Ресейдің Украинаға қарсы ұйымдастырған тиімді фейктері анықталды

2662

Халықаралық сарапшылар бүкіл Ресей халқы, тіпті посткеңестік кеңістіктегі елдер, соның ішінде қазақстандықтардың үлкен бөлігі риясыз сенетін, бірақ шынында жасанды немесе қатты бұрмаланған жайттардың рейтингін түзді. 

Ресейдің Украинаға қарсы ұйымдастырған тиімді фейктері анықталды Фото: infosmi.net

Мәскеу Украинаның және украиналықтардың абыройын айрандай төгуге арналған түрлі жалған жаңалықтарды осыдан он жыл бұрын таратуға кірісті. Қырымды қосып алған, Донбасcты басып алған 2014 жылы оны күрт күшейтті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

2014 жылғы 12 және 13 шілдеде бұған дейін байсалды саналған "Первый канал" федералдық арнасының өзі жаңалықтарынан "крестке керіліп өлтірілген бала туралы" хабар таратты. Онда "Украинаның Славянск қаласынан қашып құтылған босқын әйел ұлтшыл солдаттардың соның көзінше 3 жасар баланы тақтайға шегелеп керіп, осылай қатегездікпен өлтіргенін еске алғаны" айтылды. Украиналық және ресейлік журналистер (Новая газета) әлгі әйелдің шынында ұзақ жыл бұрын Украинадан Ресейге кетіп қалғанын анықтады. Ал Славянск тұрғындары ондай оқиғаның болмағанын растаған. Оның үстіне бұл қалада оқиға орны ретінде аталған Ленин алаңы мүлдем жоқ екені белгілі болды. Бірақ Бірінші арна басшылығы не жоққа шығармады, не кешірім сұрамады.

Былтыр, соғыс қарсаңында және биыл шапқыншылық басталғалы, ресейлік "фейкомет" қаруы толық қуатта іске қосылды. Украинаға жалған айып тағу, жала жабу, шындық пен фактілерді өңір айналдырып ұсыну, ешқашан болмаған оқиғаларды ойдан құрау РФ пропагандасы үшін нормаға, өмірдің жаңа шынайылығына айналды. Басым көпшілігінде интернетпен жете қамтылмаған, күйкі тірлігіндегі бар қызығы теледидардағы тегін федералдық арналарды тамашалау болған Ресей халқы соның бәрін ақиқатқа балайды, қалтқысыз сенеді. Сөйтіп ақ жолдан адасып, көк жәшіктің айтақтауымен кез келген елге кек сақтап, тісі мен пышағын қайрауға жаман үйренді.

Қынжылтатыны сол, РФ пропагандасының телеарналардан төккен "айтқанын" таңсық көріп, әлеуметтік желі арқылы әрі қарай тарататындар Қазақстанда да жеткілікті. Бұған Батыс қоғамының үлкен бөлігі де сеніп қалады. Дональд Трамптың жақтаушылары сыртында, тіпті Илон Масктың осы фейктер тұзағына түсіп, Мәскеудің қолшоқпарына айнала жаздағаны біраз жайттан хабар береді. 

Сондықтан көптеген шетелдік журналист пен сарапшы РФ тарататын, әлемде алауыздық, жауыздық пен өшпенділік дәнін себетін "Fake News" легіне қал-қадари тосқауыл қоюға тырысып келеді. 

Француздың күн сайынғы Le Monde кешкі газетінің сарапшысы Уильям Одюро ресейліктердің осы стратегиялық қаруының астарына үңілді. Оның байламынша, Кремль пропагандасы түрлі фейктер арқылы өз қылмыстарына қатысты дәйектемелерді жоққа шығаруға, халықаралық қоғамдастық алдында олардың құнын, қадірін түсіруге тырысады.

№1 фейк: "Жан біткен" мүрделер

Буча, Гастомель сияқты қалаларда оккупанттардың әскери тұтқындарды, бейбіт тұрғындарды азаптап, қинап өлтіргенін дәлелдейтін, адамзаттың аза бойын қаза қылатын қорқынышты фото және видео дәйектемелер ұдайы жарияланып тұрды. Мәскеу оның бәрін жоққа шығарып, мұны театрлық қойылым, инсценировка деп атады. Осы сөзінің дәлелі ретінде РФ федералдық телеарналары "Украинадағы жаппай адам өлтірулердің жалған екенін" дәлелдейтін әлдебір видеороликті жариялады.

Онда алаң "адамдардың мәйіттері" салынған қаптаған қара брезенттерге толып кеткен. Соның фонында шетелдік журналист тікелей эфирге шығып, репортаж жүргізді. Кенет брезенттердің бірі қозғалып сала берді: оның астындағы адамның қолын көтеріп, қимылдағаны видеоға түсіп қалды. Осыны алға тартқан ресейлік пропаганда Украинадан тараған фото, видеоматериалдарға сенбеуге шақырды. Олардың сендіруінше, бұл видеоларды америкалық режиссер Шон Пенн голливудтық технологиялармен түсірген. Шон Пенн, шынында, соғыс басталғанда Киевке сапар жасаған болатын.

Бұл пропагандалық дәйектеме әлеуметтік желі арқылы кең таратылып, жаһан жұртшылығының сындарлы ойлай алмайтын бөлігінің дүрлігісін туғызды, қуатты қолдауға ие болды. Сонда өз зерттеуін жүргізген сарапшылар бұл сюжеттің шынында Украинаға қатысы жоқтығын, ол видео австриялық телеарнаның Австрияның өзінде түсірген телесюжетінен алынғанын анықтады. Журналист планетамыздағы климаттың өзгеруінен қандай қауіп келетінін паш ететін, ескертетін перфоманстан репортаж жасапты. Ал қара брезент астында жатқандар шынымен тірі, олар қойылымға қатысушы волонтерлар. Бұл сюжетті коронавирустан адамдардың қырылғанын жоққа шығарып, дәйектеу үшін бұған дейін антиваксерлер де пайдаланыпты. Енді ол арам әдісті Мәскеу қайталап отыр.

№2 фейк: Шетелге қашқан Зеленский жасыл фонды қолданады-мыс

РФ Мемдумасының спикері Вячеслав Володин 2022 жылғы 26 ақпанда, яғни соғыс басталғаннан екі күн өткенде ресейлік телеарналар алдында мәлімдеме жасап, Украина лидерінің Киевті тастап қашқанын жариялады. 

Бұл хабарды Sputnik Қазақстан сияқты аты қазақстандық, заты ресейлік ақпарат агенттіктері жарыса таратты. Дәл осы кезде ресейлік әскер Украина астанасын шабуылдап жатқан еді. Демек бұл фейк Украина халқының рухын түсіріп, берілуге иліктіруге бағытталса керек. Алайда бір сағат өтпей жатып, Украина Президенті Владимир Зеленский Президент кеңсесінің басшысымен, кеңесшілерімен бірге далада, Киевтегі төл резиденциясының алдында тұрып, эфирге шықты. Өзінің ешқайда қашпағанын, қашпайтынын, халықпен соңына дейін қалатынын мәлімдеді.

Осыдан кейін де соғыс жүріп жатқан 8 айда РФ пропагандасы Зеленскийді қаншама рет шетелге "қашырды". Қайталана берген бірізді жалған ақпаратқа халықаралық қоғамдастық сенуді қойды.

Содан пропагандистер тактикасын өзгертті. Енді олар Владимир Зеленский баяғыда Украинадан кетіп қалғанын, ал Киевтен түсірген видеолары шынында кинода қолданылатын, жасыл экран аясында түсірілетін монтаж екенін айта бастады. "Дәлел" де табылды. Фотосуретте Украина лидері студияда, жасыл экранның алдында тұрған суреті бейнеленген. Бұдан басқа қандай айғақ керек? Бәрі анықталды, сонымен осыған қарсы күдік-күмән атаулыға нүкте қоюға болатындай.

11 қазанда батыстық ультраоңшыл конспирологтардың танымал Twitter-аккаунты мұны көшіріп басты: "#Зеленскидің Киев көшелерінде түсірген видеолары жалған болып шықты. Шындығында, оның бәрі Польшада, жасыл экран көмегімен түсірілген" деген комментарий қоса берілді.

Шынында, бұл фотоны Украина тарапының өзі таратқан. Онда Владимир Зеленскийдің жаһандық 4 жоғары технологиялы форумға қатысу үшін дайындық мезеті бейнеленген. Сонда 2022 жылғы 16 маусымда Украина Президенті Киевте тұрып, Париждегі VivaTech форумына голограмма түрінде қатысып, сөз сөйлеген болатын. Студия, артқы жасыл экран сол үшін қолданылды. 

Украина Президенті кеңсесінің кеңесшісі Михаил Подоляк В.Зеленскийдің соғыс аяқталғанша шетелге принципті түрде сапарламайтынын, тіпті БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы, Еуропалық одақ саммиті, басқа да жаһандық жиындарға бейнеконференц байланыс көмегімен немесе видеоүндеу түрінде қатысатынын айтады.

Құзырлы органдар, Президент кеңсесі оған қастандықтың алдын алу үшін Президенттің қай жерде тұрғанын жасырып, "геометкаларды" жояды, фотоның, видеоның қашан түсірілгені, датасы анықталмайтындай етеді. Кремль "фейкометтері", тролль фабрикалары осыны өз пайдасына жаратады: локациясы анықталмайды, демек жалған фото дей салады.

Le Monde ресейлік фейктерге француздардың біразы кәміл сенетінін жеткізді. Мысалы, АҚШ-тағы тылсым күшке ие жасырын ұйымдардың әлемді басқаратынын әшкерелеуге тырысып жүрген француз конспирологы Сильвано Тротта Америкамен күресуші Кремль пропагандасының ретрансляторына айналып кеткен. Ол украиналықтарды "ұлтшылдыққа" айыптайды, ал Зеленскийді манипулятор санайды, бұл ретте оның кәсіби актер екенін дәйек ретінде ұсынады. Басқа айғағы жоқ.

№3 фейк: Украина Президенті ресейлік депутаттарды атқан

Масқарасы сол, биыл екінші турға шығып, Франция президенті бола жаздаған, Путиннің досы саналатын Марин Ле Пеннің басты кеңесшісі Флориан Филиппо Зеленскийдің ресейлік депутаттарды автоматпен атқылағанын жариялады. Соны дәлелдейтін видеоның барын да қосты. Оны көрген француз журналистері мұның РФ пропагандасының кезекті өтірігі екенін әшкереледі.

Шынында, видеода Владимир Зеленский түскен. Бірақ ол сол кезде актер болған. Кремльдің батыстағы өз жақтастарына жолдаған видео 2017 жылы өндірілген сериалдың трейлерінен алынған болып шықты. Осылайша, пропаганда қиял-ғажайып фантастиканы қазіргі өмірді "сипаттаған" телеарналардың жаңалығына айналдырды.

"Agora toxica, Интернет дәуіріндегі азаматтық емес қоғам" (Editions du Détour, 2022) бестселлерінің авторы Стефани Ламидің түсіндіруінше, Кремль ұйымдастырған бұл дезинформацияның нақты мақсаты бар. Мұны "десенсибилизация стратегиясы" деп атайды. Мысалы, әлдебір қанды оқиғаға бүкіл халықаралық жұртшылық қатты қайғырып, оның құрбандарына аяушылық, эмпатия танытуы, көмек көрсетуі мүмкін. Алайда егер сол құрбандардың өздерін алдағанын білсе, жұртшылық одан теріс айналады. Бұл жағдай мысалы, Netflix 2022 жылы экранизациялаған "Бақытты қыз өлмейді" (Luckiest Girl Alive) фильмінде суреттелген. Онда қоғам мектепке басып кіріп, оқушыларды қырған жендеттің құрбандарын аяп, құрмет көрсетеді. Бірақ ақыр соңында лаңкестің тек зорлықшыларды өлтіргенін білгенде, құрбандардан теріс айналады.

"Жалған, фейк ақпараттар тарату, болған оқиғаның өңін айналдырып, бұрмалап көрсету агрессор стратегиясының бір бөлігі саналады. Мұны Darvo деп атайды. Яғни құрбанды қылмыскерге айналдыру стратегиясы. Бұл стратегияда Мәскеу өз құрбанына, яғни Украинаға ақпараттық шабуылдар жасап, оны зорлық-зомбылық құрбанынан өтірікшіге, суайтқа айналдыруға тырысады. Сонда Батыс оған деген сенімімен айырылып, көмектесуді қояды деп сенеді", – деді Стефани Лами.

Қазіргі заманғы соғыстардың қаншалықты зұлмат болатыны да осыдан көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу