Ресейдің "Газпромын" Еуропада Түркия мен Әзербайжан алмастыруы мүмкін

4536

Әлемде жаңа алпауыт өсіп келе жатыр. Анкара әлемдік гегемонның біріне айналуы да ғажап емес.

Ресейдің "Газпромын" Еуропада Түркия мен Әзербайжан алмастыруы мүмкін

Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға мемлекеттік сапары солтүстік көршімізді қапаландырды. Ресейлік пабликтерде, әлеуметтік желілерде "Түркияның Орталық Азияға ықпалы күшейетін болды", "аймақ көшбасшысы ретінде Астана өзге "стандардың" бәрінің бетін Түркияға бұрғызды", "Қазақстанның қорғанысын күшейтуге Түркия білек сыбана кіріседі", "Бұрынғы Кеңес Одағының аумағы түгіл, қойнымыздағы Орталық Азиядан айырылып қалайын деп тұрмыз" деген күрсініске толы пікірлерді байқауға болады. Шынында, Қ.Тоқаевтың сапары аясындағы келіссөздердің қорытындысында қазақ-түрік елдері саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық сыртында, әскери барлау және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын маңызды келісімдерге қол қойды.

Ресейліктердің еңсесі түсіп, еңірейтін жөні жоқ емес. Украинада "блицкригпен" тез жеңіске жете алмаған Мәскеу барлық күшін, тіпті 9 мамыр парадына қатысып келген техникасын соғысқа аттандыруға мәжбүр. Киевті кез келген жолмен тізе бүктіруге жанталасқан "өңірлік державаға" Сириядағы әскери құрылымдарын да украиналық майданға жолдауға тура келді. Сирияда 2011 жылы басталған қан-қасап қырғын үш жылдай бұрын "Астана процесі" аясында бітіммен тоқтағандай болды. Бұл елдің аумағын Ресей, Иран және Түркия бөліске салып, төл "ықпал ету" аймақтарын түзді. Бүгінде ресейлік әскерлердің салмақты бөлігінің әкетілуі бұған дейін Идлиб провинциясымен шектелген Түркияға ықпал аймағын кеңейте түсуге мүмкіндік бермек. Мұны да ресейлік сарапшылар айтуда.

Әйтпесе, 2020 жылдың басында ресейлік әскерилердің және жеке әскери кампаниялардың (ЧВК) қолдауымен сириялық армия Идлиб провинциясына басып кірді. Стратегиялық маңызды Серакиб қаласын тартып алды. Қаланы өз қолына көшіру үшін Ресей әскері оны қазіргі Мариупольдай, әуеден және артиллериядан аясыз соққылады. Артынша Сирия мемлекеттік телеарнасы бір тірі жан қалмай, бос жатқан қаланың көшелерін аралап көрсетті.

Басқыншыларды тоқтату үшін Анкара 2020 жылғы ақпанда шұғыл түрде 430-дан астам түрік ұрыс техникасын аттандырды. 5 ақпанда Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған "ақпан соңына дейін Идлибті босат" деп зілді дауыспен қатаң ультиматум қойғаннан кейін ғана жаудың беті қайтқан.

Айта кету керек, бұл провинцияда түркі тілдес ұлыстар тұрады. Бірақ сонау Осман империясынан бері Түркияны жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы санайтын этностар Сирияның өзге де өңірлерінде жетерлік. Олар түркі тілдерінде сөйлеуге тыйым салатын, сирия араб тілін күшпен таңатын Дамаскінің оккупациясында қалғандай сезінеді.

Ресей тарапының алда Сирияда түріктер күшеймес пе екен деп қауіп қылатыны байқалады.

Кезінде жаудан жеңілген осман империясының бір бөлігінде Түркия республикасының негізін қалаған, сөйтіп, түрік елінің Батыс империялары мен Грекия арасында ханталапай бөліске салынуына жол бермеген Мұстафа Кемал Ататүрік мемлекетті зайырлы қалыпқа көшірді, түріктерді империяшыл өркөкіректіктен айықтырды.

Жасыратыны жоқ, есімі "ер туған" болып аударылатын Ердоғанның саясаты керісінше, Түркияны Осман империясының тікелей мұрагері ретінде өрлетуді мұрат тұтады. Ол "Оттоман империясындағыдай" Түркиядағы ислам дінінің рөлін күшейтуде. Ататүріктің Ата заңынан бас тартылып, конституциялық реформа жүргізілді.   

Түркияның қаруының күші қуатты екенін тек Сирия ғана емес, 2021 және 2022 жылғы Әзербайжан-Армения соғысы да жаһанға паш етті. Анкараға сүйенген әзербайжандар Қарабақтағы жерлерінің біразын қайтарып алды, қазір Ереванды Таулы Карабахты толық беруге иліктіруде.

Түркия кезінде Осман империясының қоластында болған Украинаға да көмекке келді. Қазір түріктің "Байрақтары" ресейлік әскерді қынадай қырып жатыр. Украина тарапы бір аптадай бұрын Түркияның бұл беспилотниктердің жаңа партияларын жібергенін мәлімдеді. Бұған қоса, Анкара Киевке төл бронежилеттерін жолдауда.

Мұнымен шектелмей, Түркия Ресейдің әскери ұшақтарына өз аспанында ұшуға, әуе шекарасын кесіп өтуге тыйым салды. Салдарынан, Ресей Сирияға әуемен әскери күштерін жібере алмайды. Биылғы 24 ақпанда ресейлік әскерлер Украинаға шапқыншылығын бастағанда, Анкара Босфор және Дарданелла арқылы Ресей кемелерінің өтуіне тосқауыл қойып тастады. Соның арқасында Ресей Украина жеріне теңізден қаптатып әскер кіргізе алмай қалды.

Енді Анкара Мәскеуге тағы бір салада жойқын соққы беруі мүмкін. Ол жаңалықты украиналық блогерлер: "Біздің Түркия газ майданын ашады" деп рухтана хабарлады.

Еуропа "Газпромнан" жыл сайын 155 миллиард текше метрдей газ сатып алып келген. Еуропалық комиссия биыл оның кем дегенде үштен екісінен бас тартатынын жариялады. Әзірге ресейлік "көгілдір отынды" сатып алуды толық тоқтата алмайды. Финляндия мен Болгария қатты тәуелді. Бұған дейін Германия барлық тұтынатын газының 61,9%-ын, Австрия – 70,1%-ын, Грекия – 96,4%-ын, Латвия – 76,5%-ын, Словакия – 84,1%-ын, Венгрия – 64,1%-ын, Дания – 53,1%-ын, Польша – 64,2%-ын және Чехия – 57,7%-ын Ресейден алып отырған. Дегенмен, қазірдің өзінде Литва, Эстония және Латвия ресейлік газдан 100 пайыз бас тартты. Польша мен Болгарияға да газ жеткізу доғарылған.  

Осы орайда Еуропада Ресейді Түркия ауыстыруы мүмкін. Түркияның билеуші күші – Әділет және даму партиясы басшысының орынбасары Бинали Йылдырым Sözcü газетіне сұхбатында "Қара теңізде анықталған жүздеген миллиард текше метр газ қоры 45 жылға жететінін" мәлімдеді. Оның айтуынша, тек бастапқы қабаттарда ғана 540 миллиард текше метр газ жатыр. Бірақ бұл тек басы ғана екен: "Жалғасы болады".

Жалпы, Түркия "Сакарья" кенорнын игеруге келесі жылдың басында кірісіп кетуді және тәулігіне 40 миллион текше метр газ өндіруді жоспарлауда. Бұл туралы Kriter журналына сұхбатында Энергетика және табиғи ресурстар министрі Фатих Донмез хабарлады.

Бүгінде Израиль мен Түркия Еуропаға газ жеткізу туралы келіссөздерді бастады.

Қара теңіздегі кенорнында газ резервінің мол екенін Реджеп Тайып Ердоған растады. Түркия Президентінің байламынша, ашылған кенорны елдегі ең ірісі саналады және Анкара ондағы табылған газды жеткізуге 2023 жылы кіріседі.

Әзірге Түркияның өзі "Газпромға" тәуелді: былтыр Ресей "Түрік ағыны" құбырымен 27 млрд текше метр "көгілдір отын" жеткізді.

"Түркия мен Әзербайжанның газы бірігіп, олар алдағы жылы еуропалық газ нарығындағы ірі жеткізушіге айналуы мүмкін. Нәтижесінде, Еуропалық Одақ Ресей газынан әлдеқайда тез құтыла алады. Түркия билігі Еуропаға газды молынан жеткізудің бірнеше нұсқасын пысықтап жатыр. Оған сұйытылған газ терминалын салу да кіреді. Барлығы ретімен жүзеге асса, Түркия–Әзербайжан желісі "Газпромды" еуропалық нарықтан ысырып шығарады. Бұған қоса, Түркия өзін төл газымен қамти бастаса, Әзербайжан бұған дейін Түркияға сатып келген "көгілдір отынын" Еуропаға қайта бағдарлай алады", – деп жазады украиналық басылымдар.

Әзербайжанның барланған газ қоры – орасан зор, кем дегенде 2,5 триллион текше метрді құрайды. Яғни, салаға мол инвестиция тартылып, өндірісін арттырса, каспийлік көршіміздің өзі Еуропадағы осы нарықта басты ойыншылардың біріне айнала алады. Бұған дейін қуатты лоббиі және баға демпингі арқасында "Газпром" әзербайжандардың адымын аштырмай келген еді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу