Ресей Оңтүстік Кавказдан айырыла бастады

1713

Армения мен Әзербайжан жаңа геосаяси орбитаға бет алды.

Ресей Оңтүстік Кавказдан айырыла бастады Фото: Жасанды интеллект

АҚШ бұрын Ресейдің "ықпал аймағы" саналған Оңтүстік Кавказда өз позициясын біртіндеп, табанды әрі жүйелі түрде нығайтып жатыр. Бұл үдеріс байырғыдай қылыш пен зеңбіректің көмегімен емес, цифрлық технологиялар, инфрақұрылымдық жобалар және халықаралық келісімдер арқылы жүзеге асуда.

Кавказдағы геосаяси өмір шындығы өзгеріп барады. Бұрын шешуші рөл атқарған география мен әскери күштің орнын бүгінде талшықты-оптикалық кабельдер, дата-орталықтар және атауы мен салмағы бар келісімдер алмастыруда. Бір кездері Ресейдің Оңтүстік Кавказдағы басты тірегі болған Армения бүгінде Батыс елдерінің, ең алдымен АҚШ-тың "гравитациялық аймағына" ене бастады. Бұл өзгеріс тек саяси ғана емес, сонымен бірге технологиялық сипатқа да ие.

Жуырда Армения Республикасының АҚШ-тағы елшісі Нарек Мкртчян Юта штаты Сенатының отырысына және Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығында өткен кездесуге шақырылды. Бұл келіссөздерде тараптар технологиялық ынтымақтастық мәселелерін сырт көзден таса, емен-жарқын отырып талқылаған. Ресми хабарламаларда жоғары технологиялар мен болашақ жайы сөз болғаны айтылғанымен, бұл кездесулердің астарында Кавказ өңіріндегі ықпал картасының қайта сызылып жатқанын байқауға болады.

Келіссөздерге Sterling Foundation жеке қорының өкілдері қатысты. АҚШ-тың іскерлік және венчурлық ортасымен тығыз байланысты бұл қор Арменияға бірнеше жылдан бері тамыр жайып, өңірде америкалық бастамаларды ілгерілетуші негізгі арнаға айналған.

Қор ресми түрде "шетелде білім беру, басқару және технология салаларындағы бағдарламаларды" жүзеге асырады, сондай-ақ "кадрларды іріктеумен және үкіметтерге кеңес берумен" айналысады. Алайда мұның нақты нені білдіретіні ашып айтылмайды. Қор Арменияда түрлі сала бойынша 15 жобаны іске асырып жатыр.

Енді АҚШ ұсақ-түйекке бас қатырмай, Арменияда ауқымды жобаны қолға алуда. Толық циклді жүйелік цифрлық инфрақұрылым құруға кірісті. Бұл жоба жасанды интеллект жүйелерін енгізуден бастап, өңір аумағында жиналатын ірі деректерді өңдеу мен сақтауға дейінгі кең ауқымды қамтиды. "Голос Армении" басылымының жазуынша, Firebird ірі дата-орталығы АҚШ-тың бүкіл Кавказдағы барлау қуатын және мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашуы мүмкін. ЖИ мен үлкен деректер бұл шағын мемлекетті ірі геосаяси ойынның маңызды буынына айналдырады.

EADaily порталы Армения үкіметінің өңірдегі ең ірі AI дата-орталығын салу туралы шешімді әлемдегі саяси тұрақсыздық жағдайында қабылдағанына назар аударды. Жобаның жалпы құны – жарты миллиард (500 миллион) доллар. Армяндық сарапшылар оны цифрлық тәуелсіздікке бастайтын тарихи қадам деп бағалады.

Ресейлік басылымдар керісінше, америкалық жобадан қауіп көріп отыр. Жоба "технологиялық серпіліс" ретінде ұсынылғанымен, ол Арменияны сыртқы ойыншыларға тәуелді ету қаупін күшейтеді деп жазуда. Олардың пікірінше, қауіпсіздік жүйесі әлсіз мемлекеттің стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымын шетелдік оператордың бақылауына беру – өзіне қатысты сыртқы қысым тетігін қалыптастырумен тең.

EADaily Арменияда мұндай ауқымды дата-орталыққа деген шұғыл қажеттілік жоқ екенін жазады. Өйткені 2024 жылы ресейлік "Ростелеком" компаниясы Ереванда OVIO дата-орталығын іске қосып, армяндық мемлекеттік органдар мен банк секторының бірқатар қажеттіліктерін қанағаттандырып отырғанын алға тартады.

Алайда Ресейге қарсы санкциялар күшейіп, Батыстың ЖИ технологиялары қарқынды дамыған заманда америкалық жоба әлдеқайда тартымды көрінетіні анық.

Жалпы, АҚШ тек алып дата-орталық салумен шектеледі деп санау – қателік. Штаттардың өңірдегі цифрлық белсенділігі – кең ауқымды стратегиясының бір бөлігі ғана. Негізгі бағыттардың бірі – көлік және логистикалық инфрақұрылым. Осы тұрғыда TRIPP ("Трамптың халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы") жобасының маңызы артып отыр. Жоба Еуропа, Кавказ және Азияны байланыстыратын мультимодальды көлік желісін қалыптастыруды көздейді.

Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін Армения аумағында TRIPP Development Company атты армян-америкалық бірлескен кәсіпорын құрылуда. Армения тарапы компания акцияларының 74 пайыздық бақылау пакетін АҚШ-қа беріп, өзіне тек символдық мәнге ие 26 пайызын қалдыруды жоспарлап отыр.

Жоба көлік дәлізімен ғана шектелмей, теміржол, автомобиль жолдары, мұнай-газ құбырлары мен талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамытуға да құқық алады. Бұл туралы 2025 жылдың соңында Армения Премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылы жобаның нақты құрылысы басталады.

Сарапшылардың пікірінше, TRIPP жобасы АҚШ-тың Ұлы Жібек жолы бойындағы ықпалын кеңейту құралына айналуы мүмкін. Бұл кеңістікте бүгінде америкалықтардың басты жаһандық бақталасы – Қытай.

Никол Пашинянның айтуынша, "Трамп маршруты" мен Армения-Түркия арасындағы жаңа көлік байланысы Қазақстан арқылы өтетін Орта дәліздің маңызды бөлігіне айналып, Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арасындағы үздіксіз қатынасты қамтамасыз етеді.

Әу баста армян жері арқылы Әзербайжанды Нахичеван эксклавымен байланыстыру үшін ғана жоспарланған "Трамп бағыты" енді шын мәнінде халықаралық дәлізге айнала ала ма? Оның іргетасы қаланып та қойды.

Таяуда, 2026 жылғы 13 қаңтарда Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Арменияның Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян TRIPP жобасын іске асыру тетіктері жөніндегі жаңа бірлескен мәлімдеме жариялады. Құжат Армения аумағы арқылы өтетін мультимодальды транзит жүйесін қалыптастыруды көздейді. Ол Әзербайжанды оған қарасты Нахичеван автономиялық республикасымен байланыстырып, әрі қарай Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (ТХКБ, Middle Corridor) интеграцияланбақ.

Жоба таяу уақытта белсенді іске асыру кезеңіне өтеді. АҚШ TRIPP жобасының алғашқы траншы ретінде Арменияға 145 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетті. 2026 жылғы 23 қаңтарда Трамп жобасы бойынша армян-америкалық жұмыс тобының екінші отырысы өтті.

АҚШ президентінің бастамасы аясында Әзербайжанды Нахичеван республикасымен құрлық арқылы (қазіргі таңда тек әуе қатынасы бар) байланыстыруды көздейтін TRIPP дәлізін дамыту үшін Армения өз жерінің бір бөлігін Америкаға 99 жылға дейінгі мерзімге эксклюзивті құқықпен бермек. Вашингтон бұл аумақты инфрақұрылымды салуға және оны басқаруға жауапты консорциумға субарендаға ұсынуды жоспарлап отыр.

Бұл өңірге берік орныққанын көрсету үшін АҚШ Арменияда атом электр станциясын салуы да мүмкін. 2026 жылғы 24 қаңтарда АҚШ Президенті Дональд Трамп Армениямен бейбіт атом саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасу ниетін мәлімдеді.

Осы геосаяси өзгерістер аясында Армения мен Түркия арасындағы қарым-қатынастарда да көптен күткен "көктемгі жылымық" басталып, өткен ғасырдан бері сіресіп жатқан тоң жібіді. Алдағы апталарда алғаш рет екі ел арасындағы шекара ішінара ашылады деп күтілуде. Бұл қадам кейін шекараның толық ашылуына және екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашпақ.

"Алдағы күндерде немесе апталарда шекараның кем дегенде ішінара ашылғанына куә боламыз деп үміттенемін. Кейін оны толық ашамыз. Бұл екі елдің халықтарына да пайда әкеледі", – деді Арменияның сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян ПАСЕ сессиясында.

Ол түркиялық әріптестерімен қазірдің өзінде қарқынды әрі тиімді диалог орнағанын, мазмұнды күн тәртібі қалыптасқанын атап өтті.

СІМ басшысы өзара сенім шараларын нығайту бағытында бірқатар қадам жасалғанын, соның ішінде транзиттік тасымалдарға пайдаланылатын Гюмри-Карс теміржолын қалпына келтіру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Бұл ретте Армения мен Түркия қатынастарды қалпына келтіру үшін арнайы эмиссарлар тағайындады. Армения тарапынан Парламенттің вице-спикері Рубен Рубинян, ал Түркия жағынан АҚШ-тағы бұрынғы елші, тәжірибелі дипломат Сердар Кылыч.

2025 жылғы 12 қыркүйекте Кылыч пен Рубинян Ереванда алтыншы кездесуін өткізді. Онда Анкара мен Ереван үшінші ел азаматтары мен дипломатиялық паспорт иелерінің армян-түрік құрлықтық шекарасын кесіп өтуін жеделдету, Гюмри-Карс теміржолы мен оның бойындағы электр желілерін қалпына келтіру және пайдалану бойынша техникалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ екі ел арасындағы әуе рейстерінің санын арттыру жөнінде уағдаласты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу