Ресей Қазақстанға битум сатуға салынған қатаң тыйымын жоюға мәжбүр болды

2220

Сонымен бірге ресейлік гудронды Қазақстанға жеткізу саласындағы ресейлік компанияның монополиясы да жойылатын болады. 

Ресей Қазақстанға битум сатуға салынған қатаң тыйымын жоюға мәжбүр болды

Елде ауыл-аудандағы жолдар түгіл, халықаралық дәліздер мен республикалық маңызды трассалардың құрылысы да уақытында аяқталмай, ұзап барады. Оның түрлі себебі бар, соның бірі – гудрон, битум сияқты құрылыс материалдарының тапшылығы, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұл проблема барлық өңірде кездеседі. Мысалы, таяуда Президенттің жарлығымен Ақтөбе облысының әкімі ауысқаны мәлім.

Әкімдіктің хабарлауынша, аймақтың тізгінін алған Ералы Тоғжанов өңірде жол жөндеумен және салумен айналысатын 20 мердігер компанияның жетекшілерін жиып, жеке кеңес өткізді. Сонда олар осы материалдардың жоқтығын айтып, ақталған екен. Ақтөбедегі басымдықты жол жобаларының қатарына Оңтүстік айналма жолды, Ақтөбе-Орск халықаралық тасжолын, Тәуелсіздік даңғылы мен Мұстафа Шоқай көшесін жөндеу және салу жобалары кіреді.

Олар қаңтарылып тұр. Ал Тоғжановтың мәліметінше, жобаларды бітіруге 1,5 ай қалды. Сондықтан өңір басшысы Шымкенттегі битум зауытымен келіссөз жүргізіп, облыс сұранысын толық қамтуға уағдаласады.

"Жолдардың барлығын көріп шықтым, мердігерлермен кездестім. Бәрінің айтатыны бір әңгіме: битум тапшылығы. Аталған мәселені екі күнде шешіп, 10 мың тонна битум жеткізуге келістік. Сол жеткізілген битумның бүгінде 6 400 тоннасы ғана игерілді. Соған қарағанда мәселе тек битумда емес. Қысқасы, қалада басталған жол құрылысының барлығы міндетті түрде бітуге тиіс", – деді облыс әкімі.

Жалпы жол құрылысына мемлекет көп қаржы құяды. Мысалы, тек бір осы облыста қалалық жолдарды жөндеу бойынша 83 жобаға 7,2 млрд теңге бөлінген.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов елімізде битум өндірісін ұлғайтуға деген мұқтаждық барын жасырмады. 2022 жылдың 8 айында жоспар бойынша 726 мың тонна битум өндірілуге тиіс еді. Алайда іс жүзінде 8 айда 600 мыңдайы ғана өндірілді.

Әрине, Қазақстан бұл құрылыс материалын іргедегі Ресейден алуына болатын. Бірақ солтүстік көрші ол өнімін қызғанып, өз компанияларына битумды Қазақстанға экспорттауына шектеу қойып келді.   

"Ведомствоаралық хаттамамен ресейлік битумды Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынды және бұл тыйым Ресей тарапының принципті, табанды ұстанымы болды", – деп хабарлады Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліске жазған түсініктеме жазбасында.

Бұл жерде Қазақстан және Ресей энергетика министрліктері арасында бекітілген 2019 жылғы 6 мамырдағы хаттама жөнінде әңгіме болып отыр. Құжат Ресейден Қазақстанға бірқатар мұнай өнімдерін, оның ішінде ЕАЭО СЭҚ ТН коды бойынша 2713 90 900 0 (битуминозды жыныстардан алынған мұнайды немесе мұнай өнімдерін қайта өңдеуден қалған өзге де қалдықтарды) жеткізуге тыйым салды.

Алайда содан бері ахуал өзгерді, қазір өркениетті әлемнен оқшауланған Ресей бәлсінетін жағдайда емес. Сол себепті,

Премьердің айтуынша, қазіргі уақытта Ресей тарапы Қазақстанға битум жеткізу мәселесін талқылауға дайын екенін мәлімдеді.

Тиісінше, екі елдің уәкілетті органдары 200 мың тоннаға дейінгі көлемде ресейлік битумды Қазақстанға жеткізуге квота бөлу жөнінде келіссөздерді бастады.

Сонымен бірге алда Парламенте екі ел арасындағы жаңа құжат ратификациялауға ұсынылады. Ол "2010 жылғы 9 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңының жобасы деп аталады.

Битумға қатысты тыйым осы келісіммен жойылмақ.

Сондай-ақ бұл келісім Қазақстанға Ресейден гудрон жеткізуге монополияны жояды.

Гудрон бойынша тыйым жоқ, бірақ шектеу бар. Оны квотасы бұрын 280 мың тоннадан аспайтын. Былтыр екі мемлекеттің энергетика министрліктері келіссөз жүргізу нәтижесінде гудрон импортының көлемін 430 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Бірақ Ресей тағы қырсығып, сол квотадан да қағып келді. Мысалы, Argus бағалар агенттігінің дерегінше, Ресей жыл басында гудронның теміржол арқылы жеткізілімдерін бірнеше есеге қысқартты. 

"Экспедиторлардың дерегінше, ресейлік зауыттар Қазақстанға теміржол арқылы гудрон экспортын тәулігіне 1,08 мың тоннадан 190 тоннаға дейін күрт азайтты", – делінген оның хабарламасында.

Импорттың шектелуі Қазақстанда жол құрылысы жұмыстары қызатын маусымға тұспа-тұс келіп, отандық осы салаға соққы болды.

Бұл ретте агенттіктің дерегінше, Қазақстанға гудрон жеткізуде "Роснефть" мұнай өңдеу зауыты монополист болып табылады, сол ғана жеткізеді. Оның өнімі Шымкент және Түркістан облысындағы битум зауыттарына ғана жетеді.

"Гудрон – жол битумын өндіруге қажетті басты өнімдердің бірі. Ведомствоаралық хаттамада оның импортталатын көлемінің квотасы 430 мың тонна гудронмен шектелген. Бұл жерде Ресей заңнамасында "уақытша мерзімді кедендік декларациялау" деген қарастырылған. Бұл норма Ресей нарығының бір ғана қатысушысына осы көрсетілген гудронның барлық көлемін бүкіл бір жылға бір өзі иеленіп, декларациялап алуына мүмкіндік береді. Салдарынан нарықтың басқа қатысушылары, соның ішінде қазақстандық компаниялар аталған квотадан бірде бір тонна көлемді Қазақстанға әкете алмайды", – деп түсіндірді Үкімет басшысы.

Ал Парламентке енгізілетін, 2010 жылғы келісімді өзгертетін жаңа хаттама әлгі кесірлі "уақытша мерзімді кедендік декларациялауды" қолданудың күшін жояды.

Осының арқасында ресейлік гудронды Қазақстан жеткізу жөніндегі монополияны алып тастау мүмкін болады.

Битум мен гудрон жетіспегендіктен, жаңадан салынып жатқан жолдардың да сапасы жоғары бола бермейді. Мысалы, Қостанай облысындағы Үрпек ауылының тұрғындары қазіргі кезде төселіп жатқан жолдардың сапасына алаңдап, құрылыс компанияларының тірлігін көзбояушылық санайды.

Ескі құжаттар бойынша Амангелді – Үрпек бағытындағы аудандық маңызға ие тасжол асфальттан тұрған көрінеді. Енді сол жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

"Нақтырақ айтар болсам, бұл ауылға жол тарту жұмыстары 2021 жылы басталды. Әлі күнге аяқталған жоқ. Жолға орташа жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 457,7 млн теңге бөлінген болатын. Жолдың жалпы ұзындығы 15,8 шақырым ғана. Бұл жолды салу құқығын Арқалық қаласындағы "АллюминСтрой" ЖШС жеңіп алды. Оның басшысы Қостанай облыстық мәслихатының депутаты. Былтырдан бері жолдың шамамен 13 шақырымы төселді, алайда онысы құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келеді деуге келмейді. Ал биылғы жұмыстары таза қисынсыз: битум орнына солярка, отработка сияқты май қолдану жаңа технология ма?! Айта берсек кемшілік көп. Кемшіліктердің барын көзбен көрген соң, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығына" 2022 жылы төселген жолдан сынама алғызған едік, күдігіміз зая болмапты. Төселген жол ұлттық стандарт талаптарына сай келмейтінін дәлелдеді", – дейді ауыл тұрғыны Серікболсын Қаржаубайұлы.

Дегенмен жергілікті билік сынға ден қойып, түзеу орнына белсенді тұрғындарды басуға делегация жібергенге ұқсайды. Аудан әкімінің орынбасары, әкімдіктің ТКШ бөлімінің басшысы және аталған фирма жетекшісі Үрпек ауылына арнайы келіп, Серікболсын ағаға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп кетіпті. Соған қарамастан тұрғындар жергілікті шенділердің жолдың сапалы екеніне сендірген сөзіне сенбей, жоғарғы жақтан тәуелсіз сарапшылар жіберіп, Үрпек ауылының халқын сапалы жолмен жарылқауды сұрады. Ел қазынасынан қыруар қаржы бөлініп істеліп жатқан жұмыстың сапасына ауыл халқы алаңдаулы.

Жалпы алғанда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстан бойынша биыл, 2022 жылы, жоспарланған бүкіл жолдарды салуға және жөндеуге 1,1 млн тонна битум қажет болады.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться