Ресей Иранға энергетикалық отынды теміржолмен жеткізе бастады

1487

Бұл жүк Ислам Республикасына Қазақстан мен Түркіменстан арқылы тасымалданып жатыр. 

Ресей Иранға энергетикалық отынды теміржолмен жеткізе бастады

Ресей биыл алғаш рет Иранға теміржолмен отын экспорттай бастады. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу мұндай қадамға дәстүрлі клиенттері РФ-мен сауда жасаудан бас тартқаннан кейін барып отыр.

Батыстың санкцияларына ұшыраған Ресей мен Иран өз экономикаларын қолдап, Мәскеу мен Тегеран негізсіз деп тапқан Батыс санкцияларына нұқсан келтіру үшін бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр.

Мәскеудің Украинадағы "арнайы әскери операциясына" қарсылық ретінде Ресейдің мұнай өнімдеріне жарияланған шектеулер жаһандық жанармай нарығын өзгертті: бүгінде танкерлер ұзағырақ маршруттарды таңдауға  мәжбүр болып отырса, жеткізушілер өзге экзотикалық бағыттар мен тасымалдау жолдарын іздейтін болды.

Иран – талай жылдан бері Батыс санкцияларының құрсауында және оның әлемдік нарыққа шығатын жолдары шектеулі.

Өткен жылдың күзінде Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак Иранға мұнай жеткізіле басталғанын мәлімдеген еді. Бірақ нақты жөнелтулер биыл ғана басталды деп хабарлады "Рейтер".

Осы агенттіктің дерегінше, ақпан-наурыз айларында Ресей Ислам Республикасына 30 000 тоннаға дейін бензин мен дизель жіберген.

Бұл жүк Ресейден теміржолмен шығып, Қазақстан және Түркіменстан арқылы Иранға жеткізілген. Бензиннің бір бөлігі Ираннан көрші мемлекеттерге, соның ішінде Иракқа жүк көлігімен апарылады.

Орталық Азия мұнай өнімдері нарығындағы трейдерлердің сөзінше, Иран мұнай өндіріп қана қоймай, сол шикізатты өңдейтін зауыттарға да ие. Алайда бұл мемлекеттің, әсіресе, солтүстік провинцияларында энергетикалық отынды тұтыну деңгейі ішкі мұнай өндірісі көлемінен асып кетіп отыр.

Ресей 2018 жылдағыдай, Каспий теңізі арқылы да танкермен Иранға аз көлемде жанар-жағармай жеткізіп жатыр.

Ресейлік компаниялар қазіргі уақытта Иранға дизель мен бензинді теміржолмен экспорттауға мүдделі. Өйткені теңізбен тасымалдау тарифтері "Үлкен жетіліктің" шектеулеріне байланысты тым жоғары.

Дегенмен, рельстермен көмірсутегі тасымалдаудың өз проблемалары бар.

"Біз биыл Иранға жанармай жеткізілімі артады деп ойлаймыз. Алайда теміржоларға түсіп жатқан салмақ ауыр, олар әрдайым бос емес. Сондықтан мұндай жолдарда логистикаға қатысты бірнеше мәселе бар. Осының өзі экспорттың өркендеуіне жол бермеуі мүмкін", – дейді Иранға отын жеткізу мәселесімен таныс адамдардың бірі "Рейтер"" агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу