Ресей көршілері оған қарсы тұру үшін күш біріктіріп жатыр

6107

​Ресей құрлық арқылы Норвегиямен және Финляндиямен, ал Арктика арқылы Даниямен шектеседі. 

Ресей көршілері оған қарсы тұру үшін күш біріктіріп жатыр Фото: sldinfo.com

Бұдан бөлек, XVI-XVII ғасырларда бірнеше рет Швециямен соғысқан. Финляндиямен арасындағы қантөгіс шайқастар ХХ ғасырдың бірінші жартысында болды. Яғни, бұл елдердің барлығы кезінде Ресейден қысастық көрді.

Дегенмен, олар бірігуге енді ғана жұмылып отыр.

Норвегия, Швеция, Дания және Финляндия Біріккен әскери-әуе күштерін құру ниеті туралы келісімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес, осы төрт ел әуе күштері әскерлерін біріктіреді. Нәтижесінде, Aftenposten норвег басылымының жазуынша, солтүстік Еуропа елдерінің 250 жойғыш ұшақтан тұратын ортақ әскери авиациясы пайда болмақ.

Сонымен қатар бұл мемлекеттер өздерінің әуе қорғанысы және барлау жүйелерін де ортақ пайдалануға уағдаласты. 

Данияның Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы генерал-майор Ян Дам мұндай қадамға Ресейдің Украинаға шапқыншылығы аясында барып отырғандарын растады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

"Біздің солтүстіктегі елдеріміз Ресейден төнген қатерге тізе қоса қарсы тұратын болады. Бірақ ынтымақтастық онымен шектелмейді. Біз болашақта елдеріміздің әскери қауіпсіздігін бірлесе нығайту жолында ынтымақтасқымыз келеді. Біздің ортақ әуе флотымызды енді ірі еуропалық державаның авиациясымен салыстыруға болады", – деді Ян Дам.

Әрине, мысалы, Израильдің өзінде 600 әскери ұшақ бар. Демек оның қасында жаңа одақтағы 250 истребитель аздық етеді. Әйткенмен, жеке-жеке бұл елдердің ешқайсысы Ресейге төтеп бере алмас еді. Ал жұмылса, қомақты жұдырық пайда болады.

Бұл келісімге қол қою рәсімі осы апта соңында, НАТО-ның Германиядағы атақты Рамштайн әскери базасында өткізілді. Олай болса, жаңа бірлестікке Солтүстікатлантикалық Альянс қарсы емес, бұл оған қайшы емес.

Генерал-майор Ян Дамның түсіндіруінше, осы төрт мемлекеттің әскери-күштерінің қолбасшылары бекіткен декларация бір жағынан, бұл мемлекеттердің әскери авиациясын бір флотқа біріктіреді.

Сырттан жау тисе, оның барлығы бірден бір мұратқа, яғни жауды тойтаруға жұмылдырылады. Әйтпесе, НАТО аясында бірлесіп қорғану қарастырылғанымен, онда шешімдер консенсус негізінде қабылданады. Яғни барлығын қанағаттандыратын құжат дайындалғанша уақыт жоғалтып алуы мүмкін.

Екінші жағынан, жаңа коалиция НАТО аясында, яғни соның қолданыстағы қызмет тәсілдері негізінде жұмыс істейтін болады.

Дания әскери-әуе күштері қолбасшысының мәлімдеуінше, басты мақсат "бір күш ретінде бірге қимылдауға еш кедергісіз мүмкіндік туғызу" болады. Бұл үшін алда бірлескен әуе операцияларының ортақ скандинавиялық тұжырымдамасы түзіледі. Онда Альянс қолданатын әдістеме негізге алынады.

"Ынтымақтастық аясында интеграцияланған бірыңғай қолбасшылық құрылады. Ортақ бақылау жүзеге асырылады. Операцияларды жоспарлау және орындау да бірлесе жүргізіледі. Күштерді майдан даласында өрістету оңайлатылады, икемді болады. Елдеріміздің әуе кеңістігін де бірге қадағалаймыз. Қажетті әскери мамандарды бірлесе даярлаймыз", – деп Ян Дам жабық өткен өзара келіссөздер қорытындысының шет-жағасын айтып берді.

Жаңа Бірлескен күшті құру салтанатына НАТО-ның әскери-әуе күштерінің қолбасшысы генерал Джеймс Хекер қатысты. Альянс солтүстік Еуропа елдеріне әскери авиациясын және әуе қорғанысын одан әрі күшейте түсуге жәрдемдеседі.

Олай болса, Украинаға басқыншылығын НАТО-ны тізерлетіп, әлсіретіп, 1997 жылғы шекарасына дейін шегіндіру қажеттігімен түсіндірген Кремль қожайыны оңбай ұтылғанға ұқсайды.

Өйткені бұған дейін еш қарсыласы болмай, сұрапыл соғыс атаулы өткен ғасырларда қалғандай сезініп, "денесін май баса бастаған" НАТО енді шұғыл шынығып, бұлшық етін бұлтылдатып, арпалысқа жан-жақты әзірленіп жатыр.

Рейтер агенттігі солтүстік Еуропа елдері арасында тығыз саяси, экономикалық және мәдени байланыстар орнағанын еске салды. Бүгінде олар әскери салада да тығыз ынтымақтасуға кірісті. Бұрын олар бірін-бірі аймақтағы бәсекелес санайтын.

Оның үстіне РФ Украинаға баса-көктей кіргенше, бұл елдер әскери-саяси салада әртүрлі мәртебеде болды.

Мысалы, Дания 1949 жылдан бері НАТО-ға мүше, ол тіпті сол әскери одақтың негізін қалаушы мемлекеттердің бірі.

Финляндия мен Швеция бұған дейін бейтараптылықты нық ұстанды. Өз жерінде НАТО-ның инфрақұрылымын қаптатып тұрғызуға рұқсат етпеді. Ресеймен барынша, барлық салада қоян-қолтық қарым-қатынасты дамытты.

Алайда өткен жылы осы екі ел де НАТО-ға кіруге өтініш берді. Егер Түркия тағы қарсы болмаса, онда биылғы жылдың соңына дейін Финляндия және Швеция НАТО-ның толыққанды мүшесі атанады. Екі елдің парламенттері де Альянсқа мүшелікті мақұлдап қойды.

Норвегия да НАТО-ға мүше. Бірақ басқа солтүстікеуропалық елдерден айырмашылығы сол, Норвегия Еуропалық Одақтың мүшесі емес. Әйткенмен, ол одақпен де жан-жақсы серіктестігін өрістетіп жатыр.

Жалпы ашық дереккөздерге жүгінсек, қазіргі кезде Норвегияның қолында F-16 және F-35 маркалы 57 жойғыш ұшағы бар. Тағы 15 жойғыш ұшаққа тапсырыс беріпті.

Финляндия F/A-18 Hornet маркалы 62 ұшаққа және F-35 маркалы 64 ұшаққа тапсырыс берген.

Ал Дания – 58 бірлік F-16 және 27 бірлік F-35 ұшағына ие. Швецияның әскери авиациясы 90-нан астам Gripens реактивті ұшақтарынан құралған.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу