Ресейлік экономист: "Жаз ортасында Ресей үшін ең ауыр заман басталады"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
9789

Ресейлік ғалым-экономист, экономика ғылымдарының докторы Сергей Гуриев көршіде долларға неге тыйым салынғанын, не себепті РФ төл тарихындағы ең зұлматты кезеңге аяқ басқанын айтып берді. 

Ресейлік экономист: "Жаз ортасында Ресей үшін ең ауыр заман басталады"

МемДума президентке банктердегі заңды және жеке тұлғалардың есепшоттарын шұғыл бұғаттап тастауға құзырет беретін заң жобасын қабылдады. Ресейде тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, өзге елдердің, соның ішінде одақтастардың және олардың азаматтарының салымдары жетерлік. Бұл заң не үшін қабылданып отыр? Қысым құралы ретінде қолданыла ма?

Жаһаннан оқшауланған елде билеуші ойына келгенін істей алады. Бірде бір адам не компания өзін қауіпсіздікте сезіне алмайды. Сондықтан біз мұндай жаңалықтарға таңғалуды қойдық. Бұл заң жобасы шынында түсініксіз. Себебі Владимир Путинге мұндай құзыр беру үшін жеке заң қабылдаудың қажеті шамалы. Ол онсыз да репрессивтік тетіктерді қосып, кез келген адамды Ресейдегі дүние-мүлкінен айыра алады.

Біздің болжамымызша, Кремль отандық және шетелдік, резидент және бейрезидент заңды, жеке тұлғалардың салым-жинақтарын бірнеше минут ішінде, жаппай "қатырып" тастауды жоспарласа керек. Осы арқылы банктік дүрбелеңді болғызбайды. Өйткені банкке жүгіру мәнсіз болып қалады. Оның үстіне депозиттерді бұғаттау операциясы бұған дейін сынақтан өткізілді. Украинадағы соғыстың төртінші күні Орталық банк шетелдік валютадағы салымдарды шешіп алуға шектеу қойды. Қазақстандық кәсіпкерлер де қаражатын әкете алмай қалды.

Мәскеу билігінің саясаты күн өткен сайын ресейліктер үшін де, одақтастар үшін де "улы", залалды болып барады.

Бір сөзіңізде Ресей экономикасы орнықты, санкцияларға шыдас беруге тиіс деп айттыңыз. Ұстанымыңыз өзгерген жоқ па?

Ресей экономикасы белгілі бір дәрежеде орнықты екенін айтқанмын. Ол тіпті ең күрделі күйзелісте бірнеше жыл бойы жайрап қалмай, тіршілік ете алады. Ресей экономикасы енді тып-тыныш қана өз тарихындағы ең ғаламат рецессия құрдымына құлап бара жатыр. Ресей банкі, яғни қаржылық реттеуші күні кеше өз болжамын түзетті: РФ ЖІӨ-сі 8-10%-ға дейінгі көлемде құлауы мүмкін деген жорамал бар. Осының өзі Ресейдің 30 жылдық тарихында болмаған құлдырау. 2008-2009 жылдардағы дағдарыс та, 2014-2016 жылдардағы күйзеліс те, тіпті техникалық дефолтқа ұшыратқан 1997-1998 жылдардағы алапат дағдарыс та қазіргімен теңесе алмайды. 1998 жылы ЖІӨ -5,3%-ға төмендеген болатын. Қазіргіні Кеңес одағының күйреуімен салыстыруға болады, 90-шы жылдардың басында РФ экономикасы -12,7%-ға құлдырады.

Ресей экономикасының барлық саласында күйреу нышандары белең алуда. Ел жылдар бойы жиған қорлар таусылуға таяу. Машиналарды, құрылғыларды, жабдық-қондырғылар мен аспаптарды жасауға қажетті импорттық бөлшектер бітуге жақындады. Жұмысшыларына жалақы төлеуді доғарған компаниялар саны күн сайын көбейіп барады. Кремльдің соғысының жүріп жатқанына үш айдан асты. Үш ай бұрын жұмысын уақытша тоқтатып, ұжымын уақытша демалысқа жіберіп, төменгі жалақы төлеуін жалғастырған біраз шетелдік компаниялар енді кәсіпорын-фирмаларын толық жауып, мыңдаған қызметкерлерін жұмыстан шығарып жатыр. Жалақы да төлемейді. Жұмыссыздар армиясы өседі.

Әскери техниканы айтпағанда, азаматтық машина жасау саласы толық тоқырады деуге болады. Өзге салалар да күйзеліске кірді.

Осылайша, жаз ортасында Ресей үшін ең ауыр заман басталады. Ел ең қиын кезеңге кірді.

Ресей азаматтары ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде пікір білдіргенде, бұл қиындыққа қыңбайтынын, бағаның қымбаттағанынан басқа өзгеріс байқалмайтынын, Кремльдің қаскөй саясатын әрі қарай қолдауға дайын екенін мәлімдейді. Бәлкім, ресейлік және шетелдік экономистер өзіне назар аударту үшін тым артық, асыра айтып, көпіртіп жүрген болар? В.Путин кеше инфляция 0%-ға теңелгенін жариялады.

Бұл әр адамның жағдайды қалай қабылдайтынына байланысты. Бір адам қатты ашықса да төзеді. Ал біреулер, жүздеген мың ресейлік оған шыдамай, жақсы мекен іздеп, шетелге ауып жатыр. Олардың арасында саяси көзқарасы үшін қудаланғандары – аз шоғыр ғана.

Мысалы, тек инфляцияның өзі ресейлік отбасылардың табысын кем дегенде 10%-ға азайтады. Бірақ мұндай құлдырау 2013 жылдан бері жалғасып келеді және пандемиялы 2020-2021 жылдары күшейді. Егер қандай да бір ресейлік отбасы 2013 жылы кедей тұрса, онда бүгінде, соғыс кезінде тұрмысы одан да нашарлай түсті. Мұны Ресейдегі демографиялық құлдыраудан, өлім-жітіммен байқауға болады. Былтырдан бері РФ тұрғындарының саны бір миллионға азайды. Жалпы біздің халық шыдамды. Тұтас деревнялардың, кішігірім қалалардың жойылуы жалғасатынға ұқсайды.

Ұзақ жылдар бойы дамытып, нығайтқан бизнесінен айрылып қалып, жабылып жатқан бизнесмендер көп. Тұтас индустриялар, ірі кәсіпорындар дағдарысқа ұшырап, тұрып қалды. Ең жойқын соққы авиакомпанияларға жасалды. Бұл сала Ресейде қалыпты жұмыс істемейді. Шетелден өнім импорттауға маманданған компаниялар жұмысы негізінен тоқтады. Қорқыныштысы сол, бұл тренд ары қарай жалғасуда. Құлайтын тұңғиығының тереңдігі қандай болады? Ол белгісіз.

2025 жылдан бастап Еуразиялық одақтың ортақ қаржы нарығын құру жоспарланған еді. Алайда ресейлік банктер маусым соңынан бастап, банкте доллар мен еурода жинағын жинайтын адамдардан 12% көлемінде алапат комиссия алатын болды. Бұл не үшін жасалуда? Халық шетелдік валютада салым ұстамасын дей ме? Ресей осы екі валютадан толық бас тартуға дайындалуда ма?

Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Ресейде қағаз-купюра түрінде доллар мен еуро жоқ, тек электронды түрде ғана бар. Егер салымшылардың бірі шетелдік валютадағы жинағын шешіп алғысы келсе, ресейлік банктер онысын қолма-қол ақша күйінде бере алмайды. Тинькофф банк, Райффайзен банк және басқасы осы қиындықтан құтылудың бір жолы ретінде әлгіндей шараға баруда.

Екіншіден, Еуропалық одақтың жаңа, 7-ші санкциялық пакеті аясында Украина ресейлік бүкіл банк секторының қызметін толық бұғаттауды және SWIFT-тен ағытуды ілгерілетіп жатыр. Сонда Кремльдің соғысқұмар саясаты қаржыландырудан қағылады деген байлам бар. Мұндай жағдайда ресейлік барлық банк санкцияға ілігуі және шетелдік валютаны пайдалана алмай қалуы ықтимал. Тиісінше, барлық клиенттің шетелдік валютадағы салымдары, есепшоттары бұғатталады. Өзге банктерге аудара алмайды. Банктер мұндай бас аурудан, проблемадан күнібұрын арылудың қамын жасауда. Олар клиенттердің өздерінде шетелдік валютада салым ұстамағанын, ондай есепшот ашпағанын қалайды.

Ал Еуразиялық одақтың ортақ қаржы нарығына келсек, санкциялар жойылмаса, ол құрылады деп ойламаймын. Өйткені ЕАЭО-ның бірде бір елі өз қаржылық секторына ресейлік санкциялардың кесапаты тигенін, санкциялар соған көшкенін қаламайды.

Қаптаған санкцияларға қарамастан рубль бағамы күшейіп барады. РФ-да 1 доллар құны жыл басындағы 80 рубльден енді 57 рубльге дейін құлдырады. Қазақстанның биржасында 1 рубль бағамы 8 теңгеге дейін барды. Бұл қашанға дейін жалғаспақ?

Ұлттық валютаның бұлайша серпінді нығаюы экономика үшін де, бюджет үшін де жаман. В.Путин бұған дейінгі мәлімдемелерінің бірінде Ресейдің шетелге мол мұнай мен газ сататынын, одан түсетін долларға көп рубль сатып алуға болатынын мақтана айтты. Ал рубльдермен мемлекет жалақы, жәрдемақы төлейді. Тиісінше, әлемде мұнайдың доллардағы бағасы өскен сайын Ресейге мол қаражат келетін.

Бүгінде олай емес. Бір жағынан Батыс елдері РФ-нің мұнай мен газының жеткізілімдерін шектеуде. Екінші жағынан айналма жолдармен сата алған шикізаттан түскен долларлық табыс елдегі төмен бағам кесірінен тіптен төмендейді. Сондықтан РФ Қаржы министрлігі де, президенттің өзі де қымбат рубльдің экономикаға зияны көбейіп бара жатқанына алаңдаулы. Тиісінше, соғыстың басында енгізілген біраз шектеулер жұмсартыла бастады. 

Мысалы, 6 маусымнан бастап отандық экспорттаушы компанияларға валюталық кірістерін Ресейге әкелмей, бұрынғыдай шетелдік банктерде қалдыруға қайтадан рұқсат етті. Жыл басында капитал шетелге жаппай кетіп қалмауы үшін сондай тосқауыл енгізілген еді.

Жеке тұлғалар үшін шетелге валюта аудару лимиті де ай сайынғы 5 мың доллардан 8 маусымнан бастап 150 мың долларға дейін көтерілді. Бірақ бұл мүмкіндікті тек ресейліктер және одақтас елдердің азаматтары, мысалы, қазақстандықтар пайдалана алады. Азаматтарға қайтадан шетелдік валютаны айырбастау бекеттерінен еркін сатып алуға рұқсат етілді. Әйткенмен, еркін сатылымда доллар жоқ деуге болады. Ол көлеңкелі нарықта ресми бағамнан әлдеқайда қымбатқа сатылады.

Осының бәрі доллар құнын нығайтуға бағытталған. Яғни, жыл соңына қарай Ресейде доллар бірте-бірте қымбаттай береді.

Қарапайым адамдар рубльдің нығаюын Мәскеу саясатының тиімділігінің, табыстылығының көрінісі деп санайды. Шынында, бұл жалған, қате түсінік. Әрине, егер мемлекеттің экономикасы мықты, ал компаниялары, индустриясы әлемдік бәсекеде жеңіске жетіп жатса, оның валютасы басқаларға қарағанда нығаяды. Ал Ресейде кереғар, бірегей жағдай қалыптасты. Бұл РФ экономикасындағы қорқынышты оқиғалардың салдары, яғни импорт 85%-ға дейін құлап, жоққа теңелді. Батыс елдері, олардың серіктестері Ресейге тауар және қызмет сатуды тоқтатты.

Сонымен бірге экспорттаушылар елге, биржаға электронды күйде болса да, жүздеген миллиард доллар әкеліп жатыр. Оны бұрын шетелден тауар тасу үшін негізінен импорттаушылар молынан сатып алатын, олар қазір валюта алмайды. Көбі жабылып қалған. Азаматтар да шетелдік валюта алуды азайтты. Осылайша, долларға да, еуроға да сұраныс жоққа теңелді. Ал экономика заңдылығы бойынша сұранысы жоқ тауар арзандайды. Сол себепті рубль бағамы керісінше, өсуде. Қорыта айтқанда, рубльдің биылғы күшеюі экономиканың қуаттануының нәтижесі емес, керісінше, экономиканың, өнеркәсіптің құлдырауының кесірі, соның жанама әсері. "Мықты" рубль елдегі рецессияға серпін беруде.

Батыс әлемінде Ресейді күйретіп, тіпті ыдыратып тынуды қалайтын күштер бар екені жасырын емес. Жалпы ресейлік сарапшылар РФ-ның болашақ тағдыры қандай болады деп есептейді? В.Путин 9 маусымда, Петербор экономикалық форумы қарсаңындағы жас кәсіпкерлермен кездесуінде "Ресей он жылдан кейін жақсы өмір сүре бастайды" деді.

Жоқ. Ресей Қытайдың шылауына ("придаток") айналады. Ресей Батыстан алып келген импорттық тауарларының көбін қытай тауарларымен ауыстыру үшін осындай рөлге мойынсұнады, соның қалағанын береді, дегенін орындайды.

Бұған дейін Батыс жеткізіп келген кейбір тауарларды қытайлық баламасымен алмастыруға болады. Бірақ көбісін алмастыра алмайды. Себебі Қытайдың өзі де шығара алмайтын тауар мен қызмет түрі өте көп. Айталық, заманауи әрбір затта бар микропроцессорлардың ең жақсысы тек Тайванда жасалады, ал Тайвань Ресейге микрочиптер импортын толық тоқтатты. Сондай-ақ Батыстың қайталама санкциясына тап болмау үшін ҚХР де бізге сататын өнімдерінің түрін қатты шектеуде. Мәселен, жоғары технологиялы тауарлар импортын азайтып жатыр. Тіпті шың елі Ресейдің юанды пайдалануына тосқауыл қойға кірісті.

– Сіз өзіңіз Ресейдесіз бе?

– Жоқ, қазір шетелдемін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу