banner

Ресей мен Украина кішкентай ғана Бахмут үшін неге сонша шайқасып жатыр?

2794

Киевті үш күнде алуды жоспарлаған Ресей армиясы бұл қаланы жеті айдан бері жаулай алмай жатыр. 

Ресей мен Украина кішкентай ғана Бахмут үшін неге сонша шайқасып жатыр? Фото: yandex.kz

Оның тұрғындарының 90 пайыздан астамы бас сауғалап басқа жаққа кетті. Қаланың өзі жермен-жексен. Ондаған мың адам қаза тапты. Және де бұл елді мекеннің стратегиялық маңызын Пентагон да, НАТО да төмендетті. Соған қарамастан Ресей мен Украина шағын Бахмут үшін қырғын шайқасты әлі жалғастырып жатыр.

Сегіз айға жуық окоптағы соғыстан кейін украин жауынгерлері үш жақтан қоршауға алынды, Киевтің құрал-жабдық жеткізу желілері тозды деуге болады. Ал Бахмуттың жартысынан сәл аз бөлігі - Мәскеудің бақылауында. Дегенмен, Украина екі жақты ауыр шығынға ұшыратып жатқан ұрыста қала қорғанысын екі есеге нығайтуға уәде беріп отыр.

Батыстың кейбір жетекші әскери сарапшылары украин күштері шегініп, жаңа қорғаныс шебіне кеткені жөн деп есептейді. Бірақ Киевтің әзірге қаланы қолдан бергісі жоқ.

Украина президенті Владимир Зеленский "Бахмут бекінісін" Ресей армиясының қанын суша төккен қарсыластықтың символы ретінде сипаттап отыр.

Мәскеу Бахмутты совет заманындағыдай әлі Артемовск деп атайды. Бахмут күйресе, Ресей 2022 жылдың ортасынан бері алғаш рет ірі жеңісті жариялап, Украинаға қарсы шабуылдарды тіпті кеңейте түседі.

Бахмут

Бұл қала Украинаның Донецк облысында, негізінен орыстілді әрі индустриясы дамыған Донбасс аймағының бір бөлігінде орналасқан. Оны Мәскеу "арнайы әскери операциясымен" аннексиялауға тамыздан бері күш салып жатыр.

Соғысқа дейін Бахмут халқы 70-80 мың болған. Бірақ Украина вице-премьер-министрі Ирина Веращюктің мәліметінше, онда қазір шамамен 4 мыңдай бейбіт тұрғын бар. Солардың 38-і балалар.

Бірінші дүниежүзілік соғысты еске түсіретін Бахмут шайқасы аяусыз артиллериялық және зымырандық соққыларымен ерекше. Миналанған жерлер мен үйлер арасында жүріп жатқан сұрапыл ұрысты екі жақтың командирлері "ет тартқыш" деп атайды.

Қала бұған дейін де алапат қырғынға куә болды: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Бахмутты басып алған нацистер 3000 еврейді жақын маңдағы шахтаға айдап, тұншықтырып өлтірген екен.

Ажал ордасы?

Әлеуметтік желілерде мәйіттер шашылып жатқан жерлердің суреттерін екі жақ та жариялап тұрады. Солардың бірінде Ресей үшін соғыс қимылдарының көп бөлігін жүргізіп жатқан "Вагнер" жалдамалы орыс отрядтарының негізін қалаушы Евгений Пригожин өзінің қаза тапқан жауынгерлерінің фотоларын көрсетті.

Құрбандар туралы мәліметтер – құпия. Бірақ АҚШ барлаушыларына сенсек, ондаған мың ресейлік сарбаз жан тәсілім еткен. Солардың көпшілігі -"Вагнер" жалдаған "зектар". Бахмутта мыңдаған украиналық әскери қызметші де қаза тапты деген болжам бар.

Жексенбіде Зеленский өз әскерінің өткен аптада Бахмут маңында 1100-ден астам ресейлікті өлтіріп, тағы 1500-ден астамын жаралағанын айтты. Сол күні Ресей қорғаныс министрлігі де мәлімдеме жасап, РФ армиясының 24 сағат ішінде Украинаның шығысында 220-дан астам украин сарбазын мерт қылғанын хабарлады.

Зеленскийдің көмекшісі Михайл Подоляктың сөзінше, Украина Бахмутта Ресейдің ең үздік әскери бөлімшелерін қалжыратып, Киев көктемге жоспарлап отырған қарымта шабуылдар қарсаңында ресейліктерді дәрменсіз күйге түсіруді көздеп отыр.

Жақында әріптестерімен бірге Бахмутқа барған поляк әскери сарапшысы Конрад Музыка бұл қаланы ұстаудың енді стратегиялық мағынасы жоқ деп біледі.

"Бахмутты қорғау енді әскери емес, саяси шешім болуға тиіс. Украиналықтардың шығынының ауқымы мен құны қаланы әскери тұрғыдан ұстап тұрудың пайдасынан асып кетті", - дейді Музыка "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Бахмут Ресей үшін баспалдақ па?

Егер оның инфрақұрылымы қатты бұзылмағанда, аймақтық көліктік-логистикалық хаб ретінде Бахмуттың ресейліктер үшін пайдасы зор болар еді.

Ең бастысы, Бахмутты Ресей өзі бұрыннан алуды аңсаған екі ірі қала - Краматорск пен Славянскке апаратын баспалдақ деп есептейді. Бұл екеуі де ресейлік артиллерия жететін қашықтықта орналасқан. Мәскеу "Донецк Халық Республикасын" "азат ету" оқиғасын аяқтау үшін Краматорск пен Славянскті қайтсе де, жаулауды көздеп отыр.

Зеленский осы айда CNN-ге берген сұхбатында мәскеулік күштер Бахмутты алған жағдайда, Краматорск пен Славянскке "жол ашылады" деп қауіптенетінін және Бахмутты бермеу туралы бұйрығының тактикалық шешім екенін мәлімдеді.

Бахмуттың батысында орналасқан Часов Яр қаласы Ресейдің келесі шабуылына ұшырауы мүмкін. Бірақ ол биік жерде тұр. Сонымен қатар, украин күштері бұл қаланың қорғанысын мейлінше нығайтқан тәрізді.

Батыс сарапшылары мен дипломаттары мамырдан бері Бахмутты  атқылап, тамызда оған қарсы құрлықтық операция бастаған Ресей әскерінің бұл қаланы алудан дереу пайда көретініне күмәнмен қарайды.

Оның үстіне, Ресей армиясы былтыр күзде Украинаның солтүстік-шығысынан бейберекетсіз қашып, Славянск сияқты қалаларды басып алуды жеңілдететін мүмкіндіктен айрылып қалған.

Кімді рухтандырып, кімді жұбатпақ?

Ресей үшін Бахмутты бағындыру өткен жылғы жеңілістерден кейін, жауынгерлердің рухын көтеретін үлкен жетістік болар еді. Ал Украинаға Бахмуттан айрылу ауыр моральдық соққы болып тиюі мүмкін.

Пентагон басшысы Ллойд Остин де, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те Бахмуттың күйреу мүмкіндігін батыстық сарапшылар тәрізді символикалық деп қана бағалады.

АҚШ-та орналасқан CAN аналитикалық орталығының сарапшысы Майкл Кофманның айтуынша, бұл қаланы сақтау Батыс елдерінің көмегін жалғастыруға да көмектеседі.

Егер Бахмут шынында да құласа, Украина Ресей әскерін ұзақ уақыт бойы ұстап тұрып, оны шағын ғана қала үшін орасан шығынға ұшыраттым деп өзін  жұбата алады. Сондай-ақ Бахмут шайқасы Ресейге көбірек аумақты басып алу әрекеттері тым қымбатқа түсетінін ұғындырады деген үміт бар.

"Вагнер" үшін жеңіс пе?

Бахмутты басып алу Ресейдің ең әйгілі жалдамалылары – "Вагнер" тобы мен оның атаққұмар жетекшісі Пригожинге үлкен серпіліс берер еді.

Батыста санкцияға алынған 61 жастағы бұрынғы зек әрі қоғамдық тамақтану магнаты Путинге жағымпазданып, өз ұйымының майдандағы табысын саяси ықпалға айналдыруға тырысып отыр.

Кремль оның шектен тыс саяси амбициясын ауыздықтауға көшкені байқалып қалса да, "Вагнердің" жалдамалылары, соның ішінде Пригожин түрмелерден жинаған сотталғандар, штурмдаушы отрядтар ретінде үлкен рөл атқарғаны даусыз.

Кейбір сарапшылардың ойынша, Украинаның мақсаты – "Вагнерді" Бахмуттағы жауынгерлік күш ретінде жою және де Киев "вагнерліктер" жақын арада басқа жерде қауіп төндіру үшін өз қатарын тез толықтыра алмайды деп есептейді.

"Егер Бахмут жаудан арылса, "Вагнер" айтарлықтай нашарлап, оның Украина позицияларына шабуыл жасау қабілеті күмәнді болады", - дейді поляк сарапшысы Музыка.

Украина Құрлықтық әскерінің қолбасшысы генерал-полковник Александр Сырский сенбі күні Бахмутқа сапарында Киевтің бұл қаланы ұстап тұруға толық негіз барын атап өтті.

"Қазір нағыз батырлар – шығыс майданды иығында ұстап, жауды барынша шығынға ұшыратып жатқан отан қорғаушылар. Бахмутты қорғау бізге резерв жинақтап, көктемгі шабуылдарға дайындалуға мүмкіндік береді. Ол күн алыс емес", - деді Сырский Бахмут үшін соғысып жатқан әскерилермен өткен кездесуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу