Ресейде жастардың қауіпті топтарын жаппай тұтқындау жүргізілуде

3540

Жасөспірімдерді қатарына кеңінен тартқан олар өздерін "ЧВК Рёдан" атайды.  

Ресейде жастардың қауіпті топтарын жаппай тұтқындау жүргізілуде Фото: yandex.kz

Солтүстік көршінің ақпарат құралдарының хабарлауынша, Ресейдің бірнеше қаласында сауда орталықтарында күш құрылымдары рейд жүргізді. Жергілікті журналистер сауда, ойын-сауық орындарын қоршауға алған құзырлы орган жасақтары "ЧВК Рёдан" жақтаушыларын іздеген деп отыр. Нәтижесінде, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бір мезгілде РФ бірнеше қаласында рейдтер мен жаппай тұқындауды жүзеге асырды.

Петерборда күш құрылымдарының жасақтары "Галерея" сауда ойын-сауық орталығына сау ете қалып, барлық кіреберіс есіктерін тосқауылдап тастады. 

"Петербордағы "Галерея" СОО арнайы мақсаттағы полиция жасақтары жеткен соң, жабылып қалды. Алдын ала деректер бойынша, 131 жасөспірім ұсталған. Бірақ бұл сан осымен шектелмейді. Полиция болып жатқан оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ. Бірақ Тергеу комитеті бұл істі бақылауға алған. Тұтқындаулар оқушылардың төбелесінен соң басталған. Өрмекші ("ЧВК Рёдан" символы) бейнеленген қара киімді бозбалаға басқа балалар жабыла кеткен. Полицейлердің тұспалдауынша, сотқарлардың қақтығысы алдын ала жоспарланған. Бір бала зардап шекті. Құқық қорғау органдарының осындай науқандарды жүргізіп жатқаны туралы ақпарат елдің басқа қалаларынан: Мәскеуден, Ростов-на-Донудан, Новосібірден, Қазаннан да келіп түсуде", – деп жазады "Фонтанка" басылымы.

Бұған артынша Курск және басқа қалалар қосылды.

Қазақстандықтар қалың тұратын Новосібірдегі арнайы жасақтардың Петербордағымен аттас сауда орталығына рейдтері туралы "Тайга.инфо" https://t.me/Taygainfo/39507 жариялады. Оның видеосында күштік құрылымдардың жастарды топ-тобымен жеке-жеке шығарып, тұтқындалғандар тасымалданатын "автозактарға" тоғытып жатқаны бейнеленген.

"Новосібірліктер "Галерея" сауда ойын-сауық орталығында жаппай тұтқындау жүргізіліп жатқанын хабарлады. Полиция қызметкерлері орталықта қаптап жүр. Куәгердің мәліметінше, олар жастарды ұстап алып, автозактарға апаруда. Тұтқындау туралы әлеуметтік желілердегі пабликтерде де жариялануда. Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне қоңырау шалып, хабарласу біразға дейін мүмкін болмады. Соңынан ІІМ бас басқармасы операцияға қатысты ақпарат әзірге жоқтығын жеткізді", – деп жазады "Тайга.инфо".

Соңыра ол Новосібірдегі полиция рейдтері өзін "ЧВК Рёдан" деп атайтын жастардың жаңа субкультурасының топтарымен байланысты болуы мүмкін екенін қосты. Әлеуметтік желіде орналастырылған хабарламалар бойынша олар "Галереяда" бүгін жиын өткізбек болыпты.

Құзырлы органдар ақыры тіл қатты.

"Новосібір қаласының Орталық ауданындағы сауда орталығының бірінің аумағында заңға қайшы әрекеттерді болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде, арасында кәмелетке толмағандар бар бірқатар азамат өңірдің ішкі істер органдарының полиция бөліміне жеткізілді", — деп мәлімдеді өңірлік Ішкі істер министрлігі (Ресейде федералдық министрліктер сыртында әр өңірдің өз министрліктері бар).

Татарстан астанасы Қазан қаласында күш құрылымдарының "Тандем" сауда орталығын қоршағанын қалалық 116.ru порталы құлағдар етті.

"Қазан қаласының сауда орталығында жасөспірімдер тобын ұстады. Әңгіме "ЧВК Рёдан" қатысушылары туралы болуы мүмкін. Оқиға "Тандем" сауда орталығында болды. Кем дегенде он шақты жасөспірім тұтқындалған. Әлеуметтік желілерде қазандық сауда орталығында бозбалалардың ұсталғаны бейнеленген видеороликтер көптеп таралуда. Одан күш құрылымдарының эскалатордың жанына кем дегенде 10 жігітті тізіп қойғаны байқауға болады. Оларды "ЧВК Рёдан" тобырымен байланыстырады, бірақ полиция оқиғаның мәнжайын айта алмады", – деп жазады татар порталы.

Киімдерінде өрмекші бейнеленген жас жігіттер таяуда мәскеулік "Авиапарк" сауда орталығындағы жаппай төбелеске қатысқан. Содан бері кең аудиторияға танымал болып кетті.

Бұған қоса, Мәскеу метросында бұзақылық жасап, адамдарға шабуыл жасау фактісіне қатысты іс бойынша осы топтарға мүше жасөспірімдер ұсталды. Олар басқа бозбаланы соққыға жығып, бетіне газ баллоншасын шашып кеткен деген күдікке ілікті. ТАСС дерегінше, олардың арасында "Рёданның" лидерлерінің бірі бар.

Жалпы, "Рёдан" сөзінің орыс тіліне қатысы жоқ. Анименің, нақтылағанда, Hunter x Hunter мангиінің (жапондық комикстердің) ресейлік табынушылары өз топтарын "ЧВК Рёдан" деп атауға әлеуметтік желіде келіскен. Бұл жерде олар өз атауларын Hunter x Hunter анимесіндегі Геней Рёдан қылмыстық кланынан шығарған және соның логотипін алған (оның символы да – қара өрмекші). Ал ЧВК (жеке әскери компания) сөзін қанқұйлы Мәскеудің өзі танымал етті.

"Хантер икс Хантер" анимесі 1990-шы жылдардан басыла бастады. кейін соның желісімен бірнеше рет фильм, мультфильм түсірілген.

Ресейде (ішінара Қазақстанда) бұл топқа оқушылар көп еліктейді: олардың әлеуметтік желілердегі тақырыптық топтарында отырғандар арасында 18 жасқа толмағандар қатары басым.

Қауіптісі сол, Ресейде бұл топтар "славян емес нәсілділермен күреседі". Салдарынан, абай болмаса, олардан Ресейде тұратын, оқитын қандастар зардап шегуі ғажап емес.

Мысалы, татар порталдарының жазуынша, "рёдандықтар" жергілікті бозбалаларды төбелеске арандатады, жекпе-жек шығуға шақырып, жабыла ұрады.

Қылмыстан еш тайынбайтын бұл топтардың мүшелерін арқасында 4 саны бар өрмекші салынған қара футболкаларынан ажыратуға болады. Оған кіретін ер балалар ұзын шаш өсіреді.

Оқушылардың айтуынша, бұл қылмыстық топтың басты қарсыластары "OFFтықтар" деп алатады. Ол қозғалыстың қатысушылары "ЧВК Рёдан" мүшелерін тауып соққыға жығады. Петерборлық "Анти Редан" секілді топтарда сол топтың ұсталып қалған мүшелерін азаптау, ұрып-соғу, сондай-ақ пышақпен шашын қырқу сияқты қорлау, мұқату бейнеленген видеолар өте көп.

"Офтықпыз" деп санайтын жасөспірімдер мен мұрты тебіндеп қалған жігіттер өздерін басқалардан биік санайды, бір-бірін өркөкіректікке, менмендікке тәрбиелейді. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерін жақтырайды. Олар жапондарға еліктегені үшін "редандықтарды" көрген жерде қорлап, мазақтап, абыройын төгуге, олардың құқықтарын, сезімі мен қабілеттерін төмендетіп, кемсітуге тырысады.

Ал "ЧВК Рёдан" қатысушылары сонымен қатар мигранттарға және футбол фанаттарына қарсы "соғыс" ашқан көрінеді.

"Мен олардың неонацист екенін білемін. Олар өрмекші бейнеленген киім киіп, бұқаралық танымал орындарды топ болып аралап жүреді. Содан Adidas сияқты спорт киімдерін кигендерді немесе өзге ұлттың өкілдерін көрсе болды, жабыла кетіп, ұрады. Олар бар жерде тек топ болып шабуылдайды", – деді ресейлік танымал "МК" басылымына сұхбат берген 16 жасар спортшы.

Ол жақсы шыныққан болса да, бұлардан мейлінше алыс жүруге тырысатынын жеткізді. Ал "рёдандықтар" өз қауымдастықтарында өзге нәсілділермен күреспейтіндеріне сендіруге тырысады.

Қанқасап соғыс, теледидарлардан тәулік бойы төгілген қанқұмар пропаганда көршінің жас ұрпағына жаман ықпал еткенге ұқсайды. Ал олардың жапондық аниме кейіпкерінің атауын алуы – қылмыстық істеріне әлдебір идеология тауып, мүшелерін біріктіретін атрибутика иеленудің қамы ғана болса керек.

Қазақстанның құзырлы органдары бұл деструктивті қозғалыстың елімізде кең таралуына жол бермеудің қамын жасаса, игі. Әйтпесе, еліміздің Орталық, Солтүстік және Шығыс өңірлерінде қазақстандық оқушылардың көбі ресейлік VK, Однокласники сияқты әлеуметтік желілерде отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу