Ресейлік ана қазақстандықтан 28 есе көп көмек алады

6814

РФ президенті Владимир Путин ел тарихындағы "ең қымбат жолдауын" жариялады.

Ресейлік ана қазақстандықтан 28 есе көп көмек алады

Бұлай бара берсе, Қазақстан билігі қам қылмаса, құрсақ көтеруге қабілетті аналарымыздың көбі отбасымен көршіге көтеріле көшуі ғажап емес. Кейінгі жылдардағы үрдіс тіпті қазақ әйелдерінің біразы бала көтерер алдында РФ азаматтығын алуға тырысатынын паш етуде.

Жолдауында В.Путин аналарға зор игілік сыйлады. Бұл жерде ол сөзін: "Ең бастысы, яғни махаббат жайында сөз қозғайын" деді.

Біріншіден, Ресейде 466 617 рубль (2 миллион 889,2 мың теңгедей) "ана капиталын" бұдан былай отбасылар бірінші бала дүниеге келгенде-ақ алады. Осылайша, мемлекет "жаңа отбасын құрып, тұңғышын туған жастарға қамқорлық көрсететін болады".

Салыстыру үшін айтсақ, Қазақстанда 2020 жылы тек тұңғышын ғана емес, сондай-ақ екінші және үшінші баласын босанған анаға 100 мың 738 теңге көлемінде "бала тууына байланысты жәрдемақы" беріледі. Яғни, көршідегіден 28 есеге аз.

Екіншіден, В.Путин жолдауына сәйкес, егер азаматша екінші баласын өмірге әкелсе, оның "ана капиталы" бірден 150 мыңға артып, 616 мың рубльге жетеді. Бұл біздіңше, 3 миллион 819,2 мың теңге. Әрі бұл сома жыл сайын индексацияланады: инфляция көлеміне қарай ұлғаяды.

Сонда Қазақстанда Үкімет төртінші және одан көп баланың туылғаны үшін беретін 167 мың теңге бір реттік жәрдемақы көршідегі қолдаудың қолына су құя алмай қалады. 

"Материнский капитал" бағдарламасын Ресей 2006 жылы енгізді. Содан бері солтүстікке сүйсіне әрі тамсана қараған қоғам белсенділері, тіпті депутаттар тәуелсіздік жылдары посткеңестік кеңістіктегі азшылық ұлттардың қатарында қалған Қазақстанда да халық өсіміне қуатты серпін беру үшін сондай қомақты қолдау керектігін қайта-қайта айтып келеді. Үкіметте тыңдар құлақ жоқ, болғанымен, министрлер кабинетінің экономикалық блогы Республикалық бюджет комиссиясында ондай бастамалардың тамырына балта шабады. Мұндай шығынды бюджеттің көтере алмайтынын алға тартады.

"Ана капиталына" ұқсас бағдарлама елімізде болмайтынын соңғы рет, 2019 жылғы қаңтарда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі (қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы) Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Оның байламынша, "Күміс алқа" және "Алтын алқа" иегерлеріне төленетін төлемдер – ана мен баланы мемлекеттік қолдауға жұмсалатын үлкен соманың бір бөлігі.

"Ана мен баланы қорғау жүйесінде әртүрлі жәрдемақылар мен қолдау шараларының бірнеше түрі қарастырылған", – деп жәрдемақы түрлерін тізбелеген министр "онсыз да жетеді" дегенге келтірді.

Бірақ Ресейде "ана капиталы" сыртында балаға басқа да төлемдер беріледі екен. Мысалы, баланың күтімі үшін төленетін ай сайынғы төлемдер де туу көрсеткішін арттыруға жұмылады. Бұрын бұл жәрдемақы көршіде балаға туғаннан 3 жасқа дейін төленетін. Ал 2020 жылдан бастап, аз қамтылған отбасылар бұл төлемді баласы 7 жасқа толғанға дейін ала алатын болады. Төлем көлемі биыл әрбір бала үшін 5500 рубль (34 мың теңгеден астам), ал келесі 2021 жылы шамамен 11 500 рубльге (71 мың теңгеден астамға) дейін ұлғаймақ.

Қазақстанда да "алтын құрсақ" аналар осынша көлемде жәрдемақы алуына мүмкіндігі бар, әйткенмен, ол үшін 7 және одан көп бала көтеруі шарт. Нақтылай кетсек, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, елімізде табысына қарамастан, барлық көп балалы отбасыларға берілетін жеке жәрдемақы енгізілді. Төрт балаға – 42 496 теңге, бес балалы отбасыға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан көп балалы отбасыларға – 74 388 теңге аударылады.

Айтқандай, әу баста Ресейде "ана капиталы" бағдарламасы 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін есептелген. Өз жолдауы арқылы Владимир Путин оны 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Ендеше қазақстандықтар осы бесжылдықта іргедегі Ресей тұрғындарының саны қанша миллионға еселеп өскеніне куә болмақ.

Бұдан бөлек, РФ көшбасшысы үшінші баласын дүниеге әкелген отбасылар үшін ипотекалық кредитінің 450 мың рублін (2 миллион 790 мың теңгесін) мемлекет жауып беретінін жария етті.

Бұл ретте жергілікті құрылыс компанияларының күшеюі, құрылыс материалдары өндірісінің өркендеуі және тұрғын үй құрылысының өркен жаюы арқасында Ресейдің Новосібір, Екатеринбург және өзге миллиондық-қалаларында құны 700 мың–1 млн рубльден аспайтын үш бөлмелі пәтерлер жетерлік. Бұған В.Путин де назар аударта кетті: "450 мың рубль – көптеген өңірлерде, қалаларда, тіпті облыс орталықтарында пәтер немесе үй құнының жартысына жуығын құрайды". Олай болса, көп балалы отбасылардың жаңа баспанасы шығынының шамамен жартысын мемлекет өтейді.

Владимир Путин 147 миллион ресейлікті аз, демографияны "күрделі" санайтынын, халық басын әлдеқайда көбейткісі келетінін мәлім етті.

Ресейлік қаржыгер Алексей Кудрин осы жолдауды "ең қымбат" деп бағалады. Жаңа тапсырмаларды орындау жыл сайын 400–500 миллиард рубль (3,1 триллион теңгедей) құюды қажет етпек.

"Бірақ бұл шығын өзін ақтайды. Табысы төмен отбасылардағы балаларға төлемдердің ізгі нәтижесі екі айдан кейін көріне бастайды. Мен мұндай қадамдарды толық қолдаймын. Биылғы бюджет бұрын қабылданып қойылған. Алда оған түзетулер енгізіледі", – деді ол.

РФ экономикалық даму министрлігі В.Путин жолдауындағы әлеуметтік бастамалар Ресей ЖІӨ-сін 0,3%-ға қосымша өсіретінін мәлімдеді.

Бір қарағанда, көрші лидерінің бұл жолдауын "популистік" санап, орындалуы қиын деген ой тууы мүмкін. Алайда статистика Ресейдің санкциядан соры қайнамай, қайта қуаты арта түскенін аңғартады. Мысалы, 2019 жыл қорытындысында Ресейдің халықаралық резервтерінің көлемі 554 млрд долларға жетті. Яғни, бір жыл ішінде 18,3%-ға немесе 86 млрд долларға ұлғайған.

Ал Қазақстанның халықаралық резерві 86,6 млрд долларды құрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу