2025 жыл РФ-та көші-қон заңнамасын тарихта теңдесі жоқ ауқымда қатаңдатқан жыл ретінде тарихында қалуы мүмкін.
Мысалы, тіпті Ресейге визасыз кіре алатын Орталық Азия республикаларының тұрғындары бұдан былай жылына 180 күн емес, небәрі 90 күн ғана емін-еркін жүре алады. Әрі қарай арнайы тіркеуге тұруға, уақытша не тұрақты тұру ықтиярхатын алуға, жұмыс істеуге патент рәсімдеуге тиіс.
Бұдан бөлек, биылғы қыркүйектен бастап тіркелу мен жұмысқа орналасудың жаңа, әлдеқайда қатал ережелері күшіне енді. РФ аумағына кірген әрбір шетелдік, соның ішінде қазақстандықтар да ruID қосымшасында тіркеліп, "цифрлық профилін" қалыптастыруға және елге кіргенге дейін 72 сағат бұрын QR-код алуға міндеттелді.
Бұдан бөлек, Мәскеуге және Мәскеу облысына келген әрбір мигранттан ұялы телефонына "Амина" цифрлық қосымшасын орнатып, құзырғы органдардың оның әрбір жүріс-тұрысын, маршрутін бақылауға алуына рұқсат ету талап етіледі. Мұндай тәулік бойғы қадағалау олардың қандай да бір мекенжайда болған қылмысқа қатысты-қатыссыздығын тексеру үшін жасалыпты.
Сонымен қатар, биылдан бастап, ресейлік жұмыс берушілердің жатжұрттық мамандарды жұмысқа қабылдауы қиындатылды. Шетел азаматын жұмысқа қабылдаудың және жұмыстан шығарудың әрбір оқиғасы туралы РФ ІІМ-ін тұрақты хабардар ету талабы күшіне енді. Уақытылы құлақтандырмаса, үлкен айыппұл салынады, іс қозғалады.
Сондай-ақ, әрбір мигранттың тәртіпсіздігі, теріс қылығы, қылмысы үшін жұмыс беруші де жауапты болады. Олар жұмысқа қабылдайтын шетелдіктің ар-ұжданының кіршіксіздігін, өз отанында қылмыс жасаған-жасамағанын өз бетінше тексеруге міндеттелді.
РФ аумағында болу мерзімдерін бұзу, басқа да бұзушылықтар шет мемлекеттің азаматының елден депортациялануына және 5 жыл бойы қайта оралуына тыйым салынуына соқтырады.
Бұған тоқтамаған солтүстік көрші енді мигранттарды медициналық көмектен айырды. Мемдума Ресейде 5 жыл бойы "еңбекпен өтемеген" ("отработка трудом") гастарбайтерлерді, соның ішінде қазақстандықтарды да тегін емдеуге тыйым салды. Бұл ретте олардың жалақысынан ай сайын тиісті жарна ұстала береді және медсақтандыру полисін сатып алу талабы сақталады.
Кеше, 20 қарашада ресейлік Парламент шетелдіктер үшін міндетті медициналық сақтандыру (ММС) ережелерін өзгертетін заңды қабылдады. Түзетулер "РФ-тағы міндетті медициналық сақтандыру туралы" 2010 жылғы 29 қарашадағы №326-ФЗ федералдық заңға енгізіліп отыр.
Құжатқа сәйкес, ММС полисі Ресейде 5 жылдық сақтандыру өтілі бар еңбек мигранттарына ғана беріледі. Бұл туралы Мемдума баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейінгі тәжірибе бойынша өз жұмыс берушісі 3 жыл бойы сақтандыру жарналарын аударған шетел азаматы тегін медкөмекті пайдалана алатын. Енді осы мерзім 5 жылға дейін ұзартылып отыр.
Салыстырсақ, Қазақстанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ай сайын жарна аударатын шетелдіктер, соның ішінде ресейліктер бір жылдан кейін МӘМС пакеті аясындағы тегін медициналық қызметті толық ала бастайды. Ал, ТМККК аясындағы кепілдендірілген көмек оған елге келген алғашқы күннен қолжетімді.
"Біздің елде тегін медициналық көмекті пайдалану үшін шет мемлекеттің азаматы соған лайықты екенін дәлелдеуге, бұл үшін Ресей территориясында кем дегенде 5 жыл үздіксіз және заңды түрде жұмыс істеуге міндетті болады. Біздің елге жұмыс іздеп кірген жатжұрттықтар жоғары стандарттағы әлеуметтік кепілдіктердің игілігін көргісі келсе, соған құқылы екенін адал әрі заңды еңбегімен растауға тиіс!", – деп нықтады Мемдума төрағасы Вячеслав Володин.
Бұл түзету елден мигранттарды ығыстырып шығарудың жаңа құралына айналуы мүмкін. 2025 жылғы 8 ай ішінде шамамен 35 000 шетелдік көші-қон заңын бұзғаны үшін елден қуылған. Бұл тек басы ғана – құзырлы органдар алда жүздеген мыңын аластауға әзірленуде.
Бұл туралы Мемдума басшысы Володиннің өзі төл Telegram-каналында хабарлады. Оның жазуынша, бақылауға алынған тұлғалардың "қара тізімінде" қыркүйек айының өзінде 770 000 адам болған – оның бәрі депортацияланады. Биылғы 10 қыркүйекке дейін өз мәртебесін заңдастырып үлгермеген шетелдіктердің бәрі елден мәжбүрлеп шығару режиміне жаппай көшірілді.
Оның үстіне 2025 жылғы 5 ақпаннан бастап РФ ішкі істер органдары ешқандай сот өндірісінсіз, шетел азаматын елден аластау туралы қаулыны өз білгенінше шығару уәкілеттігіне ие болды. Бұрын ел аумағынан шығару туралы шешімді тек сот қана қабылдай алатын.
Сол 5 ақпаннан бері Ресейде "Бақылауға алынған тұлғалардың реестрі" жұмыс істей бастады. Бұл үлкен базаға РФ территориясында заңсыз жүр деп саналатын барлық шетел азаматы енгізіледі. РФ ІІМ дерегінше, тізілім қатып қалған нәрсе емес, тәулік бойы тоқтаусыз жаңартылып, үнемі жаңа тұлғалардың мәліметі енгізіліп тұрады.
Мәселен, егер қандай да бір Қазақстан азаматы Ресейге визасыз кірсе, алайда 90 күн өткеннен кейін елден шығып кетпесе, тіркеуге тұрып, ары қарай не мақсатпен қалғанын құжат жүзінде көрсетпесе, солай мәртебесін растамаса, онда деректері осы базаға енгізіледі.
"Настоящее Время. Азия" телеарнасының түсіндіруінше, бұл реестрге кіріп кеткен мигранттардың құқығы қатты шектеледі. Олар кез келген көлік құралын басқара алмайды, тіпті скутер, мопед, электросамокат пен велосипедті де жалға ала алмайды. Оларға жүргізуші куәлігі берілмейді, неке қиюына, шот ашуына, ақша аударуына және басқасына тыйым салынады. Тіпті банктегі депозиті бұғатталады.
"Реестрге қалаған ұйым кіре алады – жұмысшылар, билік органдары, банктер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және басқасы. Өйткені алдына келген шетел азаматына қандай да бір қызмет көрсетпес, операция жасамас бұрын қызметкер оның осы тізілімде бар-жоғын тексеруге тиіс. Егер қара тізімде тұрса, ол елде заңсыз жүр деген сөз. Демек, оған ешқандай қызмет көрсетуге болмайды. Әңгіме әралуан қызметтер туралы болып отыр: жұмысқа қабылдау, баласын балабақшаға немесе мектепке беру, меншік құқығын тіркеу, үй алу, некесін тіркеу не бұзу және өзгесі. Оған билет сатуға да тыйым салынған! Яғни, күнделікті өмірде қажет барлық қызметтердің тұтас кешенінен тегіс айрылады", – деді KP.ru порталына сұхбатында РФ ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Александр Горовой.
Осы аптада Ресей мигрант жұмысшыларды жұмыстан шығару себептерін де күрт ұлғайтты. РФ Президенті Владимир Путин шетелдік азаматтармен еңбек шарттарын бұзу негіздері тізімін кеңейтетін заңға қол қойды. РБК хабарлағандай, заң 2026 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енеді.
Тиісті құжат Ресми құқықтық ақпараттар порталында жарияланды. Жаңа ережелер Еңбек кодексіне түзетулер енгізеді. Енді егер аймақтық қағидалар бойынша жаңа талаптар, шарттар енгізілсе, соған сәйкес жұмыс берушілер шетелдік жұмысшыларының санын азайтуға міндетті болады.
2014 жылдан бастап Ресейдің 24 республикасын қоса алғанда, барлық аймақтары шетелдік жұмысшыларды жалдауға өз квоталарын белгілей алады. Дегенмен, шетелдік жұмысшылармен еңбек шарттары тек федералдық заңдарда, президент жарлықтарында және үкіметтің ережелерінде белгіленген жағдайларда ғана бұзыла алатын еді. Осы арқылы шетелдік жұмысшылардың еңбек құқықтары РФ тұрғындарымен теңестірілді.