Осылайша, Ресей Қазақстанмен шекарада тауар жеткізілімін алдын ала растауға арналған ұлттық жүйені толық іске қосуды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресейдің қаржы министрі Антон Силуанов Ресей-Қазақстан шекарасындағы "Маштаково" өткізу бекетіне барып, СПОТ жүйесінің дайындығын тексерген. Ол бақылау бекетінің бағдарламалық жабдықталуын және көлік ағынын тексеру тәртібін көрген.
– Жүйе көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған. СПОТ ең біріншіден импорттаушы компаниялардың шынайылығын, тауар айналымын және жанама салықтардың төленуін бақылауға мүмкіндік береді. Жүйе 1 маусымнан бастап толық өндірістік режимде жұмыс істей бастайды, – деді Антон Силуанов.
Министрдің мәліметінше, Ресей Федералдық кеден қызметі мен Ресей Федералдық салық қызметі жүйені толық іске қосуға дайын. Тіпті, тексеру барысында мобильді топтардың жұмысы да назарға алынды.
– Олар тасымалдаушылардағы QR-кодтың болуын, алдын ала тіркелген жүк туралы мәліметтердің құжаттардағы ақпаратпен сәйкестігін тексереді.
Сондай-ақ, жүйе адал сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары үшін шекарада кептеліс туғызбай, жүк ағынын бақылауға мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.
Ресей тарапы бұл рәсімге бірнеше минут ғана уақыт жұмсайтынын, көлік қозғалысына кедергі келтірмейтінін айтты. Еске салайық, СПОТ жүйесі биылғы 6 сәуірден бері сынақ режимінде жұмыс істеп келеді.
Жүйе арқылы кәсіпкерлер алдағы жүк жеткізілімі туралы алдын ала ақпарат енгізіп, импорттың заңдылығын растайтын арнайы QR-код алады.