Ресейлік элита миллиардтарын Батыс елдерінен Қазақстанға көшіруде

4317

Олар өз қазынасына пана болар "жерұйық" іздейді.

Ресейлік элита миллиардтарын Батыс елдерінен Қазақстанға көшіруде Фото: magnol.ru

Ресейлік миллиардерлер өткен ғасырдың соңынан, 90-шы жылдардан бері Ресейде тапқан капиталын шетелге шығарып, дамыған елдердегі банктерге, оффшорларға тықты. Негізсіз емес: жетпіс жыл коммунизмнің құрсауында болған Ресейде сол заманға оралуды аңсайтындар тым көп, салдарынан бай-бағыланның барлық дүние-мүлкін тартып алып, бұқараға таратып беру идеясы да танымал. Национализациялау мәселелері МемДумада жиі көтеріледі.

Алайда Bloomberg хабарлауынша, бүгінде ресейлік элита үшін Батыста қауіпсіз пана қалмай барады. Сондықтан олар дамыған елдерге енгізген капиталдарын кері алып кетіп жатыр. Осылайша, олар қазірдің өзінде 50 миллиард доллардың активін қайтарған.

"Ресейлік миллиардерлер қос тараптан қыспаққа қалды. Бір жағынан халықаралық санкциялар аясында олардың активтері әшкереленіп бұғатталуда. Екінші жағынан оларға президент Владимир Путин қысым көрсетіп, Еуропаға әкеткен байлықтарын елге репатриациялауын талап етіп отыр. Мәскеу Украинаға басып кіргелі ондаған миллиард доллардың активі оралған. Мысалы, өткен айда магнаттар Игорь Шилов пен Марк Курцер бақылауындағы United Medical Group CY plc және MD Medical Group Investments plc акционерлері компаниялардың Кипрден Ресейге көшуін мақұлдады. Bloomberg жинаған деректерге сәйкес, осы активтер арқасында 2022 ақпаннан бері бай ресейліктер отанына оралтқан активтердің ортақ құны кем дегенде 50 миллиард долларға дейін ұлғаяды", – деп мәлім етті агенттік.

Тыңайтқыштан байыған ресейлік миллиардер Андрей Гуриевтің отбасылық активтері Швейцариядан, ал болат құюшы магнат Виктор Рашниковтың активтері Кипрден Ресейге ауды. Миллиардер Игорь Алтушкин де солардың ізіне түсті.

Блумберг сарапшыларының пайымдауынша, бұл бетбұрыс ресейлік олигархтардың өз активтерін Еуропада сақтауға бағытталған көп жылдық практикасын күйретті. РФ ығайлары мен сығайлары инвесторларға ыңғайлы, жеке мүлікті киедей қорғайтын дамыған елдердің құқықтық жүйелерін қалқан тұтты.

Алайда енді озық елдер үшін орыс активтері "улы" болып табылады. Тиісінше, оларды қорғау емес, олардан тез арылу маңызды.

РФ миллиардерлерін дамыған елдерде еселеп құнсызданбайтын қуатты валюталарда – доллар мен еурода табыс пен дивиденд алу да қатты қызықтырды. Бірақ ол игілікті қаржы мен мүліктің бұғатталу қаупі жоққа шығарып отыр.

Орыс ауқаттыларының шамға үймелеген көбелектей дамыған елдерді айналшықтауына олардың оффшорларында төмен салық салынуы, тіпті біраз салықтан босатылуы қызықтыратын. Дегенмен, бүгінде Ресейдің өзі федерацияның кейбір субъектілерінде төл оффшорын құрып, оған барған ресейлік инвесторларды салықтан босатып жатыр.

РФ экономика министрінің орынбасары Илья Торосовтың айтуынша, тек 2023 жылы ресейлік "оффшорлық" аймақтарға 115 компания көшкен. Нәтижесінде, орыс оффшорларын саялаған компанияларының жалпы саны 254-ке жетті.

"Дәулетті ресейліктерді өзіне тартып, ең құрметті қонағындай қабылдап, сыйлы орынға шығаратын заман келмеске кетті. Украинадағы қарулы қақтығысқа дейін орыс миллиардерлерінің активінің шығу-тегіне күдікпен қарау, адалдығына сенбеу белең алды. Ал бүгінде бай ресейліктердің өз байлығын қауіпсіз сақтайтын орны барған сайын азаюда. Себебі, олардың көбі АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа елдерінің санкцияларына ілікті. Оларға тапқан-таянғанынан түбегейлі айрылу қаупі төнді. Ендеше оның аясында активтерді Ресейде ұстау сонша үлкен қауіп болып көрінбейді", – деді Business Solutions and Technologies компаниясының серіктесі Наталья Кузнецова.

Сарапшылардың айтуынша, Батыс елдерінен, соның ішінде Кипр, Джерси, Швейцария сияқты бизнес үшін "жәннат" мекендерден кетіп жатқан ресейлік компаниялардың бәрі бірдей Ресейге қайтпаған. Олар Мәскеу достас ел санайтын Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктеріне релокациялануда.

"Санкцияға түспеген ресейлік миллиардерлер де мұны уақытша санап, еуропалық активтері үшін "жаңа пана" іздеуге белсене кірісті. Бұл ретте Қазақстан мен БАӘ юрисдикциялары тартымды саналады. Өйткені оларды Кремлдің өзі достық пейілдегі елдер деп таниды", – деп дәйектеді Блумберг.

Сонымен бірге бұл елдердің басшылығы, атап айтқанда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев релокацияланған компанияларға қолдау көрсетіп, қорғайтынын білдірді.

Содан болат құюшы магнат Владимир Лисин мен Globaltrans Investment көлік холдингі Кипрден кетіп, Абу-Дабиге көшті.

Ал Ресейдегі көлемі жөнінен екінші саналатын алтын өндіруші Polymetal International өткен айда Қазақстанда қайта тіркелді. Енді қазақстандық компания саналады. Компанияның өзі санкциялық тізімге енбеген, бірақ оның ресейлік бөлімшесі биылғы жылы америкалық санкциялық тізімге кірді.

Bloomberg сарапшылары Батыс елдерінен ауған ресейлік компаниялардың Қазақстанда қайта тіркелуінің бірнеше артықшылығын атады.

Біріншіден, олар акционерлеріне, соның ішінде Ресейде тұратын қожайындарына шетелдік валютада дивиденд төлеуді қалпына келтіре алады. Қазақстан санкцияда емес, сол себепті оған доллар мен еуроны еркін пайдалануына рұқсат етілген.

Екіншіден, ресейлік компаниялар өз активтерін ресейлікке және қазақстандыққа ажырата алады. Әйтпесе, мысалы, Полиметалл Джерсиде тіркелген күйде қалғанда, олай жасай алмайтын еді.

Бұдан бөлек, Қазақстанда "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы бар, ендеше қазақстандыққа айналған экс-ресейлік компаниялар сонда тіркеліп, құнды қағаздарының листингін жүргізіп, сата алады.

Сондай-ақ Қазақстан отандық компанияларға мол салықтық жеңілдіктер, преференциялар береді. Мемлекеттік қолдау көрсетіп, субсидия ұсынады, инвестициялық шығындарын бюджеттен өтейді.

Халықаралық сарапшылар ресейлік компаниялардың релокациясы алда қарқын алуы мүмкін деп болжады. Кремль өзі "қастық пиғылдағы" деп санайтын елдерден ресейлік активтердің кеткенін қатты қалап, бай ресейліктерге қысым жасауда.

Мәселен, РФ өзіне қарсылас санаған көптеген елмен арадағы Қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімдердің күшін жойды. Салдарынан, шетелде, соның ішінде оффшорларда тіркелген, бірақ Ресейде кен өндіретін, жұмыс істейтін компаниялар шығынға бата бастады. Олар үшін жаулық көзқарастағы мемлекеттерде қалу тиімсіз болды.

Бұдан өзге, Ресей ондай юрисдикцияларда тіркелген компанияларға өз акционерлеріне дивиденд төлеуіне шектеу қойып тастады. Олар сонымен қатар Ресейдегі активтерін сата алмай қалды. Ал бұл бір кәсібін сатып, жаңа кәсібін ашып, үнемі қозғалыста болатын ірі бизнес үшін қолайсыздық тудырады, адымын аштырмайды.

Биылғы тамызда Путин үкіметке шетелдегі ресейлік компанияларды тауып, оларға бақылауды қалпына келтіруге мүмкіндік беретін механизмді құруды тапсырды. Өйткені ресейлік алып компаниялар, миллиардерлер былтырдан бері шетелдік, оффшорлық құрылымдар арқылы бір жағынан, санкциядан жалтарудың, екінші жағынан соғысқа түрлі алым жинаған Кремльдің бақылауынан құтылудың саналуан схемасын іске қосты.  

Нәтижесінде, Қазақстаннан жерұйық іздеген ресейлік капитал ауқымы еселеп артуы мүмкін. Ақпарат құралдарының жазуынша, бүгінде Еуропада тіркелген күйде қалған аса ірі ресейлік шикізат және технологиялық компаниялар біздің елімізде қайта тіркелуді ойластырып жүр.  

Мысалға, Ros Agro алпауыт ауыл шаруашылығы фирмасы өзінің листингін Қазақстанға ауыстырды. Енді Кипрден көшіп келу бағытында жұмыс жүргізуде екен. Бұл туралы компанияның өзі хабарлады. Әйтсе де, егжей-тегжейін жария етпеді. Ros Agro ("Русагро" холдингінің) негізін қалаушы Вадим Мошковичтің өзі Еуропалық Одақтың санкциясына ілікті.

Өз кезегінде Астана қаржы орталығы қолданыстағы және жаңа санкцияларды мұқият қадағалайтынын, ол санкциялық шаралардың сақталуына қатаң бақылауды жүргізіп отырғанын хабарлады.

Дамыған елдердің санкцияларынан қашқан, Кремлдің соғысқұмар саясатын қолдайтын ресейлік компаниялардың біздің елімізді қалқан етіп, заңсыз тірліктерін Қазақстанда және Қазақстан арқылы шетелде жүзеге асыруына жол берілмегені маңызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу