Ресейге риза емес Армения АҚШ-пен бірлесіп әскери жаттығу өткізетінін жариялады

3463

Мәскеу бұл соғыс ойындарын жіті бақылайтынын мәлімдеп отыр. 

Ресейге риза емес Армения АҚШ-пен бірлесіп әскери жаттығу өткізетінін жариялады Фото: hayzinvor.am

Армения көршілес Әзірбайжанмен әскери шиеленіс күшейіп, Ресеймен қатынастары салқындаған шақта АҚШ-пен бірлескен армия жаттығуларын өткізетінін мәлімдеді. Ол маневлар келесі аптада басталады.

Армения Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, 11-20 қыркүйек аралығында өтетін "Бүркіт серіктес-2023" соғыс ойындарының мақсаты -  армениялық жауынгерлерді халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысуға дайындау.

АҚШ армиясының өкілі алдағы жаттығуға 85 америкалық және 175 армян сарбазы қатысатынын айтты. Оның сөзінше, америкалықтар, соның ішінде Армениямен 20 жылдан бері оқу-жаттығу бойынша серіктес болған Канзас ұлттық гвардиясының мүшелері - винтовкалармен қаруланып, ауыр қару-жарақ қолданбайды.

Бұл шара Армения өз одақтасы Мәскеуге қатты ренжіген кезде ұйымдастырылайын деп отыр. Премьер-министр Никол Пашинян Украинадағы соғыстың әлегіне түскен Ресейді Арменияны Әзірбайжанның агрессиясынан қорғай алмады деп айыптады.

Жанжалдардың алдын алу жөніндегі коммерциялық емес "Дағдарыс тобы" ұйымының Оңтүстік Кавказ бойынша аға сарапшысы Олеся Вартанянның ойынша, Армения Мәскеуге "сендердің алаңсыздықтарың мен әрекетсіздіктерің біздің жауымыздың, яғни Әзірбайжанның мүддесіне сай келіп тұр деген белгі беріп отыр".

Аталған жаттығудың шағын көлеміне қарамастан, Ресей оны мұқият қадағалайтынын ескертті. Мәскеудің Арменияда әскери базасы бар және РФ өзін 1991 жылға дейін Кеңес Одағының құрамында болған Оңтүстік Кавказ аймағындағы басым держава деп санайды.

"Әрине, мұндай жаңалықтар алаңдаушылық тудырады, әсіресе қазіргі жағдайда. Сондықтан біз бұл ақпаратты терең талдап, жағдайды бақылайтын боламыз", - дейді Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Ресей Армения мен Әзірбайжан арасындағы 2020 жылғы соғысты аяқтаған келісімді қолдау үшін екі постсоветтік республика арасында бітімгер күштерін ұстап отыр.

Ресей мен Армения бір-біріне ренішті. Мәскеу осы аптада Пашинянды "өрескелдікпен шектесетін қоғамдық риторикаға барды" деп айыптады.

Вартанянның сөзінше, Армения мен Әзербайжан бұрынғыға қарағанда қазір бейбіт келісімге жақынырақ болғанымен, олардың арасында жағдайдың қатты шиеленісу қаупі әлі сейілген жоқ.

Таулы Қарабақ халықаралық заңдар бойынша да Әзербайжанның жері ретінде мойындалған. Бірақ онда 120 мыңдай этникалық армян тұрады. Баку осы анклавты Армениямен байланыстыратын жалғыз автомагистральды тоғыз ай бұрын жапты. 

Әзірбайжанның мәлімдеуінше, бұл дәлізді Армения Қарабақты қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін пайдаланған. Ереван болса, мұны жоққа шығарып отыр. Осы тайталастан Таулы Қарабақтағы армяндар жанармай, дәрі-дәрмек және азық-түлік, соның ішінде нан тапшылығына душар болып отырғандарын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу