Ресейде құс еті тапшы: қазақстандық өндірушілер үшін қандай қауіп-қатер бар?

Отандық кәсіпкерлер құс еті импорттын шектеуді сұрап отыр.     

Ресейде құс еті тапшы: қазақстандық өндірушілер үшін қандай қауіп-қатер бар?

Ресейде тауық еті тапшы. Бірақ соған қарамастан, көрші ел өндірушілері Қазақстанға импортты арттыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәселен, аталған елде құс еті былтырғымен салыстырғанда 30%-ға қымбаттады. Оның бірнеше себебі бар. Сарапшылардың бір бөлігі мұны Украинамен шектесетін Белгород облысындағы жағдаймен байланыстырса, тағы бірі – Сауд Арабиясы, Қытай және Қазақстанға құс еті экспортының өсуінен болып отырғанын айтады.

Осыған байланысты ресейлік ет өңдеушілер қауымдастығы өнім экспортын шектеуді ұсынып, кедендік алым енгізуді талап етіп отыр. Өйткені бұл ішкі нарықтағы бағаның өсуіне елеулі әсер етуде. 

Экономист Бауыржан Шурманов көрші ел өндірушілерінің Қазақстанға "құмартуының" себебін рубль бағамының құлдырауымен байланыстырды. Сарапшының пікірінше, соңғы айда "қызыл" ақша құны айтарлықтай төмендеген. 

Фото: Бауыржан Шурмановтың жеке архивінен

"Былтыр рубль бағамы жоғары болды. Бір жылда Ресей валютасы 35%-ға құнсызданды. Мәселен, өткен жылы 1 рубль 9 теңгеге дейін өссе, қазір ол 5,4 шамасында. Сондықтан 2022 жылы қазақстандық өндірушілерге өнімді Ресейге экспорттаған тиімдірек еді. Ал қазіргі жағдай бағаны теңестірді. Қазір Мәскеуде 1 келі тауық еті ұлттық валютамызға шаққанда 1215 теңге болса, Қазақстанның сауда желілерінде 1245 теңге тұрады. Баға бірдей деуге болады. Ал отандық өндірушілер ішкі нарықты толық қамти алмай келеді. Біздің нарықтың 30% үлесін ресейлік импорт алады", – дейді сарапшы. 

Соңғы жылдары Қазақстанда бағаның өсуіне қарамастан, құс етіне сұраныс артқан. Мысалы 2017 жылдары жылдық көрсеткіш – 341 мың тонна көлемінде болған. 6 жылда өсім 100 мың тоннадан асқан.

Алайда сұранысты Қазақстандық өндірушілер қамти алмай, ресейлік өнім көлемі арта беруі мүмкін. 

Айта кетейік, өткен жылы отандық құс етін өндірушілер 300 мың тоннаға жуық ет өндірген. Ал тұтыну көлемі 450 мың тоннаға жуықтаған. Ресейлік өндірушілер ортадағы 150 мың тоннаның 11 мыңға жуығын жеткізіп отыр. 2022 жылы көршілерден 11 900 тонна импорттасақ, биылғы жылдың алғашқы 3 айының өзінде 11 793 тонна жеткізілген. Бұл көлем артып, қазақстандық өндірушілерге бәсеке күшеюі мүмкін. 

Бауыржан Шурманов рубль бағамы төмендеген сайын Ресейде баға түсіп, олар өнімді Қазақстанға экспорттауға асығады деп есептейді. 

"Сол арқылы олардың маржалары артады. Бұл тұтынушылар үшін жақсы. Себебі нарықта өнім көбейген сайын баға төмендейді. Ал біздің өндірушілер үшін бұл бәсекелестік. Оған дайын болу керек", – деді сарапшы. 

Бұл ретте маман отандық өндірушілерге құс етімен отандық нарықты толық қамтуға барлық мүмкіндік бар екенін алға тартып отыр. Себебі құс еті әлеуметтік азық-түлік болған соң, бұл сектор басым бағыттардың бірі болып саналады, демек беріліп жатқан субсидия, мемлекеттік көмек те көп. 

Алайда Қазақстанның құс өсірушілер қауымдастығы керісінше Ресейде субсидия, мемлекеттік қолдау көп, жем бағасы арзан, сондықтан онда баға арзан екенін тілге тиек етті. 

"Бізде отандық құс еті қымбатырақ. Бұған себеп – саладағы жүйелі проблемалар, астық бағасының өсуіне байланысты өнімнің өзіндік құнының қымбат болуы, жабдықтардың ескіруі, өндірісті диверсификациялаудың төмендігі. Сонымен қатар тұқымдық материалдар, ветеринарлық препараттар, дәрумендер мен жабдықтардың шетелден келуі де бағаға әсер етуде", – дейді қауымдастықта. 

Отандық өндірушілердің көлемі азайып, импорт көбейіп кетпес үшін сала өкілдері Ауылшаруашылығы министрлігі мен кәсіпкерлер палатасына хат жолдап, сапасы күмәнді импорттық құс еті өнімдерін шектеу мен баға демпингінен қорғауды сұраған. Алайда құзырлы ведомство бұған қатысты қандайда бір шешім әлі қабылдаған жоқ. 

"Отандық өндірушілер базарларда  Ресейден, Беларусьтен, Өзбекстаннан  әкелінген арзан бойлерлер қаптап кетті деп шағымдануда. Олардың бағасы бізден төмен. Әйтсе де сапасы да күмәнді. Ешбір ветеринарлық құжаты, маркировкасы жоқ. Оларды салық төлеместен ішкі нарықта саудалауда. Ал көптеген тұтынушылар оны білмейді", – деп хабарлады қауымдастық өкілдері. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу