Қазақтар "қызтеке" деп атайтын қауымды Ресейде қудалау бастау алды

4285

Солтүстік көршіде ЛГБТ+ "экстремистік ұйым" деп танылды.

Қазақтар "қызтеке" деп атайтын қауымды Ресейде қудалау бастау алды Фото: canva.com

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Мәскеуде күш құрылымдарының біріккен жасақтары кеше түнде квир-клубтарға, сауналарға жаппай рейдтер жүргізді.

"Мәскеу гей-клубтарды шабуылдауға кірісті. Атап айтқанда, "Секрет" клубында, "Центральная станцияда", Полянкада, Hunters Party-да көңіл көтеру кешіне жиналғандарды күштеп, қуып таратты. Сонымен бірге "Центральная станция" Петербургтегі іс-шарасының тоқтатылғанын жариялады. "Центральная станция" мәскеулік клубының қызметкері "Сотаға" хабарлағандай, полиция үш мекемені шабуылдаған: "Секрет" клубын, MONO барын, Hunters Party ЛГБТ-кештер өткізу орнын. "Секретке" шабуыл туралы клубтың әртістерінен білдік", – деп жазады ресейлік SOTA порталы.

"Осторожно, Москва" басылымы да қаладағы екі танымал ЛГБТ-клубқа күш құрылымдарының жасақтары сау ете қалғанын мәлім етті.

"Мәскеуде 22 сағаттан бері рейдтер жүруде. Күш құрылымдары Автозаводская метросының жанындағы көңіл көтеру ұйымына және Полянка метросы жанындағы жігіттерге арналған тақырыптық стрип-клубқа басып кірді. Клубтардың әкімшілігі келушілерді бұл оқиғаның болатыны туралы алдын ала ескертіпті", – деп хабарлады басылым.

Куәгерлердің әңгімелеуінше, Mono барында "әдеттегідей "тусовка" өтіп жатты". Кенет бардың қожайынының өзі шығып, бір сағаттан соң бұл жерге "оқалы жағалылар" қаптап келетінін жария етті. Бұған таяуда қабылданған заңның түрткі болғанын жеткізеді.

Сондай-ақ ұйымның өкілдері бұл барда әнші Ольга Бузова концерт қоюдан бас тартқанын да хабарлапты. 20 минут ішінде танцпол босап, жиналғандар тарай бастаған. Қожайынның алған дерегі шын болып шықты.

Ақпарат құралдары куәгерлерге сілтеме жасап, жазғандай, полицейлер бұл ұйымдарды есірті саудасына тексеріп жатқандарын айтыпты. Ғимаратқа кіргенде де сол сылтауды алға тартқан.

Алайда неге екені белгісіз, келушілердің барлығының паспорттарын суретке түсіріп алған. Тиісінше, алда оларды бәрі қылмыстық істердің фигурантына айналып шыға келмесіне еш кепіл жоқ.

ЛГБТ+ Ресейде енді экстремистік қозғалыс деп танылғандықтан, ондай орындарға баратындар да "экстремист" деп танылып, қудалануы мүмкін. 

"Кештің дәл қызған шағында музыка кілт үзілді. Залға күш құрылымдарының қызметкерлері жамырай кірді. Кешке басқа мемлекеттердің азаматтары, яғни шетелдіктер де қатысып жатқан еді. Барлығын сыртқа шығару кезінде тіпті еш рұқсат сұрамастан, паспорттарын күштеп көрсеткізіп, фотосуретке түсіріп алды. Схема жолға қойылған. Дәл осылай  Питердегі ұқсас клубтарды жауып тастап жатыр", — деп баяндады журналистерге куәгерлер.

Бұған қоса, қалаларда ЛГБТ-сауналарға рейдтер жүріп жатқаны хабарлануда. Мысалы, ақпарат құралдары мәскеулік Цветной бульвардағы "атақты" саунаны әңгіме етті.

"Бәрі әдеттегі рейд сияқты басталады: есірткінің бар-жоқтығы тексеріледі-мыс. Бұзушылықтар табылмады. Бірақ клиенттер мұндай қауіпті орынға енді біразға дейін оралмайды. Ешкімді де аяған жоқ. Саунада масқара маска-шоу ұйымдастырып, әй-шәйға қаратпай, барлығын жерге алып соқты, беттерін еденге қадады", — деп мәлім етті куәгерлер "Осторожно, Москва" басылымына сұхбатында.

Петербургте алғашқылар қатарында, 2 желтоқсанда "Центральная станция" квир-бары өзінің жабылғанын жариялады. Әкімшілігі мұның себебі ретінде ғимарат иесінің аренда мерзімін ұзартудан бас тартқанын атады.

Бұл – Ресейдегі табиғи жынысынан жеріп, туабітті болмысын жақтырмайтындардың жиналатын орындарын тегіс жабуға бағытталған алғашқы қадам болса керек. 2023 жылғы 30 қарашада РФ жоғарғы соты "экстремистік ұйым" деп танып, Ресейде "ЛГБТ халықаралық қоғамдық қозғалысына" түбегейлі тыйым салатын қаулы қабылдады.

Отырыс жабық режимде өтті. Оған жауапкерлер ретінде ешкім шақырылмаған, тиісінше, "көгілдірлерге" қарсы дәйектемелерін келтіруге мүмкіндік берілмепті. Жиынға журналистер де кіргізілмеді. Салдарынан, мемлекеттің ұстанымы, айыптаушының тыйым салу үшін қандай дәйектемелер ұсынғаны беймәлім қалды. 

Талап арызды қараған РФ жоғарғы сотының судьясы Олег Нефедов үкімнің дереу күшіне енетінін мәлімдеді. Тиісінше, "ЛГБТ халықаралық қоғамдық қозғалысының" қызметіне шұғыл түрде тыйым салу шаралары қабылдануы шарт.

Бірақ қылмыстық істер сәл кейінірек қозғала бастамақ. Антиэкстремистік жаңа заңнамадағы тыйымдарды бұзғандарға жаза келесі жылдың 10 қаңтарынан қолданыла бастайды.

Ресейлік құқық қорғаушылар "шынында ЛГБТ халықаралық қоғамдық қозғалысы деген жоқ" деп табандайды. Олардың байламынша, көгілдірлер – қоғамның бір қабаты, страты.

Қалай болғанда, Кеңес одағы да гомосексуализм үшін қылмыстық қудалайтын. "Мужеложство" бабы бес жыл түрмеге қамауды қарастырды. Ресей барлық тұрғыдан сол заманға қарқынды түрде кері оралып барады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу