Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Ресейге жанар-жағармай жеткізу туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрліктің мәліметінше, Ресей Федерациясынан автомобиль отынын сатып алу жөнінде ресми өтініш түскен жоқ. Алайда мұндай өтініш болған жағдайда, Қазақстан жанар-жағармай өнімдерін өзара тиімді коммерциялық шарттар негізінде жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын.
– Мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы халықаралық келісімдер мен коммерциялық шарттарды жасасу тек жеткілікті бос ресурстық әлеует болған жағдайда ғана мүмкін. Қазақстанның ішкі нарығын толық әрі үздіксіз қамтамасыз ету – сөзсіз басымдық болып қала береді.
Экспорттық жеткізілімдер азаматтар мен ел экономикасының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қауіп төнбеген жағдайда ғана жүзеге асырылуы мүмкін, – делінген ведомство хабарламасында.