Ресей халқы соғыстан шаршады

2275

Сарапшылар Украинадағы "арнайы әскери операцияға" қатысудан бас тартқан ресейлік солдаттардың сапы ұлғайғанына назар аудартады.

Ресей халқы соғыстан шаршады Фото: canva.com

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, хакерлер жалдамалылардың рациямен өзара байланыс кезінде қолданатын сленгтер сөздігінің көшірмесін басты. Онда қаза тапқан ресейлік жауынгерлерді "пыль", жаралыларын "песок", соғысудан бас тартқандарды "плесень" деп атайтыны айтылған.

Солдаттарға мұндай көзқарас ресейлік әлеуметтік желіде ашыныс пен қызу пікірталас туғызды.

Сондай-ақ ресейлік "Первый каналдың" бұрынғы журналисті Илья Андреевтің тағдыры да Ресей қоғамын елең еткізді. Илья көршінің бірінші арнасынан жұмыстан шығып, Қорғаныс министрлігімен контракт бекітті. Алайда артынша Украина жерінде қан төгуден бас тартқаны үшін 22 қарашада Донбастағы "ДХР"-дың "подвалына" түсіп, азапталған. "Новая газета Европа" басылымының түсіндіруінше, алғы шепке барудан бас тартқандар қамалатын орындар осылай аталады. Олар тек жертөле емес, шұңқыр түрінде де болып келеді.

Мәскеудегі әйелі, жолдастары және бірқатар әріптестері шу көтерген соң ғана солдат босатылыпты.

"Илья бөтеннің телефонынан байланысқа шықты. Себебі, өзінің телефонын оған кері қайтармаған. Жағдай түпкілікті шешімін тапқан жоқ, бірақ ең маңыздысы сол, оны "подвалдан" шығарыпты", – деді оның зайыбы Яна журналистерге.

"Первый каналдың" бұрынғы корреспонденті Илья Андреев биылғы қыркүйектің басында Ресей Қорғаныс министрлігімен "арнайы әскери операцияға" қатысуға контракт бекітіпті. Әйелі Янаның айтуынша, военкоматта оны өзі тұратын Мәскеуден алысқа қызмет етуге жібермеуге уәде еткен. Бірақ келісімге қол қойысымен бірден майданға аттандырылған және бүгінде 12-ші гвардиялық танк полкына тіркелген.

8 қарашада Андреев баянат-рапорт жазып, мерзімі өткен паспортын шұғыл ауыстыру үшін 10 тәулікке елге оралтуды сұрайды. Аннексияланған Донбасс өлкесіндегі ресейлік қолбасшылық мұны солдаттың майданнан қашуға талаптануы деп қабылдап, "жазалауға арналған зынданға" (шұңқыр) отырғызған.  

Жауынгер Андреев шұңқырдан өз бетінше шығуға тырысқанда, оны ұстап алып, ызғарлы далада ағашқа байлап тастады. Илья Андреев 22 қарашада соңғы рет жұбайымен тілдесті. Өзін соғысудан бас тартқаны үшін "ДХР" қоластындағы Зайцево кентіне, азаптау орнына алып бара жатқанын хабарлап үлгереді.

Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, былтырғы ақпанда Украинада кең ауқымды соғыс басталғалы, қолға түскен украиналық әскерилерді ғана емес, сондай-ақ айыпты болған ресейлік әскерилерді азаптауға арналған орындар, "подвалдар" оккупацияланған өңірлердің бәрінде жасақталған. Ресейлік "Важные истории" басылымы және Conflict Intelligence Team тобы тіпті "азаптау зындандарын" Ресей аумағынан, нақтылағанда, Волгоград облысының "Прудбой" әскери полигонынан, Орынбор облысының "Тоцкий" елді мекенінен де тауып алды.

Өйткені сарапшылардың байламынша, алғы шепке барғысы келмейтін ресейлік әскерилер саны көбейе бастаған көрінеді. Телеграм-арналарда топ болып, бекіністерін тастай қашқан, Украина аумағынан кетіп, Ресейге өтуге тырысқан немесе әрі қарай соғысты жалғастырудан бас тартатындарын жариялаған ресейлік жауынгерлердің видеосы апта құрғатпай жиі жарияланып тұрады.

Нәтижесінде, бұл стихиялы қозғалыс институтизациялана бастады. Тіркелмеген "Движение сознательных отказчиков" құқық қорғау ұйымы құрылды. Кеше бұл бірлестік журналистерге алғы шептегі шабуылға қатысуды қаламағаны үшін Новокузнецкіден мобилизацияланған жас жігітті қаруластары қыстың қақаған суығында ағашқа байлап кеткенін баяндады.

Ресейлік құқық қорғаушылардың мәліметінше, бұған командирлердің бірі бұйрық беріпті.

"Капитан мобилизацияланғанды әскери іс-қимылдарға қатысудан бас тартқаны үшін бағанаға байлап, түні бойға қалдыруды бұйырды. Ағалы-інілі Семен және Геннадий Кискоровтар Новокузнецк қаласынан мобилизацияланған. Олар Юградағы №21005 әскери бөлімнің 1-ші мотоатқыштар батальонына әскери қызметін өткеруге жіберілген", – деп хабарлады аталған ұйым.

Ресейлік "Осторожно, новости" телеграм-арнасының мәліметінше, Кискоровтар былтырғы қыркүйекте мобилизация басталғалы бері Украина жерінде жүр. Бірден алғы шепке жолданды. Семен жараланып, госпитальде емделген. Содан кейін ағайындылар оккупацияланған Донецкіге әскери құрылыстарды салуға бағытталды.

Дегенмен, таяуда командирлер екеуін де алғы шепті шабуылдауға жіберуге шешім қабылдаған. Өйткені адам шығыны көп болғандықтан, шабуылдаушылар жетіспей жатыр.

Ағайындылар қан майданға қайта оралудан ат-тондарын ала қашты. Ресей заңнамасына сәйкес, әскери қызметті альтернативті азаматтық қызметке ауыстыруды сұрап, рапорт жазған.  

"Әскери қызметті өткеру менің діни наным-сеніміме қайшы. Библияда адамды өлтіруге болмайтыны және жауға аяушылық таныту керектігі уағыздалады. Бұл Ресей қорғанысы бойынша міндеттерімді атқаруға мүмкіндік бермейді. Менің сенімім маған қаруды адамзатқа қарсы қолдануға тыйым салады", – делінген Семенның баянатында.

Оның көшірмесін де "Движение сознательных отказчиков" (ДСО) ұйымы жариялады.

Алайда батальон замполиті – капитан бұл заңды өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ресейлік құқық қорғаушылардың дерегінше, ертесіне ол өзге жауынгерлерге ағайындылардың бірі Геннадийді даладағы бағанаға байлап тастауды бұйырды.

Бұл ақпаратты ДСО-ға Семен хабарлады. Ол ағасының кейінгі тағдырынан хабарсыз әрі алаңдаулы болған: көрісіп, тілдесуге жібермей қойыпты. Семен өз тағдырын командирлер шешіп жатқанын жеткізіп үлгерген, не "подвалға" салып, икемге келгенше азаптайды. Не атып тастауға қорқытып, украиналық бекіністерді қара жаяу шабуылдауға мәжбүр етеді. Оған да көнбесе, үстінен қылмыстық іс қозғалады.  

ДСО қозғалысының координаторы Елена Попова телеграм-арнасындағы тікелей эфирде қосымша деректі жария етті. Геннадий өз бетімен не біреудің көмегімен босап, қашып кетпеуі үшін оны түні бойы күзеткен.

"Ол аязда қатып қала жаздаған. Оның үстіне қарлы жауын жауып өткен. Одан ұрыс қимылдарына өз еркімен қатысуға келісуін талап етті. Келесі күні азапқа шыдамаған  Геннадий алғы шепке аттануға келісті", – деп хабарлады Елена Попова.

Құқық қорғаушылар солдаттарды, жалдамалыларды кері қашпай, украиналық окоптар мен бекіністерді өз еркімен шабуылдауға көндірудің бұл тәсілі – ағашқа не бағанға байлау жиі қолданылатынына назар аудартады.  

Аталған ұйым Кискоровтардың әйелдерімен – Татьяна және Олесямен бірге әскери прокуратураға, Бас әскери тергеу басқармасына, Орталық әскери округке өтініштер жазды. Онда зардап шеккен әскерилердің жұбайлары оларды майданнан Ресейдегі тұрақты орналасқан орнына – әскери бөлімге кері қайтаруды талап етті.

Қысым көрген Семен әйеліне хабарласып, шағымын кері алуды өтініпті. Татьяна олай істеуден бас тартты және күйеуінің өмірі үшін соңына дейін баруға бекінген.  

Дәл осы кезде, Ресейде солдаттардың аналары мен әйелдерінің қозғалысы да дамуда. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, олар қатарын көбейтіп жатыр. Бұл үшін өңірлерде түрлі жабық жиындар өткізеді. Оған журналистер де жіберілмейді: ішке кіру үшін күйеуінің, ұлының, қызының не басқа жақын туысының мобилизацияланғанын және Украина аумағындағы іс-қимылдарға қатысып жатқанын дәлелдейтін құжатты көрсету міндет.

Бұл қозғалыс "Путь домой" телеграм-арнасын құрды. Сол арқылы да өз қатарын кеңейтуде. Қоғамдық бірлестік таяуда осы арнасында манифест пен петиция жариялады. Онда әйелдер Украина аумағындағы "арнайы әскери операцияға" қатысып жатқан барлық мобилизацияланғандарды Ресейге қайтаруды талап етті.

Мәскеу бұл ұйымды қуып таратудан, оның қатысушыларын репрессиялаудан тартынып отыр. Себебі, ресейлік саясаттанушылардың байламынша, тылдағы әйелдері мен аналарын жаппай қуғын-сүргінге салып жатқанын білсе, майдандағы әскерилер қарсыласына кезенген қаруын кері бұруы, бағынуды қойып, жаппай шекарадан Ресейге кері өте бастауы мүмкін.

Әзірге бойларына батылдық толған әйелдер өздерінің аталған қозғалысқа мүше екенін білдіру үшін көліктеріне "Vерните мужа! Я Zа#балась" (түпнұсқа мәтіні сақталды) делінген жапсырма жапсыра бастады.

"Путь домой. Ульяновск" бөлімшесінің хабарлауынша, Ульяновск қаласының полицейлері көлігіне әлгіндей жапсырма жапсырған әйелдерді тауып, үйлеріне барып, қатаң ескерту жасап кетіпті.

"Ульяновск полицейлері "Vерните мужа! Я Zа#балась" фотофлешмобына қатысушы әйелдерге – былтырдан бері мобилизацияланғандардың туысқандарына ескерту жазасын қолданды. Қатысушы екі әйел чатта өздеріне күш құрылымдарының өкілдері келіп, ескерту туралы хабардар еткенін мәлім етті. Полицейлер бұл тірлігін тоқтатпаса, олардың үстінен армияны "дискредитациялау" ауыр бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін екенін айтыпты. Әйелдердің бірінің жазуынша, әскери іс-қимылға қатысушының әйеліне бару туралы тапсырма алғанда полицейдің өзі естен тана жаздапты ("шок"). Бірақ одан мұны жоғарғы жақтағылар талап еткен", – деп баяндады жергілікті 7х7 порталы.

Бұдан бөлек, полиция бірнеше қатысушыны әңгімелесу үшін бөлімге шақыртқан. Әйтсе де, әйелдер көліктеріндегі жапсырмаларын алып тастаудан бас тартты.

Биылғы қазан айында Ресейде "Левада-центр" жүргізген сауалнама көрсеткендей, "Қалай ойлайсыз, бүгінде әскери іс-қимылдарды жалғастыру керек пе, әлде бейбіт келіссөздерді бастаған жөн бе?" деген сауалға жауап берген Ресей халқының 56%-ы бейбіт келіссөздерді таңдады.

"Егер осы аптада Президент Путин Украинамен әскери қақтығысты доғаруға шешім қабылдаса, ол шешімді қолдайсыз ба?" деген сауалға респонденттердің 70% "Ия" деп жауап қатқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу