Ресейдің Белгород облысына шапқыншылық жалғасты

1838

Сарапшылардың байламынша, Украина қарулы күштері тарапынан тиісті қолдау болса, қарумен қамтыса, РФ аумағындағы шабуыл айларға созылуы мүмкін. 

Ресейдің Белгород облысына шапқыншылық жалғасты Фото: telegram.org/k/#@legionoffreedom

РФ Қорғаныс министрлігі елдің Белгород облысының территориясына енген 70-тен аса диверсанттың жойылғанын, өзгелері Украина аумағына ығыстырылып, сол жерде талқандалғанын баяндады. Әскери ведомство өзінің соңғы есебінде "ұлтшылдардың құрылымдары" бұғатталып, күл-талқан етілгенін мәлімдеді.

"Диверсанттардың қалдығы Украина территориясына кері қуылды, сонда олардың үстінен соққы беру олар толығымен жойылғанша жалғасты. Жалпы алғанда, 70-тен астам украиналық лаңкес, 4 бронды машина және 5 пикап жойылды", – деп хабарлады РФ Қорғаныс министрлігі.

Өз кезегінде РФ Тергеу комитеті Белгород облысындағы оқиғаға орай бірден 6 бап, соның ішінде теракт бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қалғандары күш құрылымдары өкілдерінің өміріне қолсұғушылық, кісі өлтіруге оқталу, мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру, қарудың және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы баптарына қатысты.

"22 мамырда украиналық қарулы құрылымдардың өкілдері Белгород облысының Грайворон ауданына басып кірді. Тұрғын үйлерге және әкімшілік ғимараттарға, азаматтық инфрақұрылым нысандарына минометтік және артиллериялық соққы жасалды. Осы қылмыстық іс-қимылдар салдарынан бірнеше азаматтық тұлға жарақат алды", — деп мәлімдеме таратты Тергеу комитеті.

Ресейлік телеарналар Белгородтағы оқиғаға мән берген жоқ: әдеттегі қуқы тірлік, әлдебір объектілердің ашылуы, жиын-жиналыстар арасында бірер секунд сөз етті де, жылы жаба салды.

Тиісінше, солтүстік көршінің жұртшылығы жеңіл күрсініп, өз күш құрылымдарының қуатына масаттанып, арқаны кеңге салды.

Алайда ресейлік телеграм-арналардағы дүрбелең дүмпуі жер жарып тұр. Өйткені Ресей етегіндегі шайқастар жалғасқан. 

Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков Ресей тарапынан әскерилер арасында да шығын барын айтып қалды. Бірақ егжей-тегжейін жұртынан жасырды.

"Аумақты диверсанттардан тазарту жалғасып жатыр", — деп қысқа қайырған аймақ басшысы ресейлік күш құрылымдарының әзірге оларды толық жоя алмағанын жанама түрде болса да, растады. Губернатор баспаналарын тастап, босып кеткен белгородтықтарға алғысын білдіріп, әзірге өз үйлеріне қайтпауға шақырды.  

Халықаралық ақпарат құралдары "Свобода России" легионының және "Русский добровольческий корпус" (РДК) қозғалысының телеграм-арналарына сілтеме жасап, олардың Белгород облысындағы шабуыл іс-қимылдары жалғасып жатқанын жариялады. Олардың сауытты техникамен алға қозғалып бара жатқан мезеті бейнеленген видео да тарады.

Облыс орталығы Белгород қаласының орталығында кешке жарылыс болды. Жергілікті "Белгород—Молния", "Блэтгород" сияқты телеграм-арналар ФСБ басқармасына шабуыл жасалғанын, оның қызметкерлері нысанды тастай қашқанын хабарлады. Mash, SOTA, "Рыбарь" телеграм-арналары да федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) Белгород облысы бойынша басқармасы басты шабуыл нысанасы болғанын жазды. Жарылыстан соң құзырлы органдар дереу аталған басқарма орналасқан Преображенская көшесін жан-жақтан бұғаттады. Бұл олардың диверсанттарды іздегенінен хабар береді.

Телеграм-арналар куәгерлерге және дереккөздеріне жүгініп, ФСБ төбесінен жарылғыш зат әскери дрон арқылы тасталған деп сендірді. Сондай-ақ ол дрон соның жанында орналасқан Ішкі істер ведомствосын да шабуылдауы мүмкін. Нәтижесінде, жауапты құрылымдар бірнеше көшені, соның ішінде Князь Трубецкий, Преображенская, Николай Чумичов көшелерін, Слава даңғылын жауып тастап, ол ғимараттарға бөтен жанды жуытпай қойды.

Билік Белгород орталығындағы жарылысқа қатысты түсініктеме беруден бас тартқан. 

Губернатор Вячеслав Гладков тек кеш қарайған шақта Борисовка кенті де атқыланғанын әңгімеледі. Шабуыл дрон көмегімен жасалыпты. Бейбіт тұрғындар арасынан шығын, зардап шеккендер жоқ. Соған қарағанда әскери нысандар нысанаға алынса керек. Губернатор тек әкімшілік ғимараттардың бірінің шатырын снаряд тесіп өткенін, бірақ онда өрт болмағанын айтты. Ол түн ортасында беспилотниктің кентке шабуылы жалғасқанын жариялады.

Жалпы, ресейлік сарапшылар шекарадағы ресейлік Белгород облысының өне бойы қару-жараққа толы екенін, соның ішінде ядролық қару компоненттері сақталатын қойма болғанын еске салады. Ядролық арсенал құралдары шұғыл түрде әкетілді деген де хабар бар.

Вячеслав Гладков облыстағы Глотово және Козинка селоларынан тұрғындар әкетілгенін жария етті. Соның алдында облысқа шабуылдағандар бұл елді мекендерді басып алғанын мәлімдеген болатын. Губернатордың сендіруінше, бұл селолар азат етілген.

Ол кеше кешке қарсыластардың Богун-Городок, Цаповка селоларын, Лозовая Рудка хуторын әуеден шабуылдағаны туралы хабар келіп түсіп жатқанын жеткізді.

"Коммерсантъ" басылымының дерегінше, облыстағы Грайворон қалалық округіндегі Белгород-22 әскери бөлімі қарсыластың атқылауының астында қалған. Әскери қалашықта екі әскери қызметшінің қаза тауып, тағы төртеуі жараланғаны анықталды.

"Свобода России" легионы 23 мамырдың түсінде РДК қозғалысымен бірге "Белгород облысын азат етуді жалғастырғандарын" жария етті.

Ресейлік телеграм-арналар аймаққа басып кірген қарсыластар Белгород облысында окоп қазып, бекініс жасап жатқанын жазуда. Украиналық DeepStateMAP орталығы легионшылардың бақылауында 30 шақырымдай аумақ бар деп топшылады. 

"РФ аумағына кірген топтардың абайлап қимылдағаны байқалады. Бұл бейбіт тұрғындар арасынан көп шығын болмау үшін маңызды. РДК өзі кірген селоларда көшелерді көлікпен аралап, дауыс күшейткішпен үйлерден шықпауға, жертөлелерде жасырынуға кеңес бергені белгілі болды. Яғни, Ресей әскері тарапынан соққы берілмесе, бейбіт тұрғындар аман қалуға тиіс. Егер Украина қарулы күштері тарапынан тиісті көмек болса, ұдайы қамтамасыз етіліп отырса, олар Белгород облысында айлап бекіне алады. Ар жағында Украинаның үлкен шабуылы басталып, Ресей жағы бұларға мойын бұра алмай қалады. Жалпы, бұл оқиға Ресейдің ұзынсонар шекарасы лайықты қорғалмағанын, одан тіпті шағын топтар да өте алатынын, оларға қарсы жергілікті күш құрылымдарының қауқарсыздығын паш етті", – деді белгілі израильдік сарапшы Игаль Левин.

Ресейлік телеграм-арналар Украина жағынан шағын әскери күштер Казачья Лопань, Уд тұсында шекараны кесіп өтуге тоқтаусыз талаптанып жатқанын жазды. Ресейлік шекарашылар Щетиновка, Горьковский түбінде шекараны бұзған топтарды тойтарыпты. Цаповка жанында да шағын диверсанттық топтар екі ел шекарасын кесіп өтпек болыпты-мыс.

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі Белгород облысындағы оқиғаларға түсініктеме бере келе, Ресейдің "өз шекаралық өңірлерінде анағұрлым салмақты әрі көп қырлы қауіп-қатерлерге тап болғанын" ескертті. Британдық әскери ведомство бұл қатарға шекарада ресейлік әскери тікұшақтар мен жойғыш ұшақтардың атып құлатылуын, теміржолдарының қолдан жасалған жарылғыш заттармен жарылуын, өзге де партизандық қозғалысқа тән тәсілдерді жатқызды.

Ресейлік журналист, жазушы, қазіргі әскери шолушы Юлия Латынина өзін "ресейлік қарулы оппозиция" атайтын күштердің Мәскеуге дейін жететініне сенбейді.

"Донбассыз да, Ресейдің Украинамен нығайтылмаған шекарасы 700 шақырымды құрайды. Бұл шекарада не әскер, не техника, не бекіністер жоқ. Танкке қарсы "сыйқырлы" пирамидаларды назарға алмаймыз, олар бюджеттік ақшаны игеру үшін қызмет етті. Украина шекарасынан Мәскеуге дейін небары 500 шақырым ғана. Әскери стратегия тұрғысынан Украина үшін осы бекітілмеген шекараны жаппай шабуылдаған орынды. Сонда РФ Украина аумағындағы біраз әскерін өз шекарасын қорғауға алып кетеді. Бірақ Украина бұлай жасай алмайды: бұған Батыстағы серіктестері қарсы. Міне, Украина армиясы тұйықтан басқа жолмен шықты: өзі шабуылдаған жоқ. РФ паспорты бар орыстар операцияға аттанды. Сөйтіп, Путиннен есе қайтарды: ол да кезінде фейк "ДХР"-ды солай құрған. Енді Украина жасанды түрде Ресей жерінде "БХР" құра алады", – деген пікір білдірді Ю.Латынина.

Оның ойынша, "ресейліктердің өзі Мәскеуге қарсы шыққанын" көрсету үшін бұл шағын топ аздық етеді. Дивизия болмағанымен, Ресей армиясының тұтас роталары мен полктары Украина жағына өтсе ғана Ресей халқы дүр сілкінеді. Әйтпесе, пропаганда Белгород жақта ештеңе болып жатпағандай сыңай танытып, бүкіл РФ жұртшылығын соған сендіреді.

Оның үстіне кеше кешкілік губернатор Вячеслав Гладков Белгород облысында алдында енгізілген "контртеррористік операция" режимі алып тасталғанын мәлімдеді.

Ресейлік журналист Георгий Александровтың хабарлауынша, Белгород облысына мотоатқыштар жасағының шамамен 3 200 жауынгері, 20 соғыс техникасы, арнайы мақсаттағы жасақтардың (армейский спецназ) шамамен 1 мың адамы және 40 ұрыс техникасы қосымша тартылған. Облысқа ФСБ қол астындағы "Альфа" және "Вымпел" қызметкерлері де бағытталды. Операция аяқталған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу