Ресейде девальвация басталды

11134

Оны тіпті барлық экспорттаушыны валюталық түсімдерін ел ішінде сатуға міндеттеу де тоқтата алар емес. 

Ресейде девальвация басталды Фото: банки.ру

Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, рубль 2023 жылғы қазаннан бергі минимумға дейін құлдырады. Бүгін ол аса маңызды 95 межесіне жақындап қалды. Салыстырсақ, биылғы 1 сәуірде ғана 1 доллар бағасы 92 рубль деңгейінде болған еді.

Сарапшылар таяуда 100 рубль межесі де бағынады деп күтіп отыр. Осыған байланысты ресейлік қаржыгерлер өз клиенттеріне ұзақ мерзімді жинағын не долларға, не алтынға айырбастауға кеңес беруде.

Қазақстанның Ұлттық банкінің 18 сәуірге белгілеген бағамына сәйкес, 1 рубль 4,76 теңгеге тең екенін ескерсек, Ресейде қазіргі кезде 1 доллар 452,2 теңгеге барабар. Егер девальвация қарқын алса, солтүстік көршіде АҚШ валютасы шамамен 500 теңгеге жуықтайды. Бұл Қазақстанда теңгенің 500 межесіне дейін құнсыздануына соқтыруы мүмкін.

Орыс тілді The Moscow Times басылымының жазуынша, Қазақстан, Түркия, Үндістан, Қытай және басқа да делдал ("прокладка") елдер Батыстың қайталама санкциясына ілігіп қалудан қорқып, ресейлік компаниялардың есепшоттарын, аударымдарын, төлемдерін бұғаттап, өткізбей тастауды жиілетті. Салдарынан, Ресейге экспорттық табыстарын шетелден қайтару барған сайын қиындаған. Басылымның дерегінше, шетелде қалып қойған экспорттық кірістің көлемі бір айда 15,5 миллиард доллардан асты және ары қарай көбеюде.

"Экспорттық түсімді қайтарудағы проблемалар рубль бағамының баяу, бірақ табанды құнсыздануына соқтырып жатыр. Мәскеу биржасында доллардың бағасы 94,18 рубль шамасынан жоғары көтерілді. Соңғы рет доллар 94 рубль межесінде 2023 жылғы 30 қазанда болған. Бірақ ол кезде курс төмен қарай бет алған еді: былтырғы қазан айының ортасында РФ билігі белең ала бастаған девальвацияны тоқтату үшін экспорттаушыларды шетелде тапқан валюталық табыстарын міндетті түрде елге репатриациялап, ішкі нарыққа сату талабын енгізді. Енді керісінше, рубль бағамы төмен құлдилап барады. Бұл ретте оған валюталық түсімдерді міндетті сату да көмектесе алатын емес", – деп мәлім етті The Moscow Times.

Private Banking атқарушы директоры Егор Сусиннің түсіндіруінше, есеп айырысудағы проблемалар кесірінен, экспорттық түсімнің үлкен бір бөлігі Ресейге жетпей қалып жатыр.

"Бұл биылғы жылы рубльдің әлсіреуіне соқтырған факторлардың бірі ғана. Содан нарықта шетелдік валютаның тапшылығы басталды. Орталық банктің дерегінше, 2024 жылғы ақпан айымен салыстырғанда, наурызда ресейлік экспорт 10 миллиард доллардан артыққа өсті. Дегенмен, ресейлік компаниялардың шетелдік активтері, шетелдік есепшоттарда қалған қаражаттары бірден 15,5 миллиард долларға өсіп шыға келді", – деді сарапшы.

Тығырықтан бұған дейін Қытай құтқарып келген, енді ол да теріс айнала бастағандай. SberCIB аналитиктері ҚХР валютасындағы сауда айналымдарының да күрт қысқарғанына назар аудартты.

"Кейінгі уақытта юань – ресейлік экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін есеп айырысудың негізгі валютасына айналды. Алайда наурызға қарағанда, сәуір айының бірінші жартысында "рубль/юань" жұбындағы айналым бірден төрттен бірге, 25%-ға кеміді. Егер наурыздың 1–15 күндері бұл көрсеткіш 144,4 млрд рубль болса, сәуірдің 1–15 күндері 108,7 млрд рубль ғана болды", – деп атап өтті SberCIB аналитиктері.

Сәуір айының екінші жартысында Ресейде салық төлеу науқаны басталды: Мәскеу барлық, соның ішінде ірі шетелдік компанияларды биржада жаппай рубль сатып алып, триллиондаған салықты тегіс рубльмен төлеуге міндеттейді.

Бірақ сарапшылар РФ ұлттық валютасына ол де демеу бола алмағанын қаперге салды.

"Алор брокер" инвестициялық кеңес беру бөлімінің басшысы Алексей Антонов рубльді төменшіктетіп жатқан тағы бір себепті атады. Туристік маусым басталды, шамамен 7 миллион ресейлік шетелде демалады. Олар доллардан қор жасауда.

"Инвесторлар да мамырдағы ұзақ мерекелер, яғни биржа жұмыс істемейтін кезең қарсаңында долларлық жинақтарын арттырып жатыр. Шетелдік курорттарға аттанатын ресейліктер тарапынан да қолма-қол валютаға деген сұраныс артты", – деді А.Антонов.

Бұған қоса, валюталық түсімдерін елде өткізуге міндеттелген экспорттаушылар долларды түскенін түскенше биржада сатпайды. Олар осы операцияларының кестесін құрып, оны Орталық банктің келісімінен өткізеді. Салдарынан, валюта саудасы лек-лекпен артпай, біркелкі сипат алды.

Оның үстіне экспорттық түсімді міндетті сату туралы президенттің былтырғы жарлығы биылғы сәуірдің соңында аяқталады. Мерзімінің түгесілуіне аз уақыт қалғанына қарамастан, Мәскеу үнсіз отыр.

Ресейлік сарапшылар үкімет пен Орталық банк арасында сыртқа байқалмайтын шайқас жүріп жатқанын айтады: Қаржы министрлігінің кеңесімен, үкімет төрағасы Михаил Мишустин рубльді алапат девальвациядан сақтап қалу үшін сол міндеттеменің ары қарай – жыл соңына дейін ұзартылғанын қалайды.

Либерал саналатын, сондай-ақ бизнестің өркендегенін қалайтын бас банкир Эльвира Набиуллина болса, керісінше, компанияларды шетелде тапқан құнды валюталық табыстарын елге әкеліп, "сабан" ақшаға айырбастауға мәжбүрлеуді осымен доғаруды өтінген. Орталық банк төрайымының пікірінше, рубль бағамына ақша-несие саясаты арқылы, сондай-ақ сыртқы саудаға қатысты ахуалды, соның ішінде есеп айырысу мәселелерін реттеу арқылы қолдау көрсетуге болады.

Яғни, Мәскеудің санаулы күні қалды: не міндетті сату мерзімін ұзартады, не одан бас тартады. Соңғысы девальвацияның үлкен толқынын, цунамиін тудыруы ықтимал.

Рубльді құрдымға сүйрейтін кезекті бір фактор ауқымдана түсті: әлемнен оқшауланған Ресейде қайтадан жекешелендіру, национализациялау, бизнес өрістерін қайта бөліс басталғанын сезген шетелдік және ресейлік инвесторлар бизнесін сатып, түскен қаржыны валютаға айырбастап, шетелге әкетуге ұмтылуда.

Осы орайда РФ қаржы министрі Антон Силуанов компаниялардың ресейлік активтерін сатудан түскен пайдасын шетелге шығаруына тосқауыл қоюды жоспарлап отырмағандарын жеткізді. Министрдің байламынша, ай сайын 1 миллиард доллар көлемінде капиталдың шығарылуына рұқсат ету керек. Долларға конвертациялау бойынша да лимит мөлшері осындай.

Дегенмен, экономист Дмитрий Полевойдың мәліметінше, шетелге қашқан капиталдың көлемі ақпан-наурыз айларында – әрқайсысында 1,8 миллиард доллардан асып кеткен.

Орталық банк та рубльге қысым көрсететін басқа себепті атады: "санкциялардың жаңа әсер-эффектілері пайда болып, сыртқы сауданы тежеуі мүмкін". Онда валюталық түсімдер арнасы ары қарай суалады, биржада айналатын азын-аулақ валюта құны қымбаттайды.

Қалай болғанда, эксперттер рубльдің ары қарай девальвациялануын күтуде.

"Ари капитал" басқарушы компаниясының негізін қалаушы Алексей Третьяковтың айтуынша, таяуда рубль 97,5 межесіне дейін девальвациялануы мүмкін. Сонда билік қолдаудың қосымша шараларын қабылдамаса, рубльдің құнсыздануын тоқтату қиынға түседі.

А.Третьяков әлемде мұнай бағасының қатты қымбаттап жатқаны да РФ рубліне дем бере алмағанын еске салды. Бұл рубльдің халықтың да, бизнестің де сенімінен айырыла бастағанын паш етеді.

MMI сарапшылары рубльдің 98 шамасына дейін құлдырауын болжады.

Айтқандай, Мәскеу биржасында еуро қазірден 100 рубль шекарасынан асып кетті.

"БКС Мир инвестиций" фирмасының қор нарығы бойынша эксперті Дмитрий Бабин бүгінде доллар бүкіл әлемде қымбаттап жатқанын айтты. Бұған АҚШ Федералдық резерв жүйесінің есептік ставканы (бізше – базалық ставка) төмендетуден бас тартуы мүмкін екенін білдіргені себеп болған. Егер шынымен төмендетпесе, доллар одан әрі жоғарыламақ. Себебі, ставка жоғары болған сайын ұлттық валюта да мықты болады.

Бұдан бөлек, Ресейге қарсы келесі санкциялар топтамасы күтіліп отыр. Еуропалық Одақ жазға жақын Ресейге қарсы санкциялардың 14-ші пакеті енгізілетінін жариялады. Оған не кіретіні ешкімге белгісіз, келіссөздер құпия жүруде. Бұдан ресейлік нарықтың мазасы қашты.

"Комсомольская правда" газетінің сауалнамасына жауап берген аналитиктер 2024 жылдың ортасына қарай доллар 100 рубль тұрады деген консенсус-болжам айтты.

Әзірше, Қазақстан да доллардың өсуіне жол бермей, түрлі тәсілмен құрықтап ұстауын жалғастырды. Бұған дейін Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Григорий Марченко ел Үкіметіне Ресейде алапат девальвация басталмайынша, теңгені қоя бермеуге кеңес берген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу