Ресейдің былтырғы қыркүйекте мобилизациялағандары түгесілді

1822

Сарапшылар РФ әскерінің Украинадағы шабуылдары аяқталуға таяды деп санайды. 

Ресейдің былтырғы қыркүйекте мобилизациялағандары түгесілді Фото: yandex.kz

Америкалық Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшыларының мәлімдеуінше, Украинадағы ресейлік әскерлердің жаппай басқыншылығы шырқау шегіне жақын қалды.

Бұл "жойқын шабуылдың" іргесі 2022 жылғы қыркүйекте қаланған болатын. Сонда Мәскеу "ішінара жұмылдыру" науқанын жариялап, өз азаматтарын жаппай соғысқа әкетуге кірісті. Ажал қақпанына түскісі келмеген миллионнан астам (кейбір деректер бойынша 1,5 миллион) ресейлік Қазақстанға, Грузияға, Моңғолияға, Түркияға, АҚШ-қа және басқа елдерге қашты.

Ал қолға түскен, немесе өз еркімен барған,мобилизанттар қысқа даярлықтан өткен соң Украина Қарулы күштерінің (ЗСУ) тас қамал бекіністерін, қорғанған қалаларды шабуылдауға мәжбүр болды.

Оларды алдын ала тазартылмаған, миналанған алқап арқылы айдаған оқиғалар кездескен. Мобилизанттар сауытты техникамен жете қамтамасыз етілмеген. Яғни, қарсыласқа еш қалқансыз тап-тап берген. Содан олардың көбі қынадай қырылып қалған. Халықаралық сарапшылар майданнан күн сайын түсіп жатқан видео және фото деректерді талдай келе, күніне 1,5 мыңға дейін РФ солдаты жер жастанып жатыр деген байлам жасады.

"Әскери қимылдар театрындағы РФ шабуыл операцияларының қарқыны соңғы апталарда баяулады. Соған қарағанда Ресей әскерінің көктемгі шабуылы да шырқау шегіне жетіп қалғанға ұқсайды. Сватово-Кременная шебінің бойында, Бахмут қаласының айналасында, Авдеевка-Донецк және Угледар майдандарында ресейлік шабуыл операциялары әзірге жалғасуда. Бірақ олар тым мардымсыз тактикалық табыстар ғана әкелді", – делінген ISW есебінде.

Ресми мәлімет бойынша Мәскеу 2022 жылғы қыркүйекте мобилизацияланғандардың шамамен 300 мыңын Украина аумағындағы түрлі шабуылдарға жұмылдырды.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, сол 300 мың жауынгер Ресейдің "шешуші басымдығын" қамтамасыз етуге қауқарсыз болып шықты. Демек, мобилизацияның болашақ толқындары барысында тарту жоспарланып отырған қосымша күштер де нәтижені түбегейлі өзгертуге ықпал етуі неғайбыл.

Сол себепті әскери эксперттер Украинаның бастаманы өз қолына алып, өз территориясын жаудан толық азат етуге бағытталған кең ауқымды контршабуылға көшуіне барлық мүмкіндігі бар деп есептейді.

Батыс ақпарат құралдары таяуда ресейлік офицерлердің телефон арқылы әңгімесін жариялады, онда олар ресейліктердің әскерге барудан жаппай қашып жатқанына, былтырғы "300 мың қол таусылғанына, снарядтар жетпей жатқанына және "вагнерліктер" де бітуге таяғанына" шағымданады.

ЗСУ шығыс тобының өкілі Сергей Череватый Ресейдің Донбастағы ірі шабуылға жеткілікті күшті сол бойы жинай алмағанын мәлім етті. Оның бағалауынша, ағымдағы ресейлік шабуыл қарекеттері "ірі стратегиялық операция" деп атауға келмейді. Ол ресейлік армияның Бахмут қаласының орталығына кіргенімен, оны толық басып ала алмағанына назар аудартты.  

Ресей жағы да Украинаның қарсы шабуылға шығуына жол бермеу амалдарын қарастырып жатыр. Қанішер "Вагнер" жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин ЗСУ қарсы шабуылына тойтарыс беруге дайындалып үлгеру үшін РФ армиясына шамамен екі апта ғана уақыт қалғанын мойындады. Ол соғысуға Ресейдің ішіндегі алауыздық пен шиеленістер кедергі келтіріп отыр деп шағымданды. Егер РФ қарулы күштері екі аптадай уақыт ішінде сақадай сай болмаса, содан кейін "Боржоми ішуге кеш болады". Пригожин Украина территориясындағы ресейлік армияның перспективасын "енді өте тұманды" деп атады.

"Настоящее Время" порталы құқық қорғаушы ұйымдардың ақпаратына жүгініп, биылғы 1 сәуірде РФ қорғаныс министрлігі әскерге контрактімен істейтін әскери қызметшілерді алуға кірісетінін хабарлады. Сайып келгенде, жаңа мобилизация басталуы мүмкін. Оның барысында алдыңғысынан да көп адамды: әскери борышы бар 400–500 мыңдай ер және әйелді соғысқа әкетуі мүмкін.

Бұл тағы да РФ азаматтарының шетелге босуына түрткі болуы ықтимал. Сайлаудың сүргініне тап болған Қазақстанда соған дайындық байқалмайды.

Ura.ru хабарлауынша, РФ Қорғаныс министрлігі әрбір өңірге нұсқамалар жолдап, онда олардың әрқайсысы нақты қанша адаммен арада әскери контракт бекітуге тиістігін көрсетіпті. 

Бірақ бұл шара тіпті ішінара мобилизация емес, жай ғана "кеңауқымды ақпараттық науқан" деп аталған.

Оның барысында кейбір жоғарғы орнын бітірген түлектерге әскерге шақыру дипломмен қоса табысталмақ.

Мәселен, қорғаныс министрлігінің жоспарлауынша, Қазақстанмен іргелес Челябі облысы 10 мың адамын соғысқа аттандыруға тиіс. Свердлов облысы да сонша азаматын жолдауы шарт. Пермь өлкесі – 9 мың жігітін әскерге бөлуі қажет. Қазағы қалың тұратын РФ аумақтарынан тағы да көбірек қол талап етілмек.

Воронеж облысының военкоматы шақыру қағаздарын таратуды бастап кетіпті. Билік әскерге жарамды жігіттер мен қыздар келуі үшін бұл науқан "тек қана военкоматтарда әскери есепке қою деректерін өзектілендіру үшін жасалып отырғанына" сендіруге тырысып жатыр. Өзектілендіру барысында азаматтарға өз еркімен Украинаға қарсы соғысуға бару ұсынылады екен. Мұны ресейлік "Верстки" порталына сұхбатында Воронеж облысының күштік құрылым өкілдері растады.

CNN телеарнасы атын атамаған НАТО өкіліне сілтеме жасап, Бахмут қаласы үшін қырғын соғыста Украинаға қарағанда Ресейдің бес есе көп солдатынан айырылғанын жариялады. РФ осы қаланы шабуылдаған 30 мың солдатынан айырылды деген хабар бар.

ISW пайымдауынша, РФ армиясы Бахмутты толық басып алса да, ары қарай басқыншылығын жалғастыра алмауы мүмкін. Себебі түсінікті: шабуылды өрістетуге қажетті жауынгерлері қалмай барады.

Оккупант Луганск облысын толық тартып алу үшін Купянск, Сватово, Кременная бағыттарында да "ірі" шабуыл операцияларын жалғастыруда, бірақ одан нәтиже шығара алмады.

Жаудың жуасып, жігері жаси бастағанын түсінген Украина армиясы болашақ ірі контршабуылға дайындық аясында дұшпанның осал тұстарын ақырындап барлауға кірісті. Украиналық жауынгерлердің шағын тобы Бахмуттың оңтүстік-батысында, 6 шақырым жерде жергілікті контршабуылды табысты жүзеге асырды: РФ әскерлерін Ивановское кентінен кері тықсырып, сол аудандағы маңызды Т0504 трассасын өз қолына көшірді. Майданда әрбір трасса "өмір жолы" екені мәлім.

Ұқсас шектеулі контршабуыл операциясы Запорожье облысындағы Новоданиловка ауданында жүргізілді. Мұның барлығы ресейлік милблогерлер (milblogger, әскери блогер) арасында дүрбелең туғызды. Дегенмен, қарқынды, сұрапыл шабуылдар алда болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу