Ресей қалқан еткен, қорған тұтқан БРИКС одағы жайрап қалды

5963

Кремль басшысы енді бұл ұйымға мүше елдерге сапарлаудан қорқып отыр.

Ресей қалқан еткен, қорған тұтқан БРИКС одағы жайрап қалды Фото: ru.wallpaper.mob.org

Осы аптада ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екі күн бойы мағынасыз келіссөздер жүргізген Владимир Путин бірнеше рет БРИКС ұйымын тілге тиек етіп, оның әлеуетін ынтымақтастық үшін жете қолдану керектігін қаперге салды.

Бірақ бұл ұйым күтпеген жерден күйреп қалғанға ұқсайды. Себебі, оның көшбасшыларының бірі саналатын екі ірі ел Мәскеуге қырын қарады.

Жалпы БРИКС (BRICS) атауы Brazil, Russia, India, China, South Africa деген елдер атауларының басқы әріптерінен құралған.

Соның ішінде алпауыт Үндістан басшылығы, Telegraph India хабарлауынша, санкциялы Ресейге қарағанда, бақуатты Батыспен ынтымақтасуды таңдады.

Бұдан бұрын Үнді елі Ресейге қарсы санкцияларға қосылмаған еді. Биылғы 23 ақпанда Reuters Нью-Делидің санкциялар тақырыбын тіпті талқылаудан да бас тартып отырғанын жазды. Алайда содан кейін АҚШ, Еуропалық Одақ және Ұлыбритания үш жақтап, оған қысым жасай бастады.

Үндістанмен осыған қатысты ақырғы келіссөздерді АҚШ пен ЕО биылғы G20 елдері саммиті аясында жүргізді. Ұзаққа созылған және әр мәселе егжей-тегжейлі талқыланған сол кездесу қорытындысында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарға қанағаттанғандарын жариялады.

Ақыры биылғы 12 наурызда Bloomberg Үндістанның Ресейге қарсы төл санкциясын енгізбегенімен, Батыс енгізген барлық санкцияларды ұстануға шешім қабылдағанын хабарлады. Шынында да, бұл мемлекет РФ мұнайына G7 қабылдаған баға шектеуін қатаң сақтайтынын мәлімдеді. Яғни, бір баррелін 60 доллардан қымбатқа сатып алмайды.

Ресейлік Forbes жазуынша, сарапшылар Батыс бекіткен мұнай бағасы межесінің кесірінен Мәскеу күн сайын 160 миллион еуро немесе 172 миллион доллар (шамамен 80 миллиард теңге) жоғалтып отырғанын есептеп шықты. Салыстыру үшін айтсақ, көрші күн сайын бір зауыттың құнын жоғалтады.

Блумберг агенттігінің мәліметінше, Үндістанның федералдық үкіметі барлық банктерден және трейдерлерден батыстық санкцияларды мүлтіксіз сақтауды талап еткен.

Мұны ұжымдық Батыстың жеңісі деп санауға болады. Өйткені АҚШ пен Еуропалық Одақ қолданыстағы санкциялық топтамалар тегеурінді жұмыс істеп, РФ экономикасын және әскери қуатын жермен-жексен етуі үшін Мәскеудің сол санкцияларды айналып өту жолдарын "агрессивті түрде" кесуге уәде етті.

Байденнің әкімшілігі Үндістаннан ресейлік қара алтынды сатып алудан бас тартуды да сұрап отыр. Бірақ Нью-Делидің баға шектеуін ұстанатынына да Ақ үйдің көңілі толатын көрінеді. Үндістан ұстанымын түсінуге болады: кем дегенде 1,4 миллиардтан астам халқы бар бұл мемлекет бұқарасын асырау үшін арзан ресурстарға қатты мұқтаж. Ал ресейлік Urals маркалы қара алтынның әр бөшкесі жаһандық нарықта бар-жоғы 47 доллардан сатылып жатыр.

Егер Үнді елі одан бас тартып, одан әлдеқайда қымбат басқа маркаларға көшсе, онда барлық тауарлар күрт қымбаттап, елде аштық басталуы ықтимал. Оның үстіне Үндістан орыстың арзан мұнайын су тегінге сатып алып, қаптаған МӨЗ-дерінде мұқият өңдеп, бензин, дизель, мазут, керосин, битум, каучук және басқа да өнімдер жасайды. Сөйтіп, үндістандық бизнес өзге нарықтарға дайын өнім жеткізіп, шаш-етектен табыс тауып отыр.

Үндістанды РФ мұнайынан бас тартуға иліктіру бағытында Вашингтонның іс-қимылдарды жалғастыратыны мәлімделді.

Өз кезегінде ресейлік ТАСС агенттігі БРИКС елдеріне қатысты тағы бір суыт хабарды жариялады. Бразилия В.Путинді бала ұрлау айыбы бойынша тұтқындау туралы шешім қабылдаған Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындады және оның шешімін құрметтейді. Бұл туралы Бразилияның Сыртқы істер министрі Мауро Виейраның өзі мәлімдеді.

Бұдан бұрын Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді Украинаның балаларын ұрлаған киднеппингі үшін айыптап, оны тұтқындауға және сот залына жеткізуге халықаралық ордер берген болатын. Демек, егер Кремль қожайыны Бразилияға сапарлай қалса, Бразилия Интерполдың немесе америкалық, халықаралық арнайы жасақтардың оны құрықтау операциясына қарсылық білдірмеуі мүмкін.

"Бұл мәселені қолға алынған процесс тұрғысынан қарастырған жөн. Мен өзім әзірге ордерді көрген жоқпын. Бірақ Бразилия ХҚС мүшесі болып табылады. Сол себепті біз ол сотты құрметтейміз және оның Ресей Президентін тұтқындау туралы шешімін танимыз", – деді елдің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Мауро Виейра Metrópoles басылымына сұхбатында.

Бразилиялық астаналық басылымның журналисті егер РФ басшысы сапарлап келсе, онда халықаралық сұрау негізінде Бразилияның өз бетінше оны тұтқындайтын-тұтқындамайтынын нақтылады. Виейра бұған қатысты Бразилияның жаңа басшылығында ресми ұстаным әзірге жоқтығын жеткізді, бірақ Путиннің мұндай сапары "ол үшін ахуалдың күрделенуіне соқтыратынына еш күмән жоқтығын" нықтады.

Яғни, В.Путин БРИКС ұйымындағы Батыстың сойылын соға бастаған тағы бір одақтасынан айырылып қалды.

Айтпақшы, БРИКС саммиті биыл соңғы үш жылда алғаш рет бетпе-бет форматында өтпек. Бұған дейін пандемияға байланысты кездесулер онлайн форматта ұйымдастырылып келген.

2023 жылғы қаңтарда Оңтүстік Африка республикасы БРИКС төрағалық тізгінін өз қолына алды. ОАР Мемлекет басшыларының оффлайн саммитін 2023 жылғы тамызда өткізуді жоспарлап отыр. Дегенмен, оған В.Путиннің қатысатын-қатыспайтыны белгісіз.

Себебі, Оңтүстік Африка республикасы да В.Путин сапар жасай қалса, онда Халықаралық қылмыстық соттың ордеріне байланысты өз міндеттемесін орындауға мәжбүр болатынын хабарлады.

Республика Президентінің баспасөз хатшысы Винсент Магвенья ХҚС алдында ОАР-дың заңды міндеттемелері барына назар аудартып, БРИКС 15-ші саммитіне В.Путин келер болса, онда ел туындаған жағдайды "мүдделі тараптармен арада талқылайтынын" мәлім етті.

Қорыта айтқанда, "ОАР Гаага сотының РФ басшысын тұтқындау туралы ордерін назарға алады" деп жазды Reuters В.Магвеньяға сілтеме жасап.

Бүгінде африкалық мемлекет Вашингтонмен және Мәскеумен келіссөздер жүргізуде.

Мәскеу В.Путиннің жұмыс кестесінде 2023 жылы Оңтүстік Африка республикасына сапарлау жоспары барын әзірге растамады.

Кеше Bloomberg ОАР Сыртқы істер министрлігіндегі екі шенеуніктің сөзіне сүйеніп, бұл республика В.Путинді өз бетінше тұтқындайтынына күмән келтірді. Олардың ақпараты бойынша Үкімет Владимир Путин келсе, оны тұтқындау ордерінен жалтару үшін барлық амалды қарастырады.

Демек, ондай операцияны халықаралық күштер жүзеге асыруы мүмкін.

24 наурызда ОАР Сыртқы істер министрі Наледи Пандор Үкіметтің ХҚС ордеріне қатысты "заңгерлік қорытынды" алуға жүгінгенін мәлімдеді. Егер судьялар елдің халықаралық міндеттемелерін бұзып, санкцияға ілікпеуі үшін Путинді ұстау қажет десе, Үкімет оны орындауға мәжбүр болады.

Оған дейін ОАР билігі Мәскеу қожайыны Владимир Путинді БРИКС саммитіне ресми шақыруын жолдап та қойды.

Бұған жауап ретінде кеше РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков В.Путиннің ОАР-ға сапар жасау туралы шешім қабылдамағанын хабарлады.

"Іштен шыққан жау жаман" дейді қазақ даналығы. Өз одақтастарына риясыз сене, берік сүйене алмайтын жағдайға жетсе, онда Мәскеудің ісі насырға шапқаны.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу