Кешелі бері жаһан жұртшылығының назары Белградқа ауды. Сербияда болған оқиғаның жаңғырығы Балқан шекарасынан әлдеқайда алысқа тарайтыны мәлім болды. Саясат сайыпқыраны Александр Вучичтің мұрты енді ғана қылтиған жастардан жеңілуі Сербиядағы тарихи бетбұрыс болды. Әрі бұл үш бірдей дағдарыстың – ішкі саяси тығырықтың, мемлекеттік институттарға деген сенімнің күйреуінің және геосаяси дағдарыстың көрінісіне айналды, деп жазды inbusiness.kz.
Бүкіл оппозицияның қолынан келмегенді студенттер қалай еңсерді?
Мәскеу мен Брюссельдің арасында жылдар бойы тепе-теңдік сақтап келген кәнігі саясаткер Александр Вучич кеше "2026 жылғы 25 қазанда өткен мерзімінен бұрынғы Парламент сайлауында жеңілгенін" мойындады. Сайлауда "Студенттер тізімі" (СТ) қозғалысы жеңіске жетті. Жемқорлыққа қарсы жаппай наразылықтардан бастау алған еуропашыл бұл қозғалыс аз уақыт ішінде елдің басты саяси күшіне айналды.
Сербия Республикалық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметінше, "Студенттер тізімі" ("Студентска листа") сайлаушылардың 52,65%-ының қолдауына ие болып, 2 246 423 дауыс жинаған. Сербияның Прогрессивті партиясымен (СПП) байланысты "Александр Вучич – Біріккен Сербия" ("Александар Вучић – Уједињена Србија") коалициясы 39,22%, яғни, 1 673 241 дауысқа ғана ие болды. Қалған партиялар тізімдерінің ешқайсысы үш пайыздық межеден аса алмады.
Сайлау комиссиясының дерегінше, дауыс беруге қатысу көрсеткіші 68,78%-ды құрады. Сайлау учаскелеріне 4,21 миллион адам келген. CeSID бақылаушыларының бағалауына сәйкес, жеңімпаз жастар қозғалысы Скупщинада – Сербия Парламентінде абсолютті көпшілікке ие болды. "Студенттер тізімі" 250 депутаттық орынның шамамен 140-ын иеленсе, қазіргі билеуші партия 103-ке жуық мандат тиесілі болады.
"Бұл – Сербиядағы нағыз саяси жер сілкінісі. Әңгіме жай ғана биліктің ауысуында емес. 2012 жылдан бері Сербияның саяси келбетін айқындап келген тұтас тәртіп күйреді. Өткен сайлаудың қорытындысы елдің қазіргі заманғы тарихындағы ең ірі саяси бетбұрыстардың бірі ретінде есте қалуы мүмкін. Осы кезге дейін саяси сахнада үстемдік етіп келген Сербияның Прогрессивті партиясы (СПП) шамамен 14 жыл ішінде алғаш рет оппозицияға кетуде. Бұл саяси сілкіністің парадоксы сол, СПП-ны дәстүрлі оппозицияның жеңе алмағаны", – деді Euronews арнасы.
Александр Вучич 2014 жылдан бері Сербия саясатын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келді. Әуелі Премьер-министр, кейін Президент ретінде ел тізгінін берік ұстады. Сербияның Прогрессивті партиясы билікке келгелі Вучич пен оның командасы елдің бүкіл саяси жүйесін өз бақылауына алды. Үкімет те, Парламент те, ұлттық азшылықтар үстемдік ететін аймақ биліктері де ықпалында болды.
Вучич құрған саяси жүйе қуатты партиялық ұйымдарға, мемлекеттік институттарды қатаң бақылау тетіктеріне және медиа кеңістіктегі басымдығына сүйенді. Елдің түкпір-түкпірінде өзіне қолайлы одақтар мен байланыстар желісін қалыптастырған билік саяси алаңды монополиялап, ойын ережесін басыбайлы өзі белгіледі.
Дәстүрлі оппозиция жылдар бойы осы жүйені бұза алмай келді. Оған тек жастар қозғалысының күші жетті.
Нови-Садтағы қайғылы оқиға: ескі саяси жүйе қалай күйреді?
Сайлаушылардың басым бөлігі дауыс беру учаскелеріне белгілі бір саясаткерді қолдау немесе нақты бір партияның бағдарламасын таңдау үшін барған жоқ. Бұл – жалпы жүйеге саналы қарсылық еді.
Наразылық аз шоғыр тұлғаға ғана тәуелді болып қалған саясатқа, биліктің бір қолда шамадан тыс шоғырлануына, мемлекеттік институттар мен бұқаралық ақпарат құралдарына орнатылған қатаң қадағалауға және қоғамды жік-жікке бөлген басқару жүйесіне қарсы бағытталды.
Енді осы қапалы жұрттың сөзсіз қолдауына ие болған "Студенттер тізімі" коалициясы Парламентте өзге саяси күштердің қолдауынсыз-ақ төл Үкіметін құруға жететін мандатқа қол жеткізіп отыр.
Бұл оқиғаның ең драмалы тұсы – наразылықтың қайдан басталғаны. 2024 жылғы 1 қарашада Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының бетон қалқасы опырылып түсті. Қайғылы оқиға салдарынан 16 адам қаза тапты. Трагедия жаппай жайлаған сыбайлас жемқорлықты, инфрақұрылымдық жобаларға қатысты тендерлердің жабықтығын және мемлекеттік қадағалау жүйесіндегі олқылықтарды әшкереледі.
Наразылық білдірушілер құжаттарды халыққа жариялауды, жауапты шенеуніктерді анықтап, қатаң жауапқа тартуды және мемлекеттік институттардың әрекетіне баға беруді талап етті. Осы жолда белсенділік танытқан студенттер көзқарасы мен ұстанымы әртүрлі азаматтарды ортақ мақсатқа жұмылдыра алды. Құрылыс қауіпсіздігіне қатысты нақты проблема бүкіл елді қамтыған сенім дағдарысына ұласты.
Жастар қозғалыстың символын тапты: қаза тапқандарды еске алу үшін дүркін-дүркін қалалардың көшелеріндегі қозғалысты 16 минутқа тоқтату акциясын бастады. Қатысушылар жаяу жүргіншілер өткелдеріне қолдарына плакат ұстап шығып, биліктен "адамдардың өліміне кім жауап береді?" деген сұраққа жауап беруді талап етті.
Акция әр күні сағат 11:52-ден 12:08-ге дейін жалғасатын. Осылайша, қаланың күнделікті тіршілігін белгілі бір мерзімге тоқтату тұтас елдің назарын аудартқан саяси мәлімдемеге айналды. Ақырында, нақты бір апат үшін жауапкершілікті талап етуден басталған наразылық билеуші коалицияның сайлаудағы жеңілісімен аяқталды.
"Бұл – Сербияның парламенттік демократиясы үшін айрықша тарихи мезет! Бұл жеңіс Вучичтің авторитарлық билігінің жеңілісін ғана емес, бұрынғы парламенттік оппозицияның да жеңілгенін білдіреді. Соның нәтижесінде саясат сахнасына жаңа, тың саяси элита шықты", – дейді Белград университетінің саясаттану профессоры Боян Вранич.
Енді Сербия мен Ресей арасындағы қарым-қатынас не болады?
Ресей патшалық заманнан бері Сербиямен тарихының бірлігіне, мәдени түп-төркініне, бір діни дәстүрлеріне және энергетика саласындағы тығыз ынтымақтастыққа сүйеніп келді. Вучич билігі тұсында Белград Мәскеумен жылы қарым-қатынасты сақтады, сонымен бірге Еуропалық Одаққа кіруге де ұмтылды. Көпвекторлы саясат Сербия басшылығына түрлі күш орталықтарымен ынтымақтасып, әрқайсысынан өзіне дивиденд-тиімділік алуға мүмкіндік берді.
Алайда енді Брюссель бұл елді өзіне бұратын жаңа саяси лепті сезе бастағандай. Еуроодақтың кеңею мәселелеріне жауапты комиссары Марта Кос X әлеужелісінде "Студенттер тізімін" бірінші болып құттықтады: "Сайлаудан соң Сербия үшін жаңа тарау ашылуы мүмкін. Еуроодақтың есігі ашық, біз ортақ жолды жалғастыруға дайынбыз!", – деп жазды.
ЕО бір маңызды жайтқа назар аудартты: "Студенттер тізімі" демократияны қолдайтын, Еуропаны жақтайтын және құқық үстемдігін талап ететін қозғалыстың негізінде қалыптасты. Бұл жағдай Сербияның ендігі бағыты еуропалық құндылықтар мен реформаларға шын мәнінде бет бұруы мүмкін деген үмітті күшейтеді.
Еуропарламенттің Сербия жөніндегі баяндамашысы Тонино Пикула да осы ұстанымды қолдайды. "Құқық үстемдігін қамтамасыз ететін, реформалар жүргізетін және барлық азаматқа қызмет ететін институттарды қалыптастыратын уақыт келді. Сербияның Еуропалық Одаққа апарар жолы дәл осындай болуы керек", – деді ол.
Жастар оппозициясының жеңісі Еуропаның ең жоғары саяси деңгейінде де бірден мойындалды. "Студенттер тізімі" еуропалық саясаттың беделді өкілдерінен құттықтаулар қабылдауда. Жеңімпаздарды Еуропалық кеңестің төрағасы Антониу Кошта мен Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен жылы лебізбен құттықтады. Олардың ізін ала бүкіл Еуропаның мемлекет басшылары да өз құттықтауларын жолдады.
Ал, Reuters сарапшылары Вучичтің жеңілісін Мәскеудің кезекті геосаяси сәтсіздігі деп бағалады. Олардың пікірінше, бұл – Ресейдің жақын одақтасы Виктор Орбанның алты ай бұрын Венгриядағы сайлауда жеңілуінен кейінгі тағы бір елеулі соққы.
Кремль жасаған алғашқы мәлімдемелер көршінің абыржып қалғанын аңғартады: Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Сербияның жаңа саяси күштері Ресеймен ынтымақтастыққа мүдделі болса ғана Мәскеу Белградпен қарым-қатынасты одан ары дамытуға ниетті екенін мәлімдеді.
"Біз әрине, Белградпен қарым-қатынасты дамытуға бұдан былай да күш саламыз. Бірақ өздеріңіз білетіндей, тангоны екі адам билейді ғой", – деп мұңлы жауап берді Песков ресейлік журналистерге.
Кремль өкілі Вучичтің Ресей мен Сербия арасындағы қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтіп, оның бұдан кейін де елдің саяси өміріне араласа беретініне үміт білдірді.
Бүгінде Сербияның экономикасы Еуропа нарығымен тығыз байланысты. Серб жастары онсыз да сонымен интеграцияланған: есейе сала, жұмыс іздеп, ЕО елдеріне кетеді. Озық оқу-білімді де сол аймақтан іздейді. Бірақ Сербияның энергетика, мұнай-газ саласындағы Ресейге тәуелділігі қосымша тәуекелдер туғызады.
Жаңа басшылыққа бір мезгілде бірнеше күрделі міндетті шешуге тура келеді: энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық тұрақтылықты сақтау, Мәскеумен және Батыспен қарым-қатынастың болашақ бағытын айқындау. Мұндағы кез келген қателік қарапайым тұтынушылар мен бизнес үшін қымбатқа түсуі мүмкін.
Оның үстіне "Студенттер тізімі" – көпжылдық тәжірибесі бар, жалғыз көшбасшыға бағынатын дәстүрлі партия емес. Бұл – адал мемлекет пен шенеуніктердің жауапкершілігін талап ету төңірегіне топтасқан кең ауқымды қозғалыс қана.
Ендігі міндет – наразылықтан туған қуат-күшті нақты саяси өзгерістерге айналдыру. Жаңа Үкімет жасақтау, министрлерді тағайындау, мемлекеттік институттарды тәуелсіз ету және қоғам сеніміне ие болатын тегеурінді экономикалық бағдарлама ұсыну қажет.
Әзірге Сербия халқы жеңістің қуанышына бөленіп, тойлап жатыр. Белград көшелеріндегі жаппай мерекелік шерулер мен халықтық жиындар жылдар бойы қордаланған қоғамдық ашу-ызаның қаншалықты терең болғанын, кең таралғанын паш етті. Мыңдаған адам бұрынғы биліктің күйреуін атап өту үшін көшеге шықты.
Бірақ қаза тапқандарды еске алуға арналған наразылық акциялары сайлаудан кейін де жалғасты. Қоғам жаңа биліктен тек басшыларды ауыстыруын күтіп отырған жоқ. Халық Нови-Садтағы қайғылы оқиғаның жан-жақты тергелуін, жемқор шенділердің тегіс жауапқа тартылуын, жалпы елді басқару тәсілдерінің түбегейлі өзгеруін талап етуде.
Егер жаңа билік символдық қадамдармен, косметикалық шаралармен ғана шектелсе, халықтың көңілін қалдырады. Егер ауқымды тергеулерге кіріссе, бұрыннан бекіген саяси күштердің қарсылығына және сот жүйесіндегі кедергілерге тап болады. Қалай болғанда да, Сербияның жаңа билігін алда жеңіл жол күтіп тұрған жоқ.