Ресей өз шекараларын жаңаша анықтауға ниетті

5421

Владимир Путин РФ Сыртқы саясатының жаңа, қаһарлы тұжырымдамасына қол қойды. Батыс оны "қылжақ" деп атап, салмақты қабылдамады.

Ресей өз шекараларын жаңаша анықтауға ниетті Фото: Twitter

Кремль қожайыны Ресей Федерациясының Сыртқы саясаты концепциясын бекітті. Ол бұрын қолданыста болғанына қарағанда біршама агрессивті бола түсті.

Бұған қоса, солтүстік көршінің одақтастарының қатары да қатты сұйылып қалғаны байқалады. Атап айтқанда, Мәскеу өзіне достық пиғылдағы серіктес елдер қатарына тек БРИКС, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД), Еуразиялық экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ), РИК (Ресей, Үндістан, Қытай) сияқты халықаралық бірлестіктер мен ұйымдарға мүше елдерді ғана жатқызды. Кремль дәл осы ұйымдардың "халықаралық рөлін арттырып, әлеуетін нығайтуға басымдықты мән береді".

Мұның ішінде ШЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД және ЕАЭО ұйымдарына Қазақстан кіретіні мәлім.

Бұдан бөлек, РФ Африка, Азия-Тынық мұхит өңірі, Латын Америкасы және Таяу Шығыс елдерімен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған көпжақты институттарды, өңірлік және субөңірлік интеграцияны, диалог алаңдарын және аймақтағы бірлестіктерді қолдауға жете көңіл бөлетін болады.

РФ ТМД, ҰҚШҰ, Еуразиялық одаққа мүше елдерді және Абзахия мен Оңтүстік Осетияны ұзақ мерзімді көршілік тату қатынастарды орнату үшін барынша маңызды аймақ деп жариялады. Осы кеңістікті тұрақты ықпалында ұстауға тырысады.

Ресей әлемдік аренадағы басты стратегиялық одақтастары деп Қытай мен Үндістанды таныды. Ислам әлемі елдерінде Иранмен, Түркиямен, Сауд Арабиясымен, Мысырмен ынтымақтастығын белсенді дамытпақ. Ал Сирияға жан-жақты қолдау көрсететін көрінеді.

"Әлемдік құрылымды көп полярлы әлем шынайылығына бейімдеу мақсатында РФ АҚШ-тың және басқа да қастық пиғылдағы мемлекеттердің әлемдік істердегі үстемдігінің рудименттерін жоюға басымдықты түрде күш салады. РФ кез келген мемлекет неоколониалдық, жаңа отаршылдық және гегемондық амбицияларынан бас тартуы үшін жағдай жасайтын болады", – делінген көршінің жаңа концепциясында.

Бұл тек Батысқа ғана қатысты болса керек. Себебі, құжатта мысалы, көрші Қытайдың гегемондық көкірегін басу үшін шара қабылданатыны жазылмаған.

Украинадағы соғысының бір жылы ішінде арып-азған Ресей бұл құжатында жалын күдірейтіп, "сыртқа жүнін қампайтып" отыр. Мысалы, АҚШ Президенті Ресейді "өңірлік держава" деп танып, босаға жақтағы орнын көрсеткен болатын. В.Путиннің бұл мәртебені қабылдай алмағаны байқалады.

Ол тұжырымдамада Ресейді "бірегей мемлекет-өркениет" (түпнұсқасында: самобытное государство-цивилизация), "кең ауқымды еуразиядық және еуро-тынықмұхиттық держава" (түпнұсқада: обширная евразийская и евро-тихоокеанская держава) деп атапты.

Стратегиялық құжатында Мәскеу "орыс әлемін" ары қарай құруға ерекше екпін түсірген. Мысалы, ол өзге халықтарды орыс ұлтының айналасында, "орыс әлемінің мәдени-өркениеттік темірқазығында" біріктіруді мақсат тұтады.

Айтпақшы, "орыс әлемі" демекші, кейбір сарапшылар соны ілгерілетуге арналған бұл құжаттың дәл "РФ әскерінің Буча қырғынына 1 жыл толған кезде" шығып отырғанына назар аудартады.

Құжат 6 тараудан тұрады. Оларда жалпы ережелер, әлемнің дамуының негізгі үрдістері, Ресейдің ұлттық мүдделері, сыртқы саясатының басымдықты бағыттары, өңірлік бағыттар және оларды жүзеге асыру жолдары қамтылған.

Сорақысы сол, қаншама бейбіт тұрғынның түбіне жеткен РФ өзін "әлемдік дамудың егемен орталықтарының бірі" ретінде ұсынып отыр және дүниежүзіндегі күштердің жаһандық теңгерімін ұстап тұру бойынша бірегей миссиясын атқаратын болады.

"Ресейдің сыртқы саясаты бейбіт, ашық, болжамды, сенімді, бірізді, прагматикалық сипатта болады", – делінген құжатта. Қағаз бәрін көтереді деген осы.

Сонымен бірге Ресей көрші елге шапқыншылығын "анағұрлым әділ, көп полярлы әлемді қалыптастырумен" бүркемелеуге тырысыпты. Осы арқылы ол "жүздеген жылдар бойы отаршыл державалардың озық экономикалық дамуын қамтамасыз еткен әлемдік дамудың ескі үлгісін өткеннің еншісіне" жіберетін көрінеді.

Бұл ретте "жаһандық үстемдік ету және неоколониализм логикасына сәйкес ойлауға жаман үйренген бірқатар мемлекеттердің болып жатқан жағымды өзгерістерді қабылдағысы келмейтініне" қынжылыс білдіреді. Бірақ Мәскеу бүкіл төрткіл дүниеде тек өзі ғана көрші тәуелсіз елдерді отарлап, кеңес империясын қайта қалпына келтіру саясатын жүргізіп отырғанын жасырды.

Жалпы, жаңа РФ сыртқы саясат тұжырымдамасы салмақты құжаттан, байбаламды пропаганда кітапшасына көбірек ұқсайды. 

"АҚШ пен оның жандайшаптары (сателлиты) Ресей Федерациясының Украина бағытында өзінің өмірлік маңызды мүдделерін қорғау үшін қабылдап жатқан шараларын қабылдау орнына, оны көп жылғы антиресейлік саясатты ушықтыру үшін сылтау ретінде пайдаланды және жаңа типтегі гибридтік соғыс ашты. Бұл РФ таңдауы емес еді", – дейді Кремль осы құжатында.

Тұжырымдамаға сәйкес, РФ өз басымдығы ретінде басқасы сыртында, қауіпсіз ақпараттық кеңістікті орнатуды, Ресей қоғамын шетелдік деструктивті ақпараттық, психологиялық ықпалдан қорғауды белгіледі. Ендеше көршінің темір шымылдырық ішінде оқшаулануы ұзақ жылдарға бағытталған болып шықты. Орыстың рухани-адамгершілік құндылықтары соның ұстынына айналмақ. Мысалы, қазірдің өзінде "ВК" әлеуметтік желісінде ұлты басқа ресейліктер мектеп директорларының оқу бағдарламасы аясында балаларына Shamаn лақап атымен белгілі әнші Ярослав Дроновтың "Я русский" өлеңін жаттауға және шырқауға мәжбүрлеп жатқанына шағымданады. Бұл өлең бүгінде ресейлік пропаганданың басты ұран-әніне айналды.

РФ сыртқы саясаты тұжырымдамасының бір тұсы да елең еткізді: оған сәйкес, Мәскеу Ресейдің мемлекеттік шекараларын жаңаша рәсімдеу процесін жандандыруды жоспарлап отыр.

Жалпы, былтыр Кремль Украинаның оккупациялаған Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын РФ территориясына қосатын ресейлік заң қабылдады. Тіпті осы аумақты ел Конституциясына енгізді. Бұл құжатсымақты әлемде сау, саламатты елдердің ешқайсысы мойындамады. Оның үстіне егер алдағы уақытта Украина армиясы қарсы шабуылға көшіп, осы облыстарын қайтара алса, онда Ресейге шынымен де мемлекеттік шекарасын қайта рәсімдеуге тура келмек.

В.Путиннің сендіруінше, жаңарған концепция енді Ресейдің орта мерзімді және алыс перспективадағы практикалық іс-қимылдарының негізі болып қаланады.

Ал Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі Путин бекіткен Ресейдің сыртқы саясат тұжырымдамасын 1 сәуірдегі қалжың деп атады.

"Өйткені ақымақтар күні туды", – деп қысқа, нұсқа бағалады британ патшалығының сыртқы саясат ведомствосы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу