Ресейден Қазақстанға арзан көліктер қаптап келгелі тұр

2258

Көршінің таксопарктері ұсталған "иномаркаларды" жаппай сатуға дайындалуда.

Ресейден Қазақстанға арзан көліктер қаптап келгелі тұр Фото: canva

Бұған оларды Мемдума қабылдаған жаңа заң итермелеп отыр. Ол заң такси парктері мен агрегаторларды такси қызметіне тек РФ-та құрастырылған автокөліктерді ғана пайдалануға міндеттейді.

Нәтижесінде, Ресейде, наурызда шетелде құрастырылған және бұрын такси есебінде қолданылған машиналар қайталама нарыққа бастапқы құнының жарты бағасына жаппай саудаға қойылады.

"Такси компаниялары қолданыста болған шетелдік автомобильдерді жаппай әрі жылдам сатып жіберуге әзірленуде. Тасымалдаушылардың автопаркіндегі "иномаркалардың" үлесі бүгінде 80%-дан асады. Тиісінше, осы алапат көлемнің бәрі наурыз айынан бастап нарыққа лық төгіледі. Келесі жылдан бизнес тек отандық автомобильдерді ғана сатып алуға міндетті. Салдарынан, ол ескі шетелдік көліктерін жалға бере алмайды және қайта тіркеуден өткізе алмайды", – деп жазды "Известия" газеті.

Басылым оны сатып алғысы келетін болашақ клиенттерге мына жайтты ескертті: тіпті шыққан жылы бір болғанның өзінде, жеке тұлғаның өз қажеттілігіне пайдаланған көлігінен такси қызметіне жегілген машина қатты ерекшеленеді.

Жүрісі (пробег) көп, тозу деңгейі жоғары. Сондай-ақ таксилетуге тартылған машинаға жиі әрі көп жөндеу жүргізіледі. Сондықтан 2026 жылы РФ-тан әкелінген "б/у" көлікті иеленбес бұрын, қазақстандықтар оның тарихымен танысқаны, такси болған-болмағанын анықтағаны жөн. Тіпті ешқандай жеңілдік оны сатып алуды ақтамауы мүмкін.

Ресейлік ақпарат құралдары мен сарапшылар ел парламенті заңдастырған жаңа талаптар саланы тұралатып кететінін мәлімдеуде. Шығынның бір бөлігін өтеу үшін шетелдік маркадағы көліктерді жаппай арзанға саудаға қоюға тура келетіні Халықаралық еуразиялық такси форумы (МЕФТ) барысында да жарияланды. Бұған себеп ретінде – таксиге арналған көлікті локализациялау туралы және жеңіл көлік тасымалдары туралы жаңа заңдар екені аталды.

Алғашқы заңға сәйкес, жолаушы тасымалдаушылар 2026 жылдың наурызынан бастап шетелдік машиналарды сатып ала алмайды. Екінші жағынан, паркіндегі қолданыстағы сондай автомобильдерін тасымал реестріне қайта тіркеуге қою мүмкіндігінен айрылды.

Келесі заң бойынша шетелде құрастырылған машиналардың иелеріне оны жеке кәсіпкерлерге арендаға беруіне тыйым салынды. Ал, таксишілердің көбі дара кәсіпкер ретінде тіркелген.

"Бұл заңдар дайындалған кезде саланың ерекшеліктері, көзден таса жатқан талмау тұстары, түйткілдері мүлдем ескерілмеді. Жеңіл көлік тасымалы бизнесін жүргізудің ерекшеліктері де назардан қалыс қалған. Таксиді жалға беру қызметтері өз көліктерін көбіне әртүрлі жүргізушілердің атына қайта тіркейді. Енді бұл мүмкіндіктен жұрдай болды", – деп қынжылыс білдірді "Главный путь" таксиінің бас директоры Аркадий Лодягин.

Машиналарды жергіліктілендіру туралы заңның қолданысқа енгізілуімен бірге, наурыз айынан бастап, тасымалмен айналысатындар реестріне тек "отандық өндірістің" автомобильдерін енгізуге ғана рұқсат етіледі.

"Желтый носорог" компаниясының өкілі Виктория Захарчеваның түсіндіруінше, ірі қалалардағы ресейлік барлық таксопарк машиналарын жүргізушілерге арендаға беру арқылы жұмыс істейді. Егер былтыр жүргізушілердің көпшілігі "өзін-өзі жұмыспен қамтушы" мәртебесінде істесе, бүгінде басым бөлігі жеке кәсіпкер мәртебесіне көшіп алды.

Салықшылар соны талап етеді, сонымен қатар дара кәсіпкерлерге алым-салықта көп жеңілдік болғандықтан, сол мәртебеде қызмет ету оларға тиімдірек. Наурыздан кейін оларға шетелдік маркалы автомобильді жалға беру мүмкін болмай қалады.

"Соның кесірінен, ол көліктің бәрін дерлік сатып, бизнесті жабу ғана қалады. Ең көп табыс әкелетін сегменттің бірі сол еді. Такси ретінде қайта рәсімдеуге деген тыйымға сондай-ақ лизингке алынған және бүгінде таксопарктерге қызмет етіп жатқан "иномаркалар" да ілікті", – дейді "Шоколад" таксиінің инвесторы Спартак Заболотский.

Қазіргі кезде Ресей автонарығының үлкен бөлігін қытайлық көлік жаулап алды. Бұған қоса, таксопарктер дамыған елдердің – Еуропа, Жапония мен Кореяның ұзақ пайдаланылатын, төзімді көліктерін "параллельді импорт" схемасымен, айналма жолмен көптеп тасыды.

Соның ішінде 2023 жылдан бері ресейлік тасымалдаушылар жатжұрттық көліктерді 3-4 жылғы мерзімге лизингке белсенді сатып алды. Кейбір такси қызметтерінде мұндай машиналардың үлесі 80%-ға жуықтаған. РФ экономикасының тағы бір саласына төніп келе жатқан қатердің ауқымын осыдан бағамдауға болады.

Спартак Заболотскийдің байламынша, мұндай машиналарды жеке меншікке қайта рәсімдеуге болады. Алайда әрі қарай жаңа иесіне онымен таксилетуіне тыйым салынады. Ендеше бұл автомобильдердің үлкен легі Қазақстан және одаққа кіретін басқа елдерге тасқындауы мүмкін. Өйткені оларда шетелдік көліктерді такси есебінде қолдануға ешқандай шектеу жоқ.

Заболотский такси туралы жаңа заңның талаптарына тек "Лада" немесе "Москвичтер" ғана сәйкес келетінін жеткізді. Алайда мұндай сапасыз, жайлы емес, бірақ құны қымбаттаған жергілікті көліктерді сатып алу такси парктерін қып-қызыл шығынға батырады, тасымалдау компанияларына қосымша жүктеме түсіреді.

Оларға не банкрот болып жабылып қалу, немесе такси тарифтерін көтеру қалады. Бұл айналып келгенде, төл көлігі жоқтықтан такси қызметіне жүгінетін қарапайым ресейліктердің қалтасын қағып, тұрмысын құлдыратады.

"Максим" такси агрегаторының бұқарамен байланыс бөлімінің басшысы Павел Стенников тағы бір проблемаға назар аудартты: жаңа заң байларға қызмет ететін таксилерге жойқын соққы береді. Өйткені бай-бағлан "Ладамен" жұрт алдына шығып, абыройын төкпейді.

"Бүгінде жаңа заңның нормасына сәйкес келеді деп келесі маркалар танылды: LADA Granta, Vesta, Iskra, Aura, сондай-ақ "Москвич 3", "Москвич 6", XCITE X-Cross 7 мен X-Cross 8. Ал, электромобилдер арасынан Evolute i-PRO пен i-JOY ғана. Бұл машиналардың бәрі тек "Эконом" мен "Комфорт" тарифтеріне сәйкес келеді. Ал, "Комфорт+", "Бизнес" және "VIP Минивэн" тарифтерінде отандық автоөнеркәсіп ештеңе де ұсына алмайды!", – деді Стенников.

Ол 2020 жылдан бері "Автоваздың" өнімі 2-3 есеге қымбаттағанын қаперге салды. Енді оның маркаларына сұраныс күрт өссе, құны әрі қарай шарықтайды. Нарық заңы сондай: егер өнімге ұзынсонар кезек тұрса, әрі тапшылық қалыптасса, оның бағасы тез көтеріледі.

"Тиісінше, тасымалдаушылар такси бағасын қатты өсіруге мәжбүр болады. Ресейлік көліктер тез бұзылады, жиі жөндеуді талап етеді, бұл шығыстары да тарифке әсер етеді. Барлық шығындар сапар бағасына қосылады. Локализацияны ресейлік жолаушылар қалтасынан өтейді. Отандық автомобильмен сапарлау үшін олар қазіргіден бірнеше есе көп төлеуге әзір ме? Күмәнді. Салдарынан, онсыз да көлемі шағын күйде қалған легальді такси нарығы өңірлерде микроскопиялық мөлшерлерге дейін сығылуы мүмкін. Оның орнына тоқсаныншы жылдардағыдай "бомбилалар" билік ететін болады", – деді сарапшы.

"Шоколад" таксиінің дерегінше, бір ғана Мәскеуде, бір ғана 2023 жылы тек лизингпен 27 мың шетелдік көлік сатып алынған. Ал, барлық жылдағысын және барлық өңірдегісін есептесе, есеп-қисап жүздеген мыңмен саналуы мүмкін.

Ұлттық өнеркәсіптік ақпарат агенттігінің (НАПИ) дерегінше, қазіргі кезде такси қызметінде 791 мың автомобильдің ресми рұқсаты бар. Соның ішінде небәрі 15%-ы Lada және 2%-ы "Москвич". Қалған жүздеген мың көлік сатуға шығарылуы мүмкін.

CarCad компаниясының дерегінше, РФ-та такси қызметінде Haval, Geely, Belgee, Solaris маркалары танымалдылыққа ие.

"Автостат" агенттігінің есептеуінше, қайталама нарықта саудаға қойылса, мұндай машиналар құнының жартысынан астамын жоғалтады. Мысалы, Haval Jollion кроссоверін иесі 2022 жылы 2,22 млн рублге (шамамен 15,5 миллион теңгеге) сатып алса, 2025 жылы енді 980 мың рубльден (6,8 миллион теңгеден) төмен бағаға сатуға тура келеді. Яғни, бастапқы құнының 46%-ын жоғалтады. Салыстырғанда, зауыттан шыққанына үш жыл толған дәл осындай машинаны РФ-та жеке қожайындары шамамен 1,68 млн рубльге сатуда.

Айтпақшы, бүгінде Қазақстанда рубльдің қатты қымбаттауына (1 ресейлік валюта бағамы 7 теңгеге жуықтады) байланысты РФ-тан көлік тасу тиімсіз болып тұр. Өйткені Қазақстанда қытайлық су жаңа көлікті 5,5 миллион теңгеден табуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу