Ресей және Қытай ядролық полигондарын кеңейтуге кірісті

3630

Қос көрші ядролық соғысқа дайындалып жатқанға ұқсайды. 

Ресей және Қытай ядролық полигондарын кеңейтуге кірісті Фото: canva.com

CNN хабарлауынша, олар сынақ полигондарында жаңа объектілер тұрғызып, тоннельдер қазған. Мұны спутниктік түсірілімдер де растап отыр.

1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен, Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл – символдық қадам болатын. Осыдан кейін Америка – Невадада, Қытай – Лоб-Норда, Ресей – Новая Земляда атом қаруын сынаудан бас тартты.

Соңғы ядролық сынақтар Ресейде 1990 жылы, Америкада – 1992 жылы, Қытайда – 1996 жылы өткізілген. Содан бері оларда атом қаруы сыналмады. Тек Солтүстік Корея осы бағытта түрлі сынағын жалғастыруға тырысып жүр.

bangkokbook.ru

Дегенмен, әлі күнге дейін әлемде ядролық сынаққа толық тыйым күшіне енбеген көрінеді. Ендеше атом қаруының жарысы қайтадан белең алуы мүмкін.

Арнайы зерттеу жүргізген CNN дәл қазір АҚШ, Ресей және Қытай ядролық сынақтарды қайта бастап кетеді деуге ерте деп санайды. Соған қарамастан, жерсеріктік түсірілімдер көрсеткендей, осы елдердің әрқайсысы соңғы 3-5 жылда ядролық полигондарын кеңейтіп, жетілдірген.

urgentnews.media

Әсіресе, көршілеріміз Ресейдің және Қытайдың белсенділігі қауіп тудырады. ҚХР полигоны біздің дәл іргеміздегі Шыңжаңда орналасқан, Ресейде – Солтүстік Мұзды мұхиттағы архипелагта жабдықталған. АҚШ Невададағы полигонын жапқан жоқ.

dzen.ru

Атап айтқанда, CNN жазуынша, қазақ еліне қоңсы қонған қос алпауыттың полигондарында, тау астындағы жаңа тоннелдер, жаңа жолдар мен қоймалар пайда болды. Сондай-ақ полигондарға кірген-шыққан машиналар легінің күрт артқаны байқалады.

АҚШ әскери әуе күштерінің отставкадағы полковнигі Седрик Лейтонның (Cedric Leighton) байламынша, бұл елдер ядролық қаруды қайтадан сынау үшін қажеттінің бәрін даярлауға көп уақыт, күш-жігер және қаражат бағыттап жатыр.  

CNN үш ірі ядролық держава арасындағы текетірес шырқау шегіне жеткеніне назар аудартады.

"Ресей, Қытай және АҚШ соңғы жылдары төл ядролық полигондарында жаңа объектілер салып, жаңа тоннелдер қазды. Мұны CNN қолға түсірген спутниктік түсірілімдер растайды. Онда бес жыл бұрынғымен салыстырғанда үш елдің ядролық полигондары кеңейгені байқалады", – деп баяндады CNN.

Джеймс Мартин атындағы Ядролық қаруды таратпау проблемаларын зерттеу орталығының профессоры Джеффри Льюис соңғы жылдардағы жерсеріктік түсірілімдерді зерделеген екен.

"Шынында да Ресей, Қытай және Америка ядролық сынақтарды өткізуді қалпына келтіруге дайындалып жатқанын аңғартатын нышандар көп. Соңғы 3-5 жылдағы спутниктік түсірілімдер тау астында жаңа тоннелдер, жаңа жолдар, қойма орынжайлары пайда болғанын айғақтайды. Осы нысандарға кіріп-шығып жатқан көліктердің қозғалысы да артты", – деп мәлімдеді Джеффри Льюис (Jeffrey Lewis).

Ол 1996 жылғы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімге Қытай мен Америка қол қойғанын, бірақ ратификацияламағанын еске салды. Демек, бұл келісім осы елдерде күшіне енген жоқ.

Келісімді Ресей бекітіп, Парламенті арқылы ратификациялады. Алайда бұл ел кез келген келісімді сақтамайтынын, қалаған кезде бұза салатынын жаһанға паш етті. Биылғы жылғы ақпанда Владимир Путин қажет деп тапса және Америка бірінші болып жасаса, онда келісімнің күшінде екеніне қарамастан, Ресейде сынақтарды бастауға дереу бұйрық беретінін мәлімдеді.

"РФ қорғаныс министрі және Росатом ресейлік ядролық сынақтарға дайындықты қамтамасыз етуге тиіс. Біз әрине, мұны бірінші болып жасамаймыз. Бірақ егер АҚШ сынаса, біз де сынаймыз", – деді Кремльдің қожайыны.

lenta.ru

Адамзаттың "ядролық апокалипсиске" өз тарихында мейлінше жақын қалғанын ғалымдар да ескертті. "Атомшы ғалымдардың бюллетені" аталатын ұйым 1947 жылдан бері жүріп тұрған атақты "Ақырзаман сағатының" тілін ілгері жылжытты. Сөйтіп, түн ортасына, яғни адам баласы бірін бірі және планетаны құртып тынатын мезетке "90 секунд" қана қалды.

Ғалымдардың пікірінше, Мәскеудің Украинаға кең ауқымды соғысы жаһандық қауіпсіздіктің архитектурасын бұзды, атом қаруы жоқ елдердің өзгеге жем болатынын паш етті. Салдарынан, алпауыттар шаң басып, шіри бастаған ядролық арсеналын қайтадан ұрысқа дайындап, жетілдіре бастады.

Жаңадан өршитін қару-жарақ жарысы бірде бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Себебі, қазіргі кезде жасанды зерде кез келген адамның, соның ішінде президенттер мен генералдардың бет-әлпетін, сөйлеу мәнерін дәл бейнелей алатын дәрежеге жетті. Демек, әлдебір президенттің атынан жалған суыт мәлімдеме жасалып, қарсылас оның алдын орау үшін ядролық превентивті соққы беруі ғажап емес.

Мұның алдын алу үшін таяуда БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш ядролық державалар мен қалыс қалған елдерге арнайы жүгініп, оларды бейбіт және әскери мақсаттағы барлық ядролық сынақтарға тыйым салатын әлемдік келісімге қосылуға және ратификациялауға шақырды. Онсыз бұл маңызды құжат күшіне ене алмайды.

"Биылғы жылы біз жаһандық сенімсіздік пен талас-тартыстың әрі қарай күрт өршуіне тап болып отырмыз. Дәл осы кезде бүкіл әлемде 13 мың бірлікке жуық ядролық қару қордаланған. Енді мемлекеттер ядролық қарудың дәл тиюін жетілдіру, барынша алысқа ұшыру және күйретуші күшін арттыру бағытында жұмыс жасап жатыр. Мұның бәрі – адамзатты жоюдың рецепті", – деп инсайд ақпаратымен бөлісті А.Гутерриш.

sn-gazeta.ru

Осы орайда профессор Джеффри Льюис Ресейдің Новая Землядағы ядролық полигонының кеңеюі үлкен қауіп туғызатынын хабарлады. Тамыз айында оған қорғаныс министрі Сергей Шойгу арнайы сапарлап, инспекция жасап қайтыпты.

"Солтүстік Мұзды мұхитындағы Новая Землядағы полигонды Кеңес одағы 1955 жылдан бастап, "соңғы демі таусылғанша" пайдаланды. Мәскеудің соңғы ядролық жерасты сынағы да 1990 жылы сонда өткізілді. "Наука и глобальная безопасность" журналында жарияланған дерекке сәйкес, аталған мерзім аралығында полигонда жалпы саны 130 сынақ ұйымдастырылған. 200-ден астам атом бомбасы жарылған. Спутниктік түсірілімдер айғақтағандай, 2021-2023 жылдары Новая Землядағы полигонда кең ауқымды құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның портына кемелер қатынаумен болды, жаңа көлік контейнерлері жеткізілді. Қыста жолдары тұрақты түрде қардан тазаланды. Арктиканың тауларында терең тоннелдер қазылды. Ресейлік полигон енді жыл он екі ай ашық. Біз онда құрылыс қарқынды жүріп жатқанын бақылаудамыз", – деді Дж.Льюис.

Оның айтуынша, жаңа объектілерден әріде ескі тоннельдер бар, онда бұрындары Мәскеу ядролық қаруларын сынаған. Олар қайта пайдалануға жарамсыз болып қалуы мүмкін. Жаңа тоннельдердің жабдықталуының бір мәнісі де сонда болса керек. Ғалымның пікірінше, қалай болғанда, Ресейдің жаңа тоннелдерді жасақтауы оның ядролық сынақтарды жаңғыртуға дайындалуын білдіреді.

Полковник Седрик Лейтонның болжауынша, Ресей мұны Украинадағы соғысын тағы да эскалациялау үшін пайдалануы мүмкін. Мысалы, сынақ өткізуге нақты кіріседі, немесе сынайды да, Батыс елдерінен Киевке көмектесуін доғаруды талап етеді. Бұл АҚШ немесе Еуропа мемлекеттері көшбасшыларының бойын үрей бууына, содан олардың Украинаны Кремльдің талабына бас июге мәжбүрлеуіне соқтыруы мүмкін. Немесе, көрінгеннен шошитын, әсірісе ядролық соғыстан қорқатын Илон Маск бұл елді Старлинк байланысынан ағытып тастауы да ғажап емес.

evmenov37.ru

Лейтон Батыстың зәресін ұшыру үшін Мәскеу жаңа тетіктер іздеп жатқанына сенімді.

Америкалық журналистердің полигондағы құрылыстың неге жанданғаны туралы сауалына Кремльдегілер жауап беруден бас тартты.

Өз кезегінде Қытай да негізінен мұсылмандар шоғырлана тұратын өңірде, Лоб-Норда, шөлдегі құрғап қалған көлдің орнында жабдықталған ескі сынақ алаңын жаңғырта бастапты. Жерсеріктік спутниктер көрсеткендей, соңғы жылдары онда жаңа, бесінші, тіпті алтыншы жерасты тоннелдері қазылған, жаңа жолдар төселген. Өзге тоннельдер кеңейтілгенге ұқсайды. Бұдан бөлек, басты әкімшілік және қосалқы аймақта да жаңа құрылыс өрістетіліп жатыр.

2021 және 2022 жылдары жаңа қоймалар тұрғызылған. Сарапшылар Бейжің оны қару сақтауға пайдалануы мүмкін деп тұспалдайды. Олар Қытай полигоны ресейліктен бірнеше есе ірі, орасан зор екенін және көптеген бөлімдерден тұратынын айтады. Қытай мен Жапонияның сарапшыларын біріктіретін Сасакава Бейбітшілік қорының China Observer жобасының биылғы есебінде айтылғандай, ҚХР ядролық сынақ өткізуге әзірленіп жатуы мүмкін.  

bangkokbook.ru

Бұл есепті Бейжің "шектен тыс жауапсыз" деп бағалап, сынады және Қытайдың ядролық сынақтарға тыйым салу бойынша халықаралық ымыраны қорғау бағытында жұмыс жасап келгенін мәлімдеді. Бірақ мына заманда державалардың сөзіне сенім бар ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу