Ресей "Қырым хандығын" қайта құрмақ па?

5758

Кремль 9 мамыр күні немесе одан кейін соғыс барысында басып алған Украинаның жерлерін өз құрамына қосып алатынын жариялауы мүмкін.

Ресей "Қырым хандығын" қайта құрмақ па?

Ресейдің 27 сәуірде референдум өткізіп, ЛХР/ДХР үлгісінде "Херсон халық республикасын" (ХерХР) құруды жоспарлап отырғаны туралы алдымен британ барлау қызметі хабарлаған болатын. Ізінше бұл жайтты Украинаның Бас барлау басқармасы растады. Өңірде референдумды ұйымдастыратын арнайы комиссияға мүше болуы үшін мұғалімдер, зейнеткерлер және басқа азаматтық қызметшілер арасында үгіт жүргізілген. Сондай-ақ тіпті облыстағы Нова Каховка қаласында осыған қажетті бюллетеньдер және мөрлер жеткізілген көрінеді.

Дәйектемелер салмақты болса керек, 23 сәуірдегі баспасөз конференциясында Украина Президенті Владимир Зеленский соны тілге тиек ете келе, "егер Ресей жаңа псевдореспубликалар құру үшін псевдореферендум жарияласа, онда Украина екі ел арасындағы барлық келіссөздер процесінен шығатынын", мұндай арсыз қадам жағдайды дипломатиялық реттеуге еш ықпал етпейтінін зілдене ескертті.

Оның үстіне "Херсон – це Україна!" (Херсона – бұл Украина) деп ұрандап, күн сайын көшеге наразылық акцияларына шыққан облыс орталығының тұрғындары да Мәскеу жоспарының быт-шытын шығарды. Херсон қаласына ресейлік журналистер, пиаршылар мен политтехнологтардың тобы пропагандистік телесюжеттер, роликтер түсіруге келген. Олар "Ресейдің келгенін қолдайтын" тұрғындарды жинап, қала орталығында парад, шерулер ұйымдастырмақ болады. Бірақ онысынан түк шықпады. Ақыры "Росгвардияның" бөлімшелері қаланы босатуды талап еткен бейбіт шерушілерді жарық-шулы граната жарып таратуға мәжбүр болды.

Осыдан кейін ресейлік пропаганданың беталысы өзгерді. Ресей телеарналарындағы таңнан түнге дейін үздіксіз жалғасатын саяси ток-шоу, сараптамалық бағдарламалардың қатысушылары бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, Мәскеудің ешқандай "ХерХР" құру ниеті жоқтығын айта бастады. Бұл жөнінде Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та ұқсас мәлімдеме жасады.

Сарапшылар Мәскеудің жасаған мәлімдемелеріне және британ барлау органдарының жаңа дерегіне сүйене отырып, "Кремль енді ешқандай жаңа республика құрмай, Херсон облысын Қырымға қоса салуды жоспарлап отыр" деп болжам жасай бастады.  

Өйткені Херсон облысы оңтүстікте, Перекопский жермойнағында (перешейка) және "Арабатская Стрелка" құмқайырында, сондай-ақ теңіз акваториясы арқылы Қырым түбегімен тікелей шектесіп жатыр.

Бұған қоса, орыс империясы жаулағанға дейін, бағзы замандардан бері Херсон (Корсунь немесе татарша Кәрсөн) – қырым татарларының бір отаны болған. Қазіргі Херсон облысының жері Қырым хандығының құрамына кірген. Мұны Херсонның Қырым татарлары жерлестігінің (землячество) басшысы, зерттеуші Решат Керимов та растайды. Айтқандай, Кәрсөн деген есімдер бұрындары тек татарларда ғана емес, қазақтарда да кездескен.

Қазіргі кезде Қырым автономды өңірі Ресей Федерациясы құрамында болғандықтан, империяшыл пиғылдағы күштер "Қырымды байырғы Қырым хандығы ауқымында кеңейту" мұратын ілгерілете бастады.

Қырым татарлары халқы Меджлисінің мүшесі Ескендір Бариевтің пікірінше, Кремль үшін украиналық Херсон өңірі аса маңызды және ол бар күшін салып, оны өз уысында ұстап қалуға тырысады.

"Мәскеу қазір Херсон облысын кез келген жолмен өзінің құқықтық өрісіне қосып алуға талаптануда. Мұның стратегиялық маңызы бар. Біріншіден, Херсон Қырым түбегін ауыз сумен қамтып келді. Алайда оны Ресей оккупациялаған соң, Украина жағы су каналын жауып тастап, Қырым өңірі жылдар бойы судан тарықты. Екіншіден, Херсон облысы Ресейге Қырыммен құрлықтағы жол коммуникациялары арқылы тікелей қатынас жасауға мүмкіндік береді. Әзірге теңіздегі Қырым көпіріне тәуелді болып отыр. Сондықтан олар облыс үшін жан сала күреседі. Шабуылға көшкен Украина әскеріне қарсы тас қамал қорғаныс құрып, бұл жерге тас кенедей жабысады", – дейді Е.Бариев.

Оның айтуынша, Қырым татарларының басым көпшілігі Херсонның Ресей әскерінен арылғанын қалайды. Дегенмен Қырым татарлары арасынан шыққан коллаборант, сепаратист, өзін "Қырым татарларының басшысы" деп таныстыратын Эйваз Умеров империяшыл күштердің шашбауын көтеріп, Херсон облысын Қырымға қосу идеясын ілгерілетіп жүр. Ол таяуда Ресейдің қоластына көшкен Украинаның оңтүстігіндегі тұрғындарға "барынша тезірек" ресейлік паспортты таратуды және азаматтыққа қабылдауды ұсынды. Ол сондай-ақ "украиналық ұлтшылдардан босатылған оңтүстік территорияларды – Херсон облысын және Запорожье облысының Азов теңізі жағалауындағы бөліктерін Ресейдің экономикалық кеңістігіне интеграциялау үшін Қырым федералдық округін (ҚФО) құру" бастамасын көтерді.

Украиналық саясаттанушы Владимир Молчанов Қырым хандығына Ресей жері де кіргенін еске салады.

"Олар қазіргі Қырымды тарихи Қырым хандығы жерлері көлемінде қалпына келтіру керек деген идеяны тықпалап жатыр. Егер тарихқа үңілсек, Ресей империясы 1783 жылы күйретіп, оккупациялаған Қырым хандығы Қырым түбегімен және Херсон өңірімен шектелмеген, ол сондай-ақ Запорожьені, Днепр бойын, қазіргі ресейлік Краснодар өлкесінің басым бөлігін қамтыған. Кейін осы аумақтар Ресей империясы құрамындағы Таврический губерниясы аталды", – дейді В.Молчанов.

Ескендір Бариев Қырым хандығы аумағын қалпына келтіру идеясын Кремль де емес, ресейдегі империяшыл күштер де емес, Қырымдағы ресейшіл шенеуніктер, яғни Украинаның экс-шенділері ойлап тапқанын айтады. Мысалы, солардың бірі Сейтумер Ниметуллаев Херсон облысының Қырымға қосылуын мақсат етіп, бүгінде жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жүргізуде.

Қырымнан сайланған МемДума депутаты Михаил Шеремет те "Ресей империясы құрамында болған Таврический губерниясын тарихи шекараларда қалпына келтіру" туралы ұсыныс айтты. Оның байламынша, "бұл аумақтың орталығы, қауіпсіздігінің және тұрақтылығының тірегі ретінде Қырым болуға тиіс".

"Олар осы арқылы Мәскеуден көбірек дотация алудан дәмеленеді. Қаржы тасқыны өседі. Әйтпесе, соғыс нәтижесінде өңірлерді қаржыландыру сұйыла бастаған. Ал Эйваз Умеров сияқты қырым татарларының жекелеген белсенділері солардың қолшоқпарына айналды. Мен Эйвазды жақсы білемін. Ол ұлттық құндылықтарды тәрк еткен, ұлтынан кіндігі ажыраған адам. Тіпті әкесіне қол көтерген. Бұл түркітілдес ұлыстарға жат қылық. Бізде жасы үлкендермен төбелеспек түгіл, үлкен тұрғанда кіші сөйлей алмайды. Эйваз Қырымның Ресейге қосылғанын жақтамайтын қырым татарларын қудалауға септесті. Талай қиянат қылды. Ендеше ол халқымыздың мүддесіне сай келетін бастаманы жүзеге асырмасы белгілі", – деп қынжылады Қырым таталары халқы Меджлисінің мүшесі.

Қырым хандығы ауқымында жаңа өңір құру идеясы өрістетіліп жатқанын Херсон облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Г.Лагута растады.

"Оны Қырым федералдық округі деп атауға ниетті екенін естідім. Ресейліктер осыған жан-жақты дайындалып жатыр. Бірақ олар дегеніне жетпейді. Украина жақын уақытта Херсонщинаны басқыншылардан азат етеді. Мамырда да, одан кейін де Ресейдің бұл мақсаты жүзеге асатынына сенбеймін. Өйткені Херсон өңірінің тұрғындары бодандыққа мойынсұнбайтынын Мәскеуге де, жер-жаһанға да паш етуде. Олар бұған көнбейді. Ал сатқын-коллаборанттар кейін тиісті жазасын алады", – деді Геннадий Лагута "Радио Свободаға" сұхбатында.

Жалпы Ресейдің қаптаған әскері сауытты техникаларымен бірге соғыстың алғашқы күні-ақ Херсон облысына лап қойды. 25 ақпанда олар Нова Каховка және Херсон түбіндегі Антонов көпірін басып алды. 1 наурыз күні ресейлік әскерлер Херсон қаласын толық қоршады, қала маңындағы селоларға орналасты. Көп ұзамай, қолына қару алған жергілікті ер-азаматтардан тұратын "тероборонаның" және украиналық әскерлердің жекелеген бөлімшелерін талқандап, қалаға кірді. Содан бері Херсон облысында Ресей ықпалын кең таратуға күш салуда. Қалада рубль айналымға енгізілген. Кезінде Киев ағытып тастаған ресейлік телеарналар қайта қосылып, пропагандасын таратуға қызу кірісті.

Қалай болғанда, бұл облысты Ресей енді Украинаға кері қайтармауға бекінді. МемДуманың төрағасы Вячеслав Володин "мемлекетіміз өзіне тиесілі жерлерді қайтарып жатыр" деп көкіді. Қазіргі кезде Херсон облысында Украина Қарулы күштері ұрыс салуда, майдан қалаға жақындап келеді. Соған қарамастан Ресей Херсонда украиналық символикаларды, мемлекеттік рәміз-нышандарды жойды. Барлық ғимараттардан Украинаның Мемлекеттік туы құлатылып, орнына РФ туы орнатылды. Бүкіл нысаннан Украина гербі алып тасталды. Ұйым-мекемелердің маңдайшалары орыс тілінде жазылып, қайта ілінген.

Қорыта айтқанда, сарапшылар "ХерХР"-ді де, "Қырым федералдық округін" де ресми бекітілмеген, тек нобай күйіндегі шикі жобалар деп санайды. Мәскеудің олардың қайсысын таңдайтыны, әлде басқа жоба ойлап табатыны таяуда белгілі болуы мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу