Ресейдің көмегімен атом саласында жұмыс істейтін қазақ мамандарын даярлағымыз келеді – Президент

225

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресейдің көмегімен атом саласында жұмыс істейтін қазақ мамандарын даярлағымыз келеді – Президент Фото: Ақорда

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелерді талқылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Омбы төрінде қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумы аясындағы бүгінгі жүздесу Қазақстан-Ресей ықпалдастығының негізгі бағыттарындағы жан-жақты диалогты жалғастырып, алдағы қадамдарды нақтылауға мүмкіндік беретінін жеткізді. 

– Біз – аса ірі сауда серіктестеріміз. Былтыр сауда көлемі шамамен 28 миллиард долларды құрады. Биылғы беталысымыз да өте жақсы. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, биыл бес айда өзара сауда көлемінің қарқыны айтарлықтай арта түсті. Ресей экономикамызға инвестиция салатын елдердің арасында көш бастап тұр. Инвестиция көлемі шамамен 30 миллиард долларға жетті. Бірлескен күш-жігердің арқасында жалпы құны 53 миллиард доллар болатын 177 перспективті өнеркәсіп жобасының тізімі жасақталды. Оның 122-сі іске асырылды. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайды ескерсек, бұл – көңіл қуантатын жетістік, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы гуманитарлық саладағы ықпалдастық деңгейін жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалын ашуға қолдау білдіргені үшін Ресей мемлекетінің басшысына ризашылығын білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын бірлесе салу жобасының ағымдағы жағдайы туралы пікір білдірді.

– Маған Балқаш көлі маңында нысан орнын дайындау жұмыстары аяқталуға жақындағанын баяндады. Бұл жоба Қазақстан аумағында энергияның жаңа түрін өндіруге ғана қатысты емес. Ол сонымен қатар мемлекеттеріміздің, ең бастысы, халықтарымыздың және өскелең ұрпақтың арасында алтын көпір болады. Өйткені біз Ресей көмегімен техникалық кадрларды, кейін атом индустриясы сияқты аса күрделі салада жұмыс істейтін жергілікті қазақ мамандарын даярлағымыз келеді, – Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу