Көсемі өлтіріліп, соғыс машинасы АҚШ-тың үздіксіз қысымына ұшыраған Иран қазір негізінен жалғыз қалды. Оның көптен бергі серіктестері – Ресей мен Қытай дипломатиялық айыптаулар мен алаңдаушылық білдіруден аса алмай отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тегеранның АҚШ пен Израильге жауабы соғысты Таяу Шығыс шеңберінен асырып жіберді деуге болады. Зымырандар мен дрондар әлемдік энергетикалық нарықтарды теңселтіп, Ормуз бұғазында дүниежүзілік мұнайдың 20 пайызы өтетін су жолында кемелер қозғалысын тежеді.
"Путиннің басқа да басымдықтары бар. Солардың ішіндегі ең негізгісі – Украина. Ресейдің Америка Құрама Штаттарымен тікелей әскери қақтығысқа баруы ақымақтық болар еді", – дейді Вашингтон институтының Ресей жөніндегі сарапшысы Анна Борщевская.
Ресейлік жоғары лауазымды дереккөздің айтуынша, "Иран мен Парсы шығанағы аймағындағы және оның айналасындағы шиеленіс қазірдің өзінде барлық назарды Украинадағы соғыстан басқа жаққа аударып жатыр. Бұл – факт. Қалғанының бәрі күйреген одақтастық туралы эмоциялар".
Бейжің мен Мәскеу Иранға АҚШ пен Израильдің қысымына төтеп беру үшін әскери әлеуетін кеңейтуге көмектесті: Тегеранды зымырандармен, әуе қорғанысы жүйелерімен, АҚШ операцияларын қиындатуға және шабуыл құнын арттыруға арналған технологиялармен қамтамасыз етті. Дегенмен, бұл қолдау қазір сарқылғанға ұқсайды.
Парадокс
Қытай Таяу Шығыс дипломатиясына жылдар бойы араласты, ал Ресей Иранды Батысқа қарсы ынтымақтастықтың тірегі ретінде қарастырады.
Дегенмен, қақтығыс ушыққан сайын бұл екі державаның шектеулі мүмкіндіктері айқын көріне бастады: Қытай Парсы шығанағының энергетикасына, саудасына тәуелділігімен және Ираннан гөрі Азиядағы қауіпсіздікке басымдық берумен ерекшеленсе, Ресей Украинадағы соғыстың әлегімен жүріп, серіктестерін қорғау мүмкіндігінен айрылғанын және мұнайға бай Парсы шығанағы мемлекеттерімен байланысын сақтауды жоғары қоятынын аңғартты.
Нәтижесінде айқын парадокс туындап отыр: Иран екеуіне де стратегиялық тұрғыдан пайдалы болғанымен, күресуге тұрмайтын елге айналды.
Ресейдің әскери, дипломатиялық, экономикалық ресурстары Украинадағы соғысқа әлі шығындалып жатқандықтан, дәл қазір президент Владимир Путин үшін басым бағыт – Вашингтонмен шиеленістің алдын алу және Ресейдің Таяу Шығыстағы мүдделерін қорғау. Ал Иранның шайқас алаңындағы жеңісі үшін ойынға қатысу – Кремль үшін приоритет емес тәрізді.
"Егер Ресей Иранды тікелей қолдаған болса, Парсы шығанағы мемлекеттері мен Израильді өзінен алшақтатып алар еді. Путин мұны қаламайды", – дейді Борщевская.
Бейжіңнің ұстамды реакциясы болса, оның баяғы стратегиясына сәйкес келеді: ел мүдделеріне сай емес қауіпсіздік жөніндегі міндеттемелерді орындаудан бойды әрқашан аулақ ұстау.
Қытай үшін сауда мен инвестиция маңыздырақ
Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастарының өзара қатынастары қорғаныс міндеттемелеріне негізделген. Қытайдың айырмашылығы сол, ол өзгелермен сауда, инвестиция, қару-жарақ, өзара байланысқан серіктестіктерді қалайды. Және де бұл байланыстар Қытайды Шығыс Азиядан тысқары жерлердегі қымбатқа түсетін қақтығыстарға киліктірмеуі керек, дейді Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының өкілі Эван А. Фейгенбаум.
Әлемдегі ең ірі сауда державаларының бірі және энергия импорттаушы Қытай Иранмен де, оның Парсы шығанағындағы сүнниттік қарсыластарымен де байланыс орнатты. Ал Латын Америкасында Бейжің ешқашан тек Венесуэлаға ие артқан емес.
"Егер Бейжің көбірек іс істегісі келсе, ол стратегиялық назарды немесе әскери активтерді негізгі қауіпсіздік мәселелерінен басқа жаққа бұрмайды. Қытай шетелдегі имиджіне, Тайваньға, Оңтүстік Қытай теңізіне және АҚШ пен Жапониядан келетін қауіп-қатерге көбірек мән береді", – дейді Вашингтон институтының ғалымы Генри Тугендхат.
Иранға қарсы соғыс тіпті Бейжіңге пайда әкелуі мүмкін. Мәселен, Қытай АҚШ армиясының Шығыс Азиядан алыс жерлерде тұралап, әскери қорын сарқылтып жатқанын сырттан бақылай алады. Сонымен бірге, ҚХР америкалықтардың мүмкіндіктері мен операциялары жайында нақты уақыт режимінде ой қорыта алады. Мұның бәрі болашақ Тайвань сценарийі туралы дұрыс байлам жасауға жәрдемдесуі мүмкін.
Қытайдың осал тұсы – оның мұнай импортына тәуелділігі: бұл мемлекет сатып алатын "қара алтынның" шамамен 45%-ы Ормұз бұғазы арқылы өтеді. Бірақ сарапшылардың айтуынша, Бейжің стратегиялық мұнай қорын баяғыда жинап алып, Иран шикізатының айтарлықтай бөлігін танкерлерде немесе қоймаларда сақтап отыр.
Мұнай бағасының өсуі Ресейге тиімді
Ресей де нақты пайда көріп отыр: мұнай бағасының өсуі оның әскери экономикасын нығайтады. Бұған қоса, АҚШ-тың басты назары Украинада емес – Таяу Шығысқа ауып отыр.
Борщевскаяның айтуынша, Ресей Иран режимінің құлауынан ештеңе ұтпаса да, өз тағдырын Тегерандағы режимнің аман қалуымен байланыстырғысы келмейді. Мәскеу соғыстың нәтижесіне қарамастан, икемділікті сақтай отырып, Иранның кез келген жаңа үкіметімен, тіпті Вашингтонмен одақтас билігімен де байланыс орнатудан үмітті.
Бұған Сирия мысал. Ресей жылдар бойы Башар Асадты қолдағаны белгілі. Бірақ Асад биліктен құлатылғанына қарамастан, Мәскеу Жерорта теңізіндегі базаларын сақтап қалды және Сирияның жаңа лидері Ахмед әш-Шарамен тез арада байланыс орната білді.