Ресей немістердің ең ірі мүлкін тартып алды

13899

Солтүстік көршіде "национализациялау" немесе "русификациялау" үрдісі шырқау шегіне жете бастады.

Ресей немістердің ең ірі мүлкін тартып алды Фото: canva.com

Ресей жаңа тарихындағы ең ірі "кәмпескелеуді" жүзеге асырды. Оның аясында Кремль Еуроодақтың екі елінің энергетикалық алыптарына тиесілі болып келген ірі активтерді тартып алды.

Халықаралық ақпарат құралдары миллиардтаған доллар тұратын ірі активтерінен айрылуы – Германия мен Австрияның компанияларын дәрменсіздікке ұшыратуы мүмкін екенін жазуда.

Ресей басшысы Владимир Путин еуропалық энергетикалық компанияларға тиесілі қымбат активтерді конфискациялауды және жаңа ресейлік иелеріне мәжбүрлі түрде сатқызуды қарастыратын жарлықтарға қол қойды. Құжат Ресей үкіметіне тиісті өкілеттіктер береді. Шетелдік акционерлерден мүлкін алдымен мемлекет меншігіне алып қою және артынша ресейлік инвесторға сату схемаларын көрсетеді.

Еуропалық Politico басылымының жазуынша, аталған жарлық арқылы Ресей президенті жаңа ресейлік компанияларды құруға бұйрық берді. Бұл компаниялар Южно-Русский және Уренгой мұнай-газ кен орындарындағы шетелдіктер меншігінде болып келген үлестерді алады. Осылайша, Кремль қара алтын мен көгілдір отын кендерін игеріп келген австриялық OMV мен германиялық Wintershall-ды күштеп, елден ығыстырып шығарды.

Еуропалық басылымның мәліметінше, осынау аса ірі екі еуропалық энергетикалық компания Ресейдің Қиыр Солтүстігіндегі алып бұрғылау алаңдарының 60% үлесіне иелік етіп келген еді. Олар өз мойындарына алған инвестициялық міндеттемелерін еш бұзбағандарын алға тартты. Бар кінәсі – Мәскеу "қастық пиғылдағы елдер" деп санайтын мемлекеттерден келгенінде.

Мәселе сонда екенін Мәскеу тіпті де жасырмайды.

"АҚШ пен оған ілескен шет мемлекеттердің және халықаралық ұйымдардың Ресей азаматтарына және ресейлік заңды тұлғаларға қатысты шектеу шараларын енгізуге бағытталған қастық пиғылдағы іс-қимылдарына байланысты, сондай-ақ Ресей ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында қаулы етемін: Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайдың туындау қаупінің төнуіне, РФ ұлттық мүдделері мен экономикалық қауіпсіздігіне қатер төнуіне орай, Южно-Русский мұнай-газ конденсаты кен орнын игеруге және онда өндірілетін өнімге арнайы экономикалық шаралар енгізілсін", – делінген Путин қол қойған жарлықта.

Соған ұқсас тағы бір жарлық аясында, Ачим қатпарларындағы Уренгой мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан германиялық инвестордан ("Ачимгаз", "Ачимгаз девелопмент") да активтері тартып алынды.  

"Теориялық тұрғыдан алғанда, бұл толыққанды "национализациялау" деп атауға келмейді. Компаниялар өз инвестициялары үшін шағын болса да, өтемақы алады. Кен орнын сатудан түсетін сомадан олардың қанша алатынын Ресей үкіметі өзі анықтайды. Бірақ бұл қадам Ресейдің жаңа тарихындағы ең ірі "мүлікті конфискациялау" бетін ашты", – деп бағалады Politico.

Ресейлік ақпарат құралдары да классикалық "национализациялау" терминін қолданудан бойын аулақ салды. Оның орнына "русификациялау" деген ұғымды ойлап тапты. Мысалы, "Интерфакс": "Путин Wintershall Dea және OMV меншігін "русификациялайтын" жарлыққа қол қойды" деген тақырыппен ақпарат таратты.

Халықаралық сарапшылар назар аудартқандай, 2022 жылғы ақпанда соғыс басталғанда, көптеген батыстық компаниялар Ресей аумағынан және соның нарығынан толығымен кететінін жариялады. Соның ішінде энергетика саласының алпауыттары – америкалық Exxon Mobil мен норвегиялық Equinor бар. Олар ел билігіндегі тамыр-таныстығын пайдаланып, ресейлік активтерінен уақытылы құтыла алды.

Алайда басқа компаниялар, соның ішінде Shell, BP, TotalEnergies, Wintershall және басқасы ресейлік бизнесінен арылуда және инвестицияларын қайтаруда қаптаған қиындыққа тап болды. Ресей үкіметі олардың активтерін сатуын бұғаттап тастады, сатып алушы жергілікті компаниялармен арадағы мәмілелеріне келісім бермеді. Сондай-ақ салығын еселеп арттырып, жаңа алым түрлерін енгізіп, рұқсатнамаларды шектеп, табысты жұмыс істеуіне тосқауыл қойды.

Енді міне, шетінен мәжбүрлеп, су-тегінге сатқызуда.

"Сарапшылар ескертеді: Ресейге батыстық инвестициялардың келуі доғарылды, Батыс бұл елге мұнай мен газды барлауға және бұрғылауға қажетті заманауи, озық, маңызды жабдықтардың, технологиялардың жеткізілуіне эмбарго қойды. Осының бәрі қосыла келе, Ресей экономикасының флагманы саналатын қазба отынды өндіру секторын дағдарысқа киліктірді, ұзақ мерзімге созылатын өндірістің құлдырауына соқтырды. Бұдан Ресейді тіпті мұнай мен газ бағасының жоғары болуы да, санкцияларды айналып өтетін жолдарды табуы да құтқара алмайды",  – деген байлам жасады Politico.

Солтүстік көрші биыл европалық капитал мен активтерді кәмпескелеуге білек сыбана кірісті. Кеңес заманында, ХХ ғасырдың екінші онжылдығында билік басына келген большевиктер де солай жасағаны тарихтан белгілі.  

2023 жылғы шілдеде Кремль даниялық Carlsberg-тің ресейлік еншілес компаниясын, сонымен қатар франциялық Danone кәсіпорнын тартып алды. The Bell өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, сүт өнімдерімен, әсіресе, йогуртымен танымал франциялық Danone азық-түлік алпауытының активтерін "национализациялауды" "Шешенстандағы интересанттар ілгерілеткенін" жазды.

"Грозный" мемлекеттік телеарнасы "Данон Россия" компаниясын бұдан былай республика басшысы Рамзан Қадыровтың ағайыны, Шешенстанның ауыл шаруашылығы министрі Якуб Закриев басқаратынын жариялады.

Сонымен қатар мемлекеттік "Росимущество" мекемесінің уақытша бақылауына берілген даниялық Carlsberg концерніне тиесілі "Балтика" сыра қайнату компаниясының тізгіні солтүстікосетиялық кәсіпкер Таймураз Боллоев қолына берілді.

Владимир Путиннің жаңа жарлығына сәйкес, жаңа ООО-лар (жауапкершілігі шектеулі қоғамдар) құрылады.

Германиялық Wintershall Dea пен австриялық OMV иелігіндегі "Севернефтегазпром" бірлескен кәсіпорнының, сондай-ақ "Ачимгаз" бен "Ачим девелопменттің" барлық активтері соларға беріледі.  

Бұл ретте ресейлік сарапшылардың мәліметінше, "Севернефтегазпромдағы" үлестің үлкен бөлігін, акцияларының бақылаушы пакетін Путиннің достары иелік ететін "Согаз" компаниясы, "Ачимгаз" бен "Ачим девелопментте" де – солармен сыбайлас "Газовые технологии" ЖШҚ-ы еншілейді.

Южно-Русский кен орнын басыбайлы игеріп жатыр "Севернефтегазпромның" 40% акциясы бүгінде "Газпромның" меншігінде. 34,99% акциясы – германиялық Wintershall Dea GmbH, ал 24,99%-ы – австриялық OMV Exploration&Production GmbH еншісінде болатын.

Уренгой кен орнындағы терең көкжиекті телімдерден қара алтын мен көгілдір отын шығарып жатқан "Ачимгаз" АҚ-ы болса, Wintershall Dea мен "Газпром добыча Уренгой" құрған бірлескен кәсіпорын еді: екеуі "50-де 50" қағидатымен тең басқаратын.

Президенттік жарлықта сипатталған схемаға сәйкес, "Газпромға" тиесілі үлестер соның өзіне беріледі. Ал шетелдік инвесторлар иелігіндегі үлестерді жаңа ЖШҚ-лар қанжығалайды.

Содан соң бірінші ЖШҚ балансына көшетін "Севернефтегазпромдағы", "Газпром ЮРГМ Девелопменттегі",  "Газпром ЮРГМ Трейдингтегі" үлестер бағалаудан өтеді және үкімет белгілеген тәртіппен "Согазға" сатылады.  

Жаңадан құрылған екінші ЖШҚ-ға табысталатын "Ачимгаздағы", "Ачим Девелопменттегі" және "Ачим сбыттағы үлестер де бағалаудан кейін "Газовые Технологии" компаниясына өткізіледі. Жарлықта бұл компанияның деректері келтірілмеген.

Дегенмен, ресейлік "Интерфакс" ресми реестрлерде дәл осындай атауы бар өзінің еншілес кәсіпорнын "Россия" банкі Петерборда құрғанына назар аудартты. Уикипедия дерегінше, "Россия" банкі В.Путинмен тығыз байланысты: оған досы Юрий Ковальчук тең иелік етеді.

Ресми түсініктемеде айтылғандай, жарлықтар күшіне енген мезеттен бастап, Ресейдің және "Газпромның" шетелдік инвесторлармен арасындағы барлық корпоративтік мәмілелері мен келісімдері күшін жоғалтты.

"Тәркілеу" үрдістің күшеюіне байланысты Еуроодақ Ресейдегі еуропалық компаниялардың активтерін басып алуға қатысқан тұлғаларға және ұйымдарға қарсы санкция енгізу ұсыныстарын қарастыруда. Әзірге Брюссель кәмпескелеу науқанынан күреп табыс тауып отырғандарға тиіскен жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу