта бастау.

Басылым бірнеше апта бұрын Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Ресей мен Еуропаны Украина аумағы арқылы байланыстыратын газ құбырларын қайта іске қосуды ұсынғанын жазады. Вашингтонның жоспарына сәйкес, Путин бейбіт келісімге келуге ынталандыру ретінде миллиардтаған доллар табыс табады, Киев газ транзиті үшін ақы алады, ал Еуропа арзанырақ газға қол жеткізеді. 

Мәскеу бұл ұсынысты қарастыруға дайын екенін аңғартқан. 

– Энергетика саласындағы ынтымақтастықты кез келген нысанда қайта жандандыру біздің мүддемізге сай келеді, – деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков түсініктемесінде.

Киев те бұл ұсынысқа келісуі мүмкін. Киевтегі Еуропалық саясат институтының Шығыс Еуропа жөніндегі сарапшысы, доктор Андреас Умланд осындай пікір білдірді. 

– Қазір Киевтің соғысты дереу тоқтатуға деген мүддесі соншалықты жоғары, сондықтан Украина Ресеймен газ тасымалдау саласындағы экономикалық ынтымақтастықты мәжбүрлі түрде қайта жандандыруға да келісуі мүмкін, – деді ол BILD басылымына.

Десе де, бұл жоспардың бір күрделі тұсы бар. Еуропалық одақ Ресей газын импорттауға тыйым салған. ЕО 2026 жылдың соңынан бастап Ресейдің сұйытылған газын, ал 2027 жылғы 1 қарашадан кешіктірмей құбыр арқылы жеткізілетін газын сатып алуды тоқтатуды көздеп отыр. Бұған қоса, Еуропаның көптеген елі қазірдің өзінде ресейлік газға тәуелді емес. 

– Шын мәнінде, бізге Ресей газы іс жүзінде мүлде қажет емес. Ресейліктер бізге газды арзанырақ бағамен сатуға тырысуы мүмкін. Бірақ мұның артынан міндетті түрде геосаяси талаптар туындайды. Демек, біз Ресейдің мүддесіне бағынуға мәжбүр болар едік, – деді Бонн университетінің энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы, доктор Франк Умбах.

Доктор Андреас Умланд та қаржылық ынталандырудың өзі Путинді бейбіт келісімге келуге көндіре алатынына сенбейді. 

– Өкінішке қарай, әзірге Мәскеу қараша айында 2025 жылғы келіссөздер кезіндегі қойылымын жалғастырады деп қана күтуге болады. Путин үшін мұндай газ келісімі Украина Ресей алдындағы талаптардың бір бөлігін қабылдап, ішінара капитуляцияға барған жағдайда ғана қосымша тиімді шарт болуы мүмкін, – деді Андреас Умланд.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу