Ресей Украинада жеңіске жетсе не болады? Сарапшылардың сценарийлері

1797

АҚШ-та орналасқан "Соғысты зерттеу институты" бұл сауалға байланысты бірнеше сценарийді ұсынды.

Ресей Украинада жеңіске жетсе не болады? Сарапшылардың сценарийлері Фото: bangkokbook.ru

Оларға жүгінсек, "АҚШ соғыстың жалғасуына көпшілік ойлағаннан әлдеқайда мүдделі" екен.

"Егер Құрама Штаттар, одан кейін Еуропа Киевке әскери көмек беруді тоқтатса, Ресейдің Украинаны түгел жаулап алуы мүмкін емес деу қателік болады", – дейді СЗИ өзінің "Украинаны жоғалтудың орасан шығыны" атты жаңа баяндамасында.

Институт зерттеушілерінің ойынша, соғыстың бұндай нәтижесінде Ресейдің қалжыраған, бірақ жеңімпаз армиясы НАТО-ның Қара теңізден Солтүстік мұзды мұхитқа дейінгі шекарасының бойында пайда болады.

Сонымен қатар, америкалық сарапшылар барлаушылардың дерегіне сүйеніп айтқандай, Украина Батыстың көмегімен 2022 жылы өз жеріне басып кірген Ресей армиясының 90 пайызын жойған.

Бірақ, осынау сұмдық сандарға қарамастан, Ресей қырылған сарбаздарын жаңа жауынгерлермен алмастырып, материалдық шығынның орнын толтыру үшін өнеркәсіптің базасын күшейтіп жатыр және де СЗИ-дің пікірінше, Украинада жеңіске жеткен Ресей әскері мол соғыс тәжірибесін жинап, 2022 жылға дейінгі деңгейінен әлдеқайда нығая түспек.

Бұған қоса, Ресей экономикасы "бірте-бірте қалпына келеді, себебі санкциялар бәрбір әлсіреуі мүмкін. Ал РФ армиясы етең-жеңін жинап, әуе қорғаныс күштерін Американың көзге көрінбейтін әскери ұшақтарына да төтеп беретін күйге жеткізуі ғажап емес.

Тағы бір сөзінде, СЗИ НАТО-ның әскери әлеуеті Ресейдікінен әлдеқайда үлкенірек (Мәскеу тіпті Украина мен Беларусьті толық басып алған күннің өзінде) екенін атап өтті.

"Алайда, соған қарамастан, Ресейге Украинада жеңуге мүмкіндік беру Батыс үшін үлкен ұтылыс болар еді" дейді америкалық институт мамандары. 

СЗИ-дің ойынша:

• Ресей жеңген жағдайда, АҚШ өзінің құрлықтық әскерінің "айтарлықтай бөлігін" Шығыс Еуропаға шоғырландыруға мәжбүр болады.

• Сонымен қатар, Ресей Украинада басым түсетін болса, Құрама Штаттар өзінің "көзге көрінбейтін ұшақтарын Тайваньды қорғау үшін Азияда қалдырған жөн бе, әлде Ресей агрессиясын тоқтату мақсатында Еуропаға орналастырған дұрыс па?" деген диллемаға тап болуы мүмкін.

Сондықтан, сараптамалық орталық "Украинаның жеңілуіне жол бергеннен гөрі оған қазіргі позицияларын ұстап тұруға үнемі әскери қолдау көрсетіп отыру Батыс пен АҚШ үшін әлдеқайда тиімді" деп есептейді.

Сонымен қатар, СЗИ-дің ойынша, Украинадағы қарулы қақтығыстарды уақытша тоқтату немесе оларды "қатырып тастау" Ресейге жаңа соғысқа дайындалуға "уақыт пен кеңістік" береді екен. Ал  Украина неғұрлым көп территорияны қайтарса, соғұрлым ресейлік күштерді шығысқа қарай ығыстырмақ.

СЗИ-дің өзге бір пікірінше, Украинаны жеңіс жолында қолдап, кейін оны қалпына келтіруге жәрдемдесу бәрінен жақсы нәтиже береді. Себебі, Украина жеңсе, оның Батысқа достық ниеттегі әрі Еуропа континентіндегі ірі де жауынгер әскерін НАТО қорғанысының алдыңғы шебіне қоюға мүмкіндік туады екен.

"Жеңіске жеткен Украина үнемі Батыстың қамқорлығына сүйене бермейді. Киев күштері 1991 жылғы шекараға оралатын болса, Украина экономикасының көлемі келешекте сол армияны қолдауға әбден жеткілікті болар еді", дейді СЗИ сарапшылары. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу