Ресейден әкелінген балапандар испан жабдығында өсіріледі

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
2556

Жамбыл облысында "Аса DAMU" жылына 90 млн жұмыртқа мен 280 тонна құс етін өндірмек.

Ресейден әкелінген балапандар испан жабдығында өсіріледі

Жамбыл облысында индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтық индустрияландыру картасына енгізілген құс фабрикасының құрылысын қолға алған "Аса DAMU" ЖШС бүгінде қызу жұмыс жүргізіп жатыр. 8,3 гектар аумақта орналасқан фабрика құрылысы жобасының жалпы құны 2 млрд 550 млн теңгені құрайды.

Жоба бойынша барлығы 19 нысан салынуға тиіс. Бүгінгі таңда оның 4 өндірістік ғимараты толық аяқталған. Оның бірінде балапан өсірілсе, қалған үшеуінде жұмыртқа беретін тауықтар күтіп-бапталады. Құрылысы аяқталған сол корпустың біріне өткен жылдың соңында Ресейден 90 мың балапан жеткізілсе, биылғы жылдың соңына дейін тағы да 180 мың балапан әкелу жоспарлануда. Ол үшін тағы да 2 корпусты құрал-жабдықпен толықтыру керек. Сондай-ақ, бүгінде фабрикадағы жұмыртқа тасымалданатын арнайы дәліз жұмыстары тәмамдалып, жем-шөп сақтау қоймасының құрылысы да аяқтауға жақын.   

"Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы бойынша қол жеткізілген 165,0 млн теңгеге Испаниядан арнайы құрал-жабдықтар сатып алынған. Салынған инвестиция көлемі – 466 млн теңге. Ал жоба жетекшілерінің жоба құнын 2 550,0 млн теңгеден 914,4 млн теңгеге жеткізу туралы ұсынысы аймақтық үйлестіру кеңесінде қаралып, инвестициялар және даму министрлігіне келісуге жолданған.

Ал инфрақұрылым тарту жұмыстарында біршама қиындықтар кездесуде. Нысанға газ тарту жұмыстары толық аяқталып, фабрика толықтай жылумен қамтылғанымен, электрмен жабдықтау жұмыстары біршама кешеуілдеп тұр. "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында нысанға электрлі подстанса салу үшін республикалық бюджеттен 574,5 млн теңге қаржы бөлу мәселесі инвестор тарапынан инвестиция көрсеткіштері тиісті деңгейде салынбағандықтан және жоба құнының кемуіне байланысты кейінге шегерілген. Фабрикаға жақын орналасқан Рахат ауылынан өтетін жоғары кернеулі желілік сым арқылы Жамбыл РЭС-імен бір жыл мерзімге келісім-шарт жасалып, жұмыстың 90 пайызы жасалған. Сондай-ақ, көршілес ОҚО-ның Кентау қаласынан қуаттылығы 630 КвТ-ты құрайтын трансформатор сатып алу жұмыстары да жүргізілуде. Сөйтіп, жыл соңына дейін құс фабрикасына жарық беріледі деп күтілуде.

Осылайша, индустрияландыру картасына енгізілген нысан жұмысы толық аяқталғанда мұнда бір мезетте 316 мың бас тауық және 84 мың бас балапан өсіріліп, жылына 84-90 млн дана жұмыртқа және 227-280 тонна құс еті өндіріліп, нарыққа шығарылмақ.

Бүгінгі күні фабрикада 16 құрылысшы, 2 ветеринариялық дәрігер және 1 технолог жұмыс істеп жүрсе, болашақта 100-ге жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Айта кетейік, олардың орташа айлық жалақысы 70 мың теңгені құрайды.  

"Серіктестікті құрып, құс фабрикасын ашу жұмысы 2014 жылы басталған болатын. Бүгінде сол бастаманың біршама ісі аяқталып, нақты іске кірісе бастады. Ал толық қуатында іске кірісу 2018 жылға жоспарланған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үнемі әрбір азамат өзінің туған жерінің патриоты, жанашыры болуы керектігін айтып отырады. "Туған жерге туыңды тік" демекші, мен де өзімнің туған ауылымнан осындай үлкен кәсіпорын ашып, ондағы жастарға кәсіп үйретіп, оларды жұмыспен қамтуды жөн санадым. Болашақта фабрикаға жергілікті жас азаматтарды жұмысқа тартып, оларға бағыт-бағдар беруді көздеймін. Қазір де фабриканың құрылыс жұмыстарын өз ауылымның азаматтары жүргізіп жатыр", – дейді "Аса DAMU" ЖШС директоры Үсен Құрманбеков.

Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Еңбек ауылының аумағында орналасқан бұл кәсіпорынның ашылуын асыға күтіп отырғандар көп. Елдегі құс еті мен жұмыртқаға деген сұранысты біршама өтеумен қатар, халықты тұрақты жұмыспен қамтып, өңір бюджетіне айтарлықтай табыс әкелетін жоба болашақта экспортқа да бағытталуы мүмкін екенін де айтады серіктестік басшысы Үсен Құрманбеков.

"Әзірге өнімді өткеру жолдары тек қаралу үстінде. Нақты қайда жөнелтіп, кімге өткізетініміз белгісіз. Әлбетте, бірінші кезекте облыстағы сауда нүктелеріне шығарылатын болады. Ал болашақта оны өзге облыстар мен шетелге шығару жоспары бар", – дейді ол.

Маржан Кәрімжанқызы, Тараз

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться