Ресейден жеткізілетін құс етінің көлемі айына 3,5 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін

3451

Құс нарығы бойынша сарапшы Альберт Давлеев Қазақстан арқылы америкалық құстың сан етін кері экспорттау дүдәмал нәрсе деп отыр.

Ресейден жеткізілетін құс етінің көлемі айына 3,5 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін

Ресейден жеткізілетін құс еті айына 3,5 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Аbctv.kz-ке түсініктеме берген AGRIFOOD Strategies консалтингтік компаниясының президенті және құс шаруашылығын дамытудың халықаралық бағдарламасының вице-президенті Альберт Давлеев осындай сарапшылық пікір білдірді.

"Ресейлік құс етін өндірушілер Қазақстанға сатуды шынымен де арттырмақ ойы бар ма деген сауалға жауап берген ол: "Ай сайын Қазақстанға жеткізілетін ресейлік құс сирағы бүгінгі күні айына 2,5 мың тонна деңгейінде тұрақталуы мүмкін немесе 3-3,5 мың тоннаға дейін өсуі әбден мүмкін", – деді.

Оның айтуынша, жалпы мұндай нарықтық динамикаға қазақстандық және мұхиттың арғы жағындағы өндірушілердің жеткізу көлемі сияқты факторлар әсер етуі мүмкін.

"Ресейлік құс шаруашылығы өнімдерінің бағасы өскенін байқамау мүмкін емес, бағаның өсуі маусым айында басталып, осы жақында ғана тұрақталды. Оған ең бірінші алдыңғы екі жылға қарағанда биылғы жылы астық шығымының төмен болуынан дәнді дақылдардың қымбаттауы, сондай-ақ Еуропа мен әлемнің бірқатар басқа елінде бағаның шарықтап кетуінен экспорттың өсуі себеп болды. Алайда тіпті өнімнің қымбаттауының өзі оны Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдеріне сату көлеміне кедергі бола алмайды, себебі отандық кәсіпорындардың қуаты әзірге құс сирағына деген сұранысты қамти алмайды, ал сиыр еті мен қой еті күн сайын қымбаттап барады", – деді Давлеев.

AGRIFOOD Strategies президентінің ақпарына сүйенер болсақ, Қазақстанның құс еті нарығына Грузия мен Ресей арқылы америкалық құс сирағын импорттық жеткізу транзитінде болған проблема айтарлықтай әсер етті. Бұл өнімді тұрақты жеткізудегі кешіктірулер үйлесімсіздікке, алыпсатарлыққа әкеліп, құс өнімінің барлық түрінің бағасын қымбаттатып жіберді.

Бұған қоса, көліктік рәсімдерді қиындатып жіберу, импорттық құстың қымбаттауына әкеледі.

Еске салар болсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Россельхознадзор АҚШ өнімдерінен дәрі-дәрмектік құрал барын анықтап және оның Қазақстандағы ветеринарлық бақылауында қиындықтар болғандықтан, америкалық құс сирағын тасымалдауға тыйым салған. Ал біздің ауыл шаруашылық министрлігі Россельхознадзор тасымалдауға тыйым салуды құжат бойынша бекітпегенін, ал бақылау жүйесі бұған дейін ресейлік тараптың мақұлдауымен енгізілгенін айтып отыр.

Сонымен қатар, Альберт Давлеевтің мәліметі бойынша, бүгінгі күні Ресейде құс етінің артылып жатқаны да байқалмайды. Қазақстандық астық елде қалатыны мен әлемдік бағаның оған әсер етпейтінін ескеретін болсақ, қазақстандық құс шаруашылығымен айналысатындардың алдағы жарты жылда ішкі нарыққа шығу келешегі зор. Сарапшы Қазақстанға келетін ресейлік құс еті сұраныс пен баға факторына тәуелді болады, өйткені егер ресейлік тауардың бағасы төмен болып, қазақстандық өндірушілердің сапасы деңгейінде болатын болса, онда трейдерлер оны маржиналдығына бола таңдауы мүмкін дегенді айтты.

Сондай-ақ ол биылғы жылы Ресейде таралған құс тұмауының жоғары патогендігіне қатысты шектеу, осы ауру шыққан өңірлерге ғана қатысты екеніне тоқталып кетті.

"Ресейдің құс шаруашылығы активтері шоғырланған Белгород, Брянск, Мәскеу облыстары, Орал құс тұмауынан аман. Ал ауру тек бір-екі өндірістік фабрикаларда ғана таралған. Сондықтан Ресейде құс етін ұсыну қысқарған жоқ", – деп нақтылады Давлеев.

Өскемен құс фабрикасының былтырғы жылдық есебінде 2017 жылы Қазақстанда 186 мың тонна құс еті өндірілген, ал 164 мың тоннасы импортталған деп жазылған. Бір ай бұрын Макинск құс фабрикасының бірінші кезегі іске қосылды, бұл отандық өндіріске жыл сайын 25 мың тонна қосады. Сонымен қатар үкіметтің америкалық құс сирақтарын қосымша кедендік бажсыз тасымалдауға бекіткен квотасы арқылы 140 мың тонна құс еті келеді.

 Аbctv.kz-тың бұрын Ресей арқылы Қазақстанға тасымалданған америкалық құс сирақтары кері экспортталуы мүмкін бе деген сұрағына жауап берген сарапшы мұның болатына сенбейтінін немесе оның тиімсіз екенін айтты.

"Ресей арқылы Қазақстан мен Қырғызстанға пломбаланған вагондармен келетін америкалық құс сирағы ресейлік "Меркурий" ақпараттық жүйесінде тіркелгеннен кейін, ресейлік өңірде қалып қойғаны жайлы бірде-бір құжатталған оқиға жоқ. Россельхознадзор, кеден органы тауар кіргенде және шыққанда қатаң бақылайды", – деді спикер.

"Кері экспорт жайына келер болсақ, онда бұған негіз жеткіліксіз. Тіпті қарапайым экономика тұрғысынан алып қарайтын болсақ та, бұған еш негіз жоқ. АҚШ-тан Атлант мұхиты арқылы контейнерлерде тасымалданған тауарды Балтық теңізінде түсіріп, темір жол платформасына қайта тиеліп, Литва немесе Латвия, Беларусь және Ресей арқылы екі апта жүріп, келген америкалық құстың сан етінің өзіндікқұны кедендік баж бен салықтарды төлегеннен кейін, Қазақстанға жеткенде ресейлік тауықтың бағасынан қымбат болып шығады. Сол себепті оны Ресейге кері экспорттаудың еш пайдасы жоқ. Оған қоса, бұл өнімге деген сұраныс Ресейге қарағанда Қазақстанда өте жоғары. Ал ресейліктер отандық өнімді тұтынуға баяғыда көшкен", – деп атап кетті Альберт Давлеев.

Данияр Серіков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу