Ресей зымыран құлайтын аудан арендасын төлеуден бас тартты

4512

Нұр-Сұлтан Мәскеумен арадағы қолданыстағы келісімнің күшін жоятын болды. 

Ресей зымыран құлайтын аудан арендасын төлеуден бас тартты

Осы мақсатта "Қазақстан аумағындағы жер учаскесін зымырандардың бөлінетін бөлшектері құлайтын аудан ретінде пайдалана отырып, Домбаровский позициялық ауданынан зымырандар ұшыруды жүргізу кезіндегі өзара іс-қимыл жасау тәртібі туралы ҚР және РФ үкіметтері арасындағы келісімінің күшін жою туралы" қаулы жобасы әзірленді.

Айта кету керек, Ресейдің Орынбор облысынан ұшырылған әскери ракеталардан бөлінетін бөлшектер Маңғыстау облысының Қарақия ауданына келіп құлайды деп келісілген. Осыған қатысты Қазақстан мен Ресей 2015 жылы 15 қазанда Владимир Путиннің Астанаға ресми сапары аясында тиісті келісімді бекітті. Асқар Мамин қол қоятын жаңа үкіметтік қаулы сол үкіметаралық келісімнің күшін жояды.

Ресейдің Орынбор облысында Домбаровский позициялық ауданында, яғни Қазақ елімен шекараға іргелес "Ясный" ғарыш айлағы орын тепкен. Бұл Байқоңыр,Плесецк, Восточный және Капустин Ярдан кейінгі ресейлік бесінші ірі космодром саналады. Осы жерден 2006 жылғы 12 шілдеде тұңғыш рет ғарышқа зымыран жөнелтілді. Нәтижесінде, РС-20 "Воевода" зымыран тасығышы америкалық Genesis I жер серігін орбита төріне шығарды.

Бұл ғарыш айлағы "Днепр" зымыран тасығыштарына маманданған. "Космотрас" ғарыш айлағы халықаралық компаниясының пайдалануына берілген. 

"Ясныйды" солтүстік көрші сонымен қатар қолданыс мерзімі өтіп кеткен ескі соғыс зымырандарын жоюға да пайдаланды. Осы мақсатта РФ Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша "Космотрас" мерзімі біткен әрі қарулы күштер жарағынан шығарылған РС-20Б (Р-36М УТТХ) және РС-20В (Р-36М2) континентаралық баллистикалық зымырандарын ғарышқа ұшырады, қуатын сынап, жерден әртүрлі зерттеулер жүргізеді.  

Енді зымыран қалдықтары Маңғыстау өңіріне құламайды. Қазақстан құжатты денонсациялау ниеті туралы Ресей Үкіметін хабардар етті.

Бірақ сарапшылар бұл біздің Үкіметтің жетістік-жеңісі емес екеніне назар аудартады. Себебі Мәскеудің өзі біздің елшілік арқылы зымыран бөлшектері құлауы үшін Қазақстаннан жалға алған жер учаскесін ары қарай ұстап тұрғысы келмейтінін білдірген көрінеді.

Нақтылай кетсек, осыдан төрт жыл бұрын Ресей өз ракеталарының бірінші сатысының бөлшектері құлауы үшін Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы 628 шаршы шақырым жер телімін жалға алды. Салыстыру үшін айтсақ, бұл аумақ Мальдивы, Сейшел аралдары, Лихтенштейн, Сан-Марино, Тувалу, Науру, Монако секілді құйтымдай мемлекеттердің барлығының жерін қоса алғандағыдан да көп.

В.Путин келісі кезінде бекітілген келісімде осы ұлан-ғайыр жердің бос жатқаны, онда ауылдар мен тұрғындардың жоқтығы айтылған.

Тиісінше, солтүстік көрші қазақ жерінің осы пұшпағын тым арзанға бағалады және жыл сайын небәрі 460 мың АҚШ доллары көлемінде жалдау ақысын төлеп тұрды. Алда оны да төлеуден бас тартпақ.

Өйткені "Днепр" бағдарламасы Ресей мен Украина арасындағы бірлескен жоба болатын. "Днепр" зымырандарын коммерциялық мақсатта пайдаланып, олар арқылы ғарыш аппараттарын ақылы негізде ұшыру бағдарламасына кейін Қазақстан да қатыса бастады. Алайда бертінде Қырым мен Донбастағы жағдайға байланысты қос көршінің қарым-қатынасы бүлінгені мәлім. Бұл "Днепр" зымыран-тасығыштарының өндірісіне де нұқсан келтіріп, бағдарлама қазір дағдарысқа ұшырапты. 

Былтырғы 2018 жылдың аяғында, желтоқсан айында Ресей тарапы РСБ континентаралық баллистикалық зымырандарын ұшыру бұдан былай қайта жанданбайтыны туралы шешімін білдіріп, Қазақстанды хабардар етті. Яғни, бұл бағдарлама да түпкілікті жабылғанға ұқсайды.

Сондықтан жалдау ақысы да төленбейтіндіктен, ел Үкіметі Ресеймен арадағы келісімнің күшін жоюға ұйғарды.

Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев келісім бойынша ақырғы шешім қабылдамас бұрын еліміздің Сыртқы істер министрлігі арқылы Ресейдің Қорғаныс министрлігіне хат жіберілгенін айтады. Оған жауапта ресейлік тарап Қазақстан аумағындағы аталған жер учаскесін пайдалануға деген қажеттіліктің жоқтығы туралы ұстанымын растаған.

"Содан 2018 жылғы 12–14 желтоқсан аралығында Ереван қаласында өткен ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша ТМД мемлекеттерінің атқарушы билік органдары өкілдерінің 9-кеңесі аясында "Роскосмос" басшылығымен екіжақты кездесу өтті. Жүздесу барысында Ресей тарапы өздерінің Қорғаныс министрлігінің нысандарынан РСБ зымырандарын ұшыруды қалпына келтіру мүмкін еместігін бізге мәлімдеді. Осыған орай Маңғыстау облысындағы жер учаскесі бұдан былай зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданы ретінде пайдаланылмайтын болады", – деп түсіндіреді министр Асқар Жұмағалиев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу