Ресейлік туристер Түркияны сотқа бермек

6725

Ресей азаматтары авиакомпаниялардың өздерін рейстен түсіріп тастауы жиілегеніне наразы.

Ресейлік туристер Түркияны сотқа бермек Фото: canva.com

Солтүстік көршінің туристері Түркияның және авиакомпаниялардың үстінен Страсбург сотына шағымдануға ниетті.

Бұл туралы ресейлік ақпарат құралдары жазуда. Бірақ бір гәп бар. Санкцияға іліккен Ресейдің тұрғындарынан еуропалық соттар шағым қабылдамайды.

Оның үстіне санкциялар аясында Ресейдің Еуропалық Одақтың ортақ валютасы – еуроны пайдалануына тыйым салынған. Тиісінше, шетелде орныққан релоканттар болмаса, отанында қалған орыстардың Еуропаға төлемдері негізінен, өтпейді. Салдарынан, сотқа талап арыз түсіру, қорғаушы жалдау, алым-салықтарды төлеу және басқа шығындары қаржыландырылмайды.

Сарапшылар мәселенің тек өрши беруі мүмкін екенін қаперге салды. Проблема болса, шешілмей қалды.

Туризм саласына маманданған ресейлік "TourDom" порталының мәліметінше, Ресеймен арада визасыз режим орнағандықтан, әсіресе, Оңтүстік Америкаға саяхаттағысы келетін ресейліктерді рейстерге жібермей қою оқиғалары жаппай сипат ала бастады.  

Портал Оңтүстік Америка еліне сапарлауды жоспарлаған мәскеулік Павел Р-ның басынан кешкен оқиғаларын баяндады. Мәскеулік Уругвай мен Панамада тұрақтаған достарымен көрісіп қайтпақ болыпты. Арзандығына қызығып, ауысып отыратын күрделі маршрут бойынша авиабилет сатып алады.

Оған сәйкес, Мәскеу – Ыстамбұл (Түркия) – Сан-Паулу (Бразилия) – Монтевидео (Уругвай) – Панама – Ыстамбұл – Мәскеу бағытында бірнеше рет түсіп, қайта отыруға тиіс болған. Сапары 3 аптаны қамтып, 6 наурыздан 28 наурызға дейін созылуы керек еді.

"Ыстамбұл әуежайында ресейліктер күтпеген қиыншылыққа тап болды. Ыстамбұлдан Буэнос-Айреске дейін ұшып барып, сол жердегі әуежайда бразилиялық Сан-Паулуға бағытталатын рейске отыруым қажет еді. Алайда Буэнос-Айрес рейсіне отырғызардың алдында Ресейдің паспорттары бар барлық жолаушыларды бөліп алып, жеке кезекке тұрғызды. Арнайы қызметкерлер келіп, жеке құжаттарымызға ұзақ, мұқият үңілді. Жеке заттарымызды қопарып қарады. Өзге елдердің жолаушыларының көзінше жүргізілгендіктен, бұл процедура намысқа тиіп, қорлады. Қызметкерлер өзін дөрекі ұстады, бізге жиіркенішпен қарады. Мұның бәрі не үшін жасалып жатқанын түсіндіруден бас тартты", – деп ренішін білдірді Павел.

Ол тексерушілердің бірінің сөзін еске түсірді: "Сендер ресейлік паспорттарыңмен әлемді араламақ түгіл, ешқайда шықпай, Мәскеуде қамалып отыруларың керек!", – деген-мыс.

Ресейлік туристің айтуынша, сол жолы кем дегенде он Ресей азаматын рейске отырғызудан бас тартылыпты. Өзі де ұшаққа жіберілмеді.

Рейстен шеттетілген ресейліктердің бір бөлігі Оңтүстік Америкаға қырғыздың астанасы Бішкектен аттанған екен. Олар сол сапардан кейін туған еліне, Ресейге қайтуды жоспарлапты. Тиісінше, кері қайтатын билеттері де Мәскеуге ұшуды қарастырған. Тексерушілерге бұл ұнамапты, оның бірі "Бішкектен ұшқан соң Бішкекке оралуға тиістігін" түсіндірген.

"Біз негізгі заттарымыз, киімдеріміз салынған шабадандарымызды тапсырып қойған едік. Ұшу үшін қыруар қаржысын шығындаған, бірақ рейстен алып тасталған ресейліктер ақыр соңында екі ортада, Ыстамбұлда жеке жүгінсіз, тамақсыз, қонатын жерсіз қалды", – деп әңгімеледі зардап шеккен Ресей азаматтарының бірі.

Павелдің өзі Панамадан Мәскеуге ұшуды қарастыратын кері билетті Ыстамбұлдан Мәскеуге ұшуға ауыстыра алыпты. Бұл үшін 410 доллар қосымша ақы төлеуге тура келген.

"Мен достарыма қыдырып баруды көптен жоспарладым. Қаншама ресейліктер түрлі елдердің қалаларында қонақүйлердің бөлме ақысын төледі, көлік жалдады, экскурсиялық бағдарламаларды сатып алғандары да жетерлік. Оның бәрі босқа "жанып" кетті", – деп ашынады Павел Р.

Әділін айту керек, Мәскеуге кері қайтқан соң, жолаушыларына түрік әуе компаниясы өтемақы төледі. Ресейлік жолаушылар ренжіп қалса керек, оларды халықаралық сотқа бермек.

"Ресейліктерге мұндай көзқарастың туристерімізді ашындырғаны соншалық, олар тоқтамай, барлық инстанцияларға сұраулар мен шағымдар жолдауға кірісті. Ресей Сыртқы істер министрлігі де, Біріккен ұлттар ұйымының жанындағы Ресейдің тұрақты өкілдігі де тиісті хабарлама алды. Онда шетелде ресейлік азаматтардың құқықтары шектеліп, кемсітушілік көріп жатқаны айтылып, дерегі келтірілген. Рейстерге жіберілмеген ресейліктерге өз әуекомпаниялары бойынша топ-топқа бірігіп, Адам құқықтары жөніндегі Страсбург сотына ұжымдық шағыммен жүгінуге кеңес берілді", – деп мәлім етті "ТурДом" порталы.

Ресейлік ақпарат құралдары таяуда Ыстамбұлдан Аргентинаға аттанғалы тұрған ресейліктердің де рейске жіберілмегені туралы хабарлады.

Ресейлік журналист Елена Петрованың мәліметінше, 7 наурызда Ыстамбұл арқылы Аргентинаға ұшпақ болған 50 ресейлік ұшаққа жіберілмеген.

Бірақ сарапшылар мұндай қиғылық пен байбаламнан нәтиже шығарына сенбейді. Оған ресейліктердің өздері кінәлі деген байламға келді. Себебі, төл сайттарында авиакомпаниялар өзге өңірлерге, соның ішінде Оңтүстік Америкаға ұшатындарға ерекше талаптар қойып, регламенттейтін жаңа қағидаларды жариялады.

Бұрынғы жылдары ол ережелер негізінен, коронавирус пандемиясына және карантиндік шектеулерге байланысты болатын.

Енді негізінен, соғыстың салдарларына, босқындар тасқынына бола, туындап отыр. Мысалы, ақпарат құралдарының мәліметінше, Украинадағы соғысқа қатысқан жеке әскери компаниялардың өкілдері өзге елдерге еніп кетуге, пана іздеп, тығылуға тырысуда. Олар осы мақсатта жалған құжаттарды да пайдаланатын көрінеді.

Еуропа мен Оңтүстік Америка елдері бұған тосқауыл қоюға күш сала бастады.

Сондықтан ресейлік паспорт иелерінің бет-жүзіне өзге елдердің, соның ішінде Түркияның шекарашылары барынша мұқият, ұзағырақ үңіледі. Жүктерін де жіті тексереді. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігін, тұрақтылығын, тыныштығын қамтамасыз ету мақсатынан туындаған маңызды шаралар.

Ресейлік туристік агенттіктер де әуежайларда бұдан былай Ресей азаматтары қосымша тексерулерден өтетінін, тоғыспалы рейстерге (стыковочные рейсы) отырғызудан бас тартылуы мүмкін екенін ескертуде.  

Baza порталының дерегінше, әсіресе, кері қайтатын билеттері жоқтарға ерекше көңіл бөледі. Мысалы, сапарға 5 мың доллардан астам қаржысын шығындаған мәскеулік ерлі-зайыптыларды Буэнос-Айреске бағыт алған ұшаққа отырғызуға тыйым салынған.

Авиакомпаниялардың қызметкерлері қапаланған ресейлік жолаушыларға "оларды Аргентина билігінің өкімімен жіберуден бас тартылғанын" мәлімдеген. Алайда Аргентинадағы Ресей елшілігі жергілікті биліктің ресейліктерді қосымша тексеруге қатысты қандай да бір өкім шығарғанын растамапты.

"Мәселе Түркияның Ресейге көзқарасына байланысты болуы мүмкін. Сырттай қарағанда, Түркия мен Ресей арасында ештеңе өзгермегендей. Сол бұрынғыдай екі елдің достығы туралы сөздер айтылуда. Түркия орыстың энергетикалық ресурстарын молынан сатып алуда. Бірақ қарым-қатынастардың суығандығын білдіретін нышандар қордалана бастады. Мысалға, түріктің аса ірі Dörtyol мұнай терминалы Ресейден шыққан мұнайды қабылдауды доғарды. Тіпті мұнай партиясы бірде бір заңды, ережені, санкцияны бұзбаса да, терминал шығу тегі ресейлік өнім мен жүктерді қабылдамайтын болды", – деп мәлім етті Reuters.

Айта кетсек, бір ғана 2023 жылы бұл порт 11,74 миллион баррель қара алтын қабылдаған. Түркия 2023 жылы өзге барлық елдерден алған мұнай және мұнай өнімдерінен 7 есе көп көлемін бір ғана Ресейден тасымалдаған еді. Алайда Батыс елдерінің қысымымен, бұл жол жабылғанға ұқсайды.

Өйткені былтырғы қарашада Грекияның МӨЗ-іне Түркиядан жеткізілген мазуттың шынында ресейлік екені әшкереленіп, жанжал туындаған. Бұл портқа келген ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін тегіс Түркияның тұтынбайтыны, еш өңделместен, әрі қарай Еуропаға жолданатыны анықталды.

Қазіргі кезде АҚШ Ресейге қарсы санкцияларды айналып өтуге көмектесетін барлық елдер мен компанияларды тексеріп жатыр. Оның қорытындысында Америка Ресей серіктесі саналатын мемлекеттер мен ірі компанияларына қосарлама санкциялар енгізбек.

Dörtyol терминалы Ресейден теріс айналмағанда, санкцияға ілігіп, жабылып тынатын еді.

2024 жыл басталғалы, ресейлік клиенттермен және жеткізушілермен жұмыс істейтін түркиялық, қазақстандық және қытайлық банктердің саны да күрт кеміді.

Сол сияқты енді халықаралық авиакомпаниялар да ресейліктерге қатысты шамадан тыс сақтық танытып, аяғын аңдап басатын болса керек.

Ресейдің туристік компаниялары жазда шетелде демалғысы келетін ресейліктердің төлемі өтпей жатқанын мәлімдеді. Қонақүйлердің бас тарту деректері де жиілеген. 2023 жылы бір ғана Түркияда 6,3 миллион ресейлік тынығыпты.

РБК мәліметінше, АТОР туроператорлар қауымдастығы биыл қанша ресейліктің шетелде демалу мүмкіндігіне қол жеткізе алатыны белгісіз екенін жариялады. Салдарынан, ресейлік турфирмалар ұзақ не қысқа мерзімді перспектива түгіл, 2024 жылға жоспар құра алмай отырған көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу