Ресейдің танктерін жоқ қылатын уранды снаряд әлемде дау тудырды

6014

Ол Украинаның қолына түссе, Мәскеу ядролық соғыс бастайтынын білдіріп, доқ көрсетуде. Бұл шынымен радиациялық қауіпті қару ма? 

Ресейдің танктерін жоқ қылатын уранды снаряд әлемде дау тудырды Фото: yandex.kz

Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі Украинаға құрамында ураны бар оқ-дәрілер жеткізетінін жариялады. Бұл туралы патшалықтың қорғаныс ведомствосы басшысының орынбасары Аннабель Голдидің мәлімдемесінде айтылған.

Жалпы, қазақ тілінде "байытылған уран" деген ұғым бар. Тиісінше, "обедненный уран" қазақша кедейленген уран болып аударылар еді. Шынында, "depleted uranium" ұғымы кедейленген деп емес, әлсіреген, таусылған (истощенный) болып тәржімаланады. Алайда неге екені белгісіз, қазақстандық заңнамада "обедненный уран", "depleted uranium" ұғымдары "азайтылған уран" деп аударылып, бекітілген. Сондықтан амалсыз, осы тіркесті қолданамыз.

"Украинаға Challenger 2 негізгі соғыс танктерінің эскадрильясы ұсынылады. Бұның сыртында, біз құрамында азайтылған ураны бар бронь жарғыш снарядтар жеткізетін боламыз. Мұндай снарядтар заманауи танктер мен бронды техниканы жоғары тиімділікпен жарып жібереді", – деді Аннабель Голди тұрғындардың хатына жауабында.

Бұл мәлімет жарияланғанда Кремль қожайыны Владимир Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізіп жатқан болатын. Келіссөздер қорытындысында ол осы мәлімдемеге жауап қайырды.

"Міне, бүгінде Ұлыбритания Украинаға тек танктер ғана жеткізумен тыйылмай, сонымен бірге азайтылған ураны бар снарядтарды да беретінін жария еткені белгілі болды. Соған қарағанда Батыс шынымен де Ресеймен соңғы украин тұрғыны өлгенше соғысуға бел буғанға ұқсайды. Осыған байланысты мынаны атап өткім келеді: егер осы айтқанын жүзеге асырса, онда Ресей тиісті үн қатуға мәжбүр болады. Бұл жерде мен ұжымдық Батыс ядролық құрауышы бар қаруды қолдана бастағанын меңзеп тұрмын", – деп тура емес, күлбілтелеп жауап берді В.Путин.

РФ қорғаныс министрі Сергей Шойгу да тура жауаптан тайқып, мұны кезекті эскалация ретінде қабылдайтындарын меңзеді.

"Алдымен олардың нені қолданғалы жатқанын қараймыз. Бұл жерде бір нәрсені ғана анық айтуға болады: сатылар онша көп қалған жоқ. Тағы бір сатыға көтеріп отыр. Ал олар барған сайын азаюда", – деді С.Шойгу.

Дегенмен, тіпті ресейлік мамандардың өзі құрамында уран сөзі болғанымен, бұл снарядтардың ядролық қаруға еш қатысы жоқтығына назар аудартты.

БҰҰ Қарусыздану мәселесі жөніндегі басқармасының дерегінше, азайтылған уран деген – уранның жоғары радиоактивті изотоптарының көпшілігі ядролық отын ретінде немесе ядролық қару жасауда пайдалану мақсатында алып қойылғаннан кейін қалатын ауыр, улы метал. Оның тығыздығы өте жоғары. Тіпті беріктігі қорғасыннан екі еседей асып түседі. Сондықтан оны броньды жаратын снарядтарда, сондай-ақ соғыс техникасының бронының беріктігін арттыру үшін қолданады. Мысалы, америкалық танктердің броны азайтылған ураннан жасалған.

"БҰҰ Атом радиациясының әрекеті жөніндегі ғылыми комитеті азайтылған уранның радиоактивті сәулелендіруінің адамға ықпалына қатысты елеулі клиникалық ауытқушылықтарды анықтай алмады. Сонымен қатар халыққа және қоршаған ортаға қаупі елеулі болып табылмайды", – деп мәлім етті БҰҰ.

Әскери мамандар азайтылған ураннан жасалған снарядтар ресейлік танктердің, бронды транспортерларының және басқа сауытты техникасының кез келгенің бронын тесіп өтіп, ішінде жарылып, күл-талқанын шығаратынын жарыса хабарлауда. Демек, оның оккупанттарға қаупі елеулі.

Азайтылған ураны бар оқ-дәрілер жарылғанда, уран тотығының тозаңы шашылады. Сол себепті бірқатар сарапшы осылай жойылған жау техникасында және әскерінің денесінде радиациялық шаң қалып, тірі жандарға, жануарларға зиянын келтіруі ықтимал деп алаңдаушылық білдірді.

БҰҰ хабарламасында айтылғандай, мұндай қалдықтардан төнетін қауіпті азайту үшін "билік фрагменттерді жинап, қордалап, утилизациялау бойынша қарапайым шараларды қабылдағаны жөн".

Ресейлік физик ғалым, "Диссернет" еркін ойлы желілік қоғамдастықтың негізін қалаушы қоғам қайраткері Андрей Заякин "Украинаға осындай оқ-дәрілер жеткізілсе, одан айналаға радиация тарайды ма" деген сауалға жауап берді.

"Уранды байыту кезінде уран-235 үлесі тіпті табиғаттағыдан да төмен болатын радиоактивті қалдықтар туындайды. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай қалдықтарда уранның жиынтығы 0,2–0,3%-дан аспайды. Осы қалдықтар азайтылған уран алуға қызмет етеді. Азайтылған уранның негізгі қасиеті – тығыздылығының жоғары болуы. Сондықтан оған қару жасаушылар қатты қызығады. АУ қорғасыннан 1,6 есе ауыр. Нәтижесінде снарядтардың калибрі бірдей болғанның өзінде азайтылған ураннан жасалған снарядтың кинетикалық қуаты алапат болады. Оған брондар төтеп бере алмайды", – деп түсіндірді ғалым.

Ол Парсы шығанағындағы соғыста азайтылған ураннан жасалған снарядтар белсенді қолданылғанын еске салды. Яғни, бұл жаңа нәрсе емес.

"Парсы шығанағындағы соғысқа қатысқан ардагерлердің ауру тарихы егжей-тегжейлі зерттелді: бірқатар ардагерлерде кейін қатерлі ісік пайда болған. Бірақ профессор Мелисса МакДиармид өз зерттеуіне арналған мақалада онкологиялық ауруға шалдығу оқиғалары мен азайтылған уранды қолдану арасында байланыс табылмағанын көрсетті. Британдық Корольдік қоғам жанынан құрылған, азайтылған ураннан жасалған қарудың денсаулыққа қаупін зерттеген жұмыс тобы аталған снарядтарды пайдаланудан денсаулыққа келетін қауіпті "өте төмен" деп бағалады", – деді ресейлік ғалым Андрей Заякин.

Ол АУ радиоактивтілігі табиғи уранға қарағанда төмен екенін, бірақ онда да пайдалы ештеңе жоқтығын қосты.

Әрине, бұл қисынға салсақ, Ресей бастаған соғыста да "пайдалы ештеңе жоқ". Демек, залалды снаряд залалды соғысты тоқтату үшін атылғалы тұрғандай.

Мәскеу бастаған бұл истерияға АҚШ лайықты жауап берді: "Егер РФ өз танкистеріне залал келеді деп алаңдаса, онда оларды Украина жерінен шығарып әкетсін". Сонда оны қолданудың да қажеті болмайды. Әйтпесе, мұнысы адамды әбден қинап, азаптап өлтіріп жатқан қанішердің кенет сытылып шыққан құрбанының өз қолына суық қару алғанына алаңдауына ұқсайды екен.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби РФ азайтылған ураннан жасалған оқ-дәрілерді қолданудан келетін қатерді тым асыра көрсетіп отырғанын қаперге салды.

"Бұл негізі, оқ-дәрілердің кең таралған үлгісі. Ол брондарды жарып өту үшін ондаған жылдар бойы қолданылады. Бұл снарядтар радиоактивті болып табылмайды және ядролық қаруға жатпайды. Шынында Ресей өз танктерін Украинаның істен шығара бергенін қаламайтын болса керек. Егер Ресей өз танктері мен танкистерінің тағдырына сонша мазасызданса, онда оларды Украина аумағынан алып кетіп, шекарадан өз жағына шығарып алсын. Оларға әу бастан бөтен елде орын жоқ еді", – деді Джон Кирби.

Ендеше ядролық қаруға жатпайтын снаряд үшін Ресейдің ядролық қаруды қолданамын деп доқ көрсетуі ақылға сыймайды. Азайтылған уран сияқты уытты металдан жасалған снарядтар танк ішіндегі ресейлік жауынгерлерге тірі қалуға мүмкіндік қалдырмайтынын біле тұра, Мәскеудің оларды өз еліне қайтармауы оларды өлімге айдағанмен бірдей болса керек.

Бір сұрақ ашық қалды: шуға арқау болған снарядтардың Украинаға қашан жеткізілетіні белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу